Жаңалықтар

5 қант зауыты, элиталық мейрамхана, БАӘ-дегі вилла: олигарх Тілеубаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды

turkystan.kz

Н.Тілеубаевқа тиесілі 5 қант зауыты мен 58 нысан Проблемалық несие қорына берілді.

Қаржы мониторингі агенттігі «Delta Bank» АҚ ісіне қатысты тергеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлады turkystan.kz Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.

2012-2017 жылдар Н.Тілеубаев қайтарылмайтын несиелер беру арқылы Банктен қаражат шығарған. Тергеу кезінде Н.Тілеубаев пен оның туыстарына тиесілі мүлік анықталып, санкция салынды.

Оның ішінде Чехияның Прага қаласында орналасқан элиталық мейрамхана, төрт бөлмелі пәтер және 3 компанияның 100% акциясы, сондай-ақ БАӘ-дегі құны шамамен $5 млн болатын Palm Jumeirah орналасқан вилла бар. Сонымен қатар, Латвиямен ынтымақтастық аясында халықаралық тергеу кепілдігін жіберу арқылы Латвияда орналасқан «Вентспилс астық терминалының» 100% үлесі санкцияланды. Н.Тілеубаевқа тиесілі 5 қант зауыты мен 58 нысан Проблемалық несие қорына берілді.

Сот үкімімен Н.Тілеубаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Қазіргі уақытта Н.Тілеубаевтың және оның компанияларының заңсыз қызметінен зардап шеккендер қатарында «ҚазИнвестБанк» АҚ, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ және «БЖЗҚ» бар. Қаржы мониторингі агенттігі активтерді іздеу және қайтару бойынша жұмысты жалғастырып жатыр, – деді ҚМА Ресми өкілі Әлібек Әбділов.