Жаңалықтар

Орындалмаған жұмыс үшін ақша алған: 190 миллион теңгені жымқырған екі шенеунік пен ЖШС басшысына үкім шықты

ашық дереккөз

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Ақмола облысында 190 миллион теңгені жымқырған екі шенеунік пен ЖШС басшысына үкім шықты, деп хабарлады turkystan.kz облыстық сотқа сілтеме жасап.

Облыстық соттың мәліметінше, Целиноград ауданы құрылыс бөлімінің басшысы, «Еңбек Аршалы» РМК филиалының басшысы және ЖШС директоры бірігіп 190 миллион теңгеден аса бюджет қаражатын жымқырған. Бұл адамдар Қосшы қаласын электрмен қамту объектілерін салу жобасы бойынша орындалмаған жұмыстар үшін бюджет қаражатын жымқырған.

Сотта бөлім мен филиал басшылары кінәларын мойындамады, ал ЖШС директоры өз кінәсін ішінара мойындады. Дегенмен сотталушылардың кінәсі мемлекеттік сатып алу туралы шартымен, сараптама қорытындылары, жобалау-сметалық және бухгалтерлік құжаттармен расталды.

Сот үкімімен құрылыс бөлімінің бастығына 7 жылға, РМК басшысына 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстың ашылуына белсенді ықпал етіп, залалды ішінара өтегенін есепке ала отырып, ЖШС директорына шартты түрде 7 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалды, – деп жазылған сот хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.