Шошқаның жүрегін салдырған әлемдегі екінші адам қайтыс болды
Науқас медициналық орталыққа 14 қыркүйекте жүрек жеткіліксіздігі диагнозымен түсті.
АҚШ-та 58 жастағы Лоуренс Фосетт өзіне ота жасалғаннан кейін алты аптадан соң көз жұмды. Ол – шошқа жүрегі салынған әлемдегі екінші науқас. Turkystan.kz бұл туралы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Біз жүректің айықпас дертіне шалдығып, генетикалық түрлендірілген шошқа жүрегін трансплантациялау бойынша әлемде екінші ота жасалған 58 жастағы Лоуренстің қайтыс болғанын хабарлаймыз. 20 қыркүйекте ота жасатқан ол алты аптаға жуық уақыт өмір сүрді», - делінген хабарламада.
Науқас медициналық орталыққа 14 қыркүйекте жүрек жеткіліксіздігі диагнозымен түсті. Бастапқы кезде-ақ дәрігерлер оған дәстүрлі трансплантациялау әдістерімен ота жасауға болмайтынын мойындаған. Алайда 15 қыркүйекте АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы науқастың өмірін ұзартуға көмектесетін операцияға шұғыл түрде рұқсат берді.
Университет науқастың жүрегі трансплантациялаудан соң бірінші айда өте жақсы жұмыс істегенін атап өтті. Кейін ол физиотерапиядан өтіп, қайтадан жүруді үйренуге тырысты. Дегенмен, дәрігерлер соңғы күндері оның бойынан жүректі қабылдамау белгілерін байқап, ақыры ол қайтыс болды.