Қоғам

«Отанымның ортасында жүре тұрсам»: ақын Жүрсін Ерман қазіргі жағдайы туралы айтты

Фото: ашық дереккөз

Ақын қазір шығармашылыққа көңіл бөлуге мүмкіндігі болмай жүргенін жеткізді.

Ақын Жүрсін Ерман «Таңшолпан» бағдарламасында қазіргі жағдайы, денсаулығы туралы айтты, деп хабарлады turkystan.kz.

Айтуынша, ол әлі күнге дейін емделіп жатыр.

«Ем-домды көп алдым. Бірақ әлі де шықпай жатыр. Қант диабеті деген бәлеге ұрынып қалдым. Бір жылдан асып кетті. Осы Алматыда, Астанада көп емделдім. Швейцарияға барып емделдім. Нақты нәтиже болмай тұр», - деді.

Ақын қазір шығармашылыққа көңіл бөлуге мүмкіндігі болмай жүргенін жеткізді.

«Қазір жазуды да қойып тұрмын. Өйткені жазуға да көңіл күй керек. Сау адамның көңіл күйі керек. Ол болмағаннан кейін жағдай қиын. Осы үйде отырамын. ...Аяғымды тең басып жүре алмайтын болып қалдым. Осыған да қанағат деп отырмыз. Алла саушылығын берсе, 4-5 жыл Отанымның ортасында жүре тұрсам дейді. Ойларымды айта тұрсам деймін, істейтін шаруаларымды тындыра тұрсам деймін. Енді оны Алла біледі», - дейді ол.