«Самұрық-Қазына» қоры алты айлық сәбидің жанарына сәуле сыйлады...
Жыл басынан бері «Samruk-Kazyna Trust» қоры Қазақстанның түкпір-түкпірінен 60-қа тарта баланың шетелдегі емін қаржыландырды.
Атыраулық Асылай Қаламғали – жүктіліктің 27 аптасында дүниеге келіп, шала туылған нәресте. Салдарынан екі көзі бірдей көрмей қалған. Баланың қос жанарын шетелде күрделі ота жасау арқылы ғана аман сақтап қалу мүмкін еді. Сәбидің шет елдегі отасын «Samruk-Kazyna Trust» қоры қаржыландыратын «Балаларға өмір сыйла» атты жобасы толықтай көтерді. Нәрестенің анасы қор қолдау көрсетпегенде Асылайды Ресейге апаруға мүмкіндіктері де шамалары да болмағанын айтады.
«Декретке дейін бухгалтердің көмекшісі болып жұмыс істедім, ал күйеуім экспедитор-жүргізуші болып қызмет етеді. Шетелде шұғыл түрде операция қажет болғанда, не істеп, қайда баратынымызды, ақшаны қалай жинайтынымызды білмедік. Бірақ «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қорының арқасында тамыз айында Екатеринбургте Асылайдың екі көзіне ота жасадық. Қазір қалпымызға келіп жатырмыз, қызым көре бастады. Алты айлық болса да, өте ширақ, ойнағанды және таза ауада серуендегенді ұнатады. Сонымен бірге денсаулығын жақсартып жатырмыз. Енді келесі жылдың қаңтарында оң көзге операция жасатып, жанарын толығымен қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз», – дейді анасы.
Жыл басынан бері «Samruk-Kazyna Trust» қоры Қазақстанның түкпір-түкпірінен 60-қа тарта баланың шетелдегі емін қаржыландырды. Түрлі дертке шалдыққан балаларға Ресей, Үндістан және Түркия клиникаларында күрделі операциялар жасалды.
«Қазақстанда емге мұқтаж бала саны артып келеді. Біздің Қор Қазақстанда диагнозы емделмейтін балаларға қол ұшын береді. 10 айдың ішінде 73,9 млн теңге сомасына 56 баланы шетелге емдеуге жібердік. Мақсатымыз – балалардың мүгедектігін алдын алып, өмір сүру сапасын жақсарту», – деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қорының Бас директоры Альфия Адиева.
Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры биыл жалпы сомасы 5,9 млрд теңгеден асатын 41 жобаны жүзеге асыруда.