Жаңалықтар

50 млн теңге пара: Нұржан Әлтаев Абылай Мырзахметовтен ақша алғаны үшін айыпталып жатыр

ашық дереккөз

Н. Әлтаевт аса ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды.

Экс-вице министр Нұржан Әлтаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтіп жатыр, деп хабарлайды Turkystan.kz.

2018-2019 жылдар аралығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған азаматқа қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде ақша түрінде пара алу) бойынша айып тағылған.

«Нұржан Әлтаев 2018 жылдың ақпанынан 2020 жылдың шілдесіне дейін «Атамекен» ҰКП мүддесі үшін тиімді ресми шешім қабылдауға ықпалдасып, делдал арқылы Абылай Мырзахметовтен пара ретінде жалпы сомасы 50 млн теңгеден астам (115 мың АҚШ доллары және 8 млн 150 мың теңге) ақшалай қаражат алды деп айыпталып отыр, – деп жазылған Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты таратқан хабарламада.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2023 жылғы 7 маусымда Н. Әлтаевты аса ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұстады.

Н.Әлтаев 2018-2019 жылдар аралығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі бола тұра, жүйелі түрде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен пара ретінде ай сайын 50 000 АҚШ доллары мөлшерінде ақша қаражатын алып отырды деген күдікке ілінді.

«Алынған пара Нәтижелі жұмыспен қамтуға және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырысты алуға жәрдемдесуге, сондай-ақ Н.Әлтаев жетекшілік ететін салаларда Мырзахметовке жалпы қамқорлық және мүдделеріне лобби жасауға бағытталған, – делінген хабарламада.