Жаңалықтар

Мыңнан астам студент Президенттік стипендия иегері атанды

pixabay.com

Бакалавр студенттері үшін Президенттік стипендия мөлшері – 73 320 теңге, магистранттар үшін – 173 974 теңге.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бұйрығымен 2023 жылы Президенттік стипендия еліміздің 55 жоғары оқу орнында 1005 студент пен 7 магистрантқа тағайындалды.  

Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бакалавр студенттері үшін Президенттік стипендия мөлшері – 73 320 теңге, магистранттар үшін – 173 974 теңге.

ҚР Президенті стипендиясының мақсаты – білім алушылардың ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық қызметін ынталандыру, неғұрлым дарынды және қабілетті студенттер мен магистранттарды қолдау, сондай-ақ зияткерлік әлеуетті қалыптастыруға жәрдемдесу. Стипендиаттар үшін іріктеудің негізгі критерийі – тек «өте жақсы» (А, А -) оқу.

Сондай-ақ студенттер мен магистранттардың республикалық және халықаралық олимпиадалардағы, шығармашылық конкурстардағы, спорттық жарыстардағы, фестивальдардағы жетістіктері ескеріледі.

Сонымен қатар ашылулар мен өнертабыс авторлары, ғылыми еңбектер жинағында, республикалық және халықаралық ғылыми журналдарда жарияланымдары бар білім алушылар, жетістіктері дипломдармен, грамоталармен, сертификаттармен, куәліктермен расталған, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді айналысатындар, білім беру ұйымдарының қоғамдық, мәдени және спорттық өміріне қатысатын білім алушылар стипендия иегері бола алады.

Президенттік стипендия 3 курстан бастап күндізгі бөлімде оқитын студенттерге және екінші курстан бастап магистранттарға тағайындалады.