Жаңалықтар

Астанадағы апат: 100 мың адам жарықсыз, сусыз отырды

Halyq Uni

Апаттың салдары 5 сағатта жойылды.

Кеше түнде Астана қаласының бірқатар аудандары жарықсыз, сусыз қалды. Апатты жағдайға №2 жылу электр орталығындағы қысқа тұйықталу салдарынан электр өндіру қуатының төмендеуі себеп болды, деп хабарлайды Turkystan.kz.

Бүгін мәселенің мән-жайы түсіндірілді.

Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов мәлімдеме жасады.

«Электр қуатының 30 минут болмауы көп уақыт. Астанада жарық тұтынатын 500 мыңнан аса абонент бар. Соның шамамен 100 мыңы жарықсыз қалды. Қаланың 20%-ы электр қуатынсыз қалды. Барлық шара қабылданды», – деді комитет төрағасы.

С.Есімханов апаттық жағдайға байланысты комиссия құрылатынын жеткізді.

«Комиссия апаттың себебін анықтайды. Комиссия құрамына барлық мүдделі мемлекеттік орган мен сарапшы енді. Комиссия жұмысты 10 күннің ішінде аяқтайды. Қорытындысын жариялаймыз», – деді комитет төрағасы.

Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов  29 қазан күні кешке қаланы электр қуатымен қамтамасыз ететін 10 қосалқы станция істен шыққанын жариялады.

«Астананың оң жағалауы жарықсыз қалды. 23:00-де әуежайдағы қосалқы станция іске қосылды. Сағат 23:10-де «Бәйтеректегі» қосалқы станция қалыпты жағдайда жұмыс істей бастады.Түнгі 2:00-дейін барлық қосалқы станция толық қуатына кірісті», – деді Н. Нұркенов.  

Оның сөзінше, №2 жылу электр орталығында техникалық ақау болмаған. Апатты жағдай электр желісінің үзілуінен туған.

«Кабель үзіліп, шкафтардың бірі жанған. Бұл штаттан тыс жағдай. Апаттың салдары 5 сағатта жойылды. Түнгі сағат 2-де барлық абонентке электр қуаты берілді», – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

Ол қаланың оң жағалауындағы кейбір әлеуметтік нысандарда, оның ішінде медицина мекемелерінде жарық болмағанын растады.

«Төтенше жағдай кезінде жансақтау және операциялық блоктарда дизель-генераторлар жұмыс істейді. Медициналық мекемелердің қызметіне қауіп төнген жоқ», – деді Н. Нұркенов.