Ақтөбеде асық атудан Қазақстан кубогі басталды
Бүгін Ақтөбе қаласында Асық атудан ересектер арасында Қазақстан кубогы басталды. Аталған жарыс 1 қарашаға дейін жалғасады.
Қазақстан кубогіне Астана, Шымкент, Ақтөбе қалалары мен Қостанай, Павлодар, Ұлытау, Жамбыл, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарынан жиналған 100-ден аса спортшы қатысады. Ерлер асық атудан жарысса, әйелдер бес асықтан бақ сынайды.
Дүбірлі доданың ашылу салтанаты ҚР Асық ату федерациясының президенті Аслан Сұлтанов пен ҚР Асық ату федерациясының атқарушы директоры Жомарт Сабыржановтың қатысумен өтті.
Асық ату федерациясының президенті Аслан Сұлтанов турнирдің ресми ашылуында сөйлеген сөзінде: «Федерация ұлттық спортты дамытуға күш салып келеді. Жеке өз басым жаңадан сайланған басшы ретінде осы істі зерттеп-зерделеп, жан-жақты жұмыс жүргізуге кірісіп кеттім. Алдағы уақытта, яғни биылғы жылдың соңына дейін және келесі жылы іске асыратын нақты жобаларымыз бар. Ал бүгінгі жарысқа қатысатын барлық спортшыға сәттілік тілеймін», – деп мәлімдеді.
Қазақстан кубогіндегі жеңімпаз командалар үшін қаржылай сыйақы қарастырылған.
Сонымен қатар, жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Туризм және Спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері Комитетінің кубогімен, дипломдарымен және медальдарымен марапатталады.