Жаңалықтар

Астанада Құран оқудан тұңғыш рет халықаралық жарыс өтіп жатыр

muftyat.kz

Әлемнің 30-ға жуық елінен 27 қари қатысып жатқан Құран жарысы екі күнге жалғасады.

Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұңғыш рет ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне орай І халықаралық Құран жарысы басталды, деп хабарлады turkystan.kz.

Республикалық бас мешітте өтіп жатқан халықаралық жарыс қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен ашылып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы дұға жасады. ҚМДБ Төрағасы оқылған Құран сауабын жуырда ғана Қарағанды шахтасында қаза тапқан азаматтардың, сондай-ақ Палестинадағы жазықсыз құрбандардың рухына бағыштады. Алла Тағаладан елге амандық, жер бетіне бейбіт заман тіледі.

Бұдан кейін қазақ даласына Ислам дінінің келуі жөнінде әзірленген арнайы бейнеролик көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алғысөз сөйлеп, қатысушыларды, құрметті қонақтарды құттықтады.

«Бүгін қазақ топырағында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне орай тұңғыш рет өткізіліп отырған І халықаралық Құран жарысының негізгі мақсаты – бабалар аманатына амал ету, Құран құндылықтарын әлемдік деңгейде дәріптеу, қасиетті кітабымызға құрмет көрсету мәдениетін қалыптастыру», – деді ҚМДБ Төрағасы.

Әлемнің 30-ға жуық елінен 27 қари қатысып жатқан Құран жарысы екі күнге жалғасады. Жарысты қазақ тілінде ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров пен араб тілінде Қажылық бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сырым Құрмаш жүргізуде.

Айта кетейік, Құран жарысы мүфтияттың төл «Munara TV» телеарнасынан, «Муфтият ҚМДБ» YouTube арнасынан, Діни басқарманың @muftiyatkz ресми инстаграм-парақшасынан тікелей эфир арқылы көрсетіліп жатыр.