Талдықорғанда Президент келерде ғана төселген асфальт бір ай болмай жатып опырылып түсті
Мемлекет басшысы Жетісу өңіріне 27 қазанда барған болатын.
Талдықорғанда Президент келерде ғана төселген асфальт бір ай болмай жатып опырылып түскен, деп хабарлайды turkystan.kz krisptdk-ға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Жетісу өңіріне 27 қазанда барған болатын. Президент өңірдегі бірқатар мәдени, туристік және өндірістік нысанды, бірнеше ауылды аралаған. Бірақ жергілікті тұрғындар жолдың бір айға да жетпей, опырылып түскенін айтып шағымданған.
"Президентпен бірге жаңа асфальт та "кетті". Көзбояушылық, өтірікпен өмір сүріп келеміз. Бұл ғана емес, Тоқаев кетіп еді, жылу, ыстық су мәселесі қайта мұңға айналды", – деп шағымданды тұрғындар.
Бұл сынға өңірдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы жауап беріп, Абай көшесіндегі жылу магистралін қалпына келтіру жұмыстарымен "Толағай-2050" кәсіпорны айналысып жатқанын хабарлады.
“Биыл "Толағай-2050" ЖШС мердігерлік ұйымы Абай көшесіндегі (Гаухар ана көшесінен Қабанбай батыр көшесіне дейін) жылу трассасын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Кейін асфальт төселді. Келеңсіз жағдай топырақтың тығыздалуынан болған. "КабыланЭксперт" ЖШС техникалық қадағалауымен 2023 жылдың 1 қарашасына дейін "Толағай-2050" ЖШС мердігер ұйымы өз қаражаты есебінен жолды қалпына келтіреді”, – делінген хабарламада.
Дегенмен неліктен жол сапасыз болды деген сұраққа әкімдік те, мердігер компания да жауап бере алмады.