Спорт

«Әкем күміс медаль алған сайын, екі есе ұратын»: Еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан спортқа қалай келгенін айтты

kazwrestling_official

«Папа, ұра бермеңізші» деп айтатынмын. Сол кезде «Жоқ, сені осылай тәрбиелеймін. Сенің намысың, сенің қайсарлығың осылай шынығады. Саған тәрбие беремін» деп айтатын»

Еркін күрестен Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпион атанған Ризабек Айтмұхан Jibek Joly телеарнасынан шығатын «Жақсы адамдарым» бағдарламасында спортқа қалай келгенін айтты. Ол еркін күреспен тіпті де айналысқысы келмегенін, алайда әкесі қаталдық танытып, күрес үйірмесіне мәжбүрлеп апарғанын айтып жеткізді.

«Бұл спортқа мені әкем ертіп әкелді. Өзі де күреспен айналысқан. Басында күреске барғым келген жоқ. Футбол ойнағанды ұнаттым. Күресемін деп ойлағам да жоқ. Әкем қинап апарды. Жылатты. Ұрды. Алғашында күміс медальдар болды. Күміс алған сайын екі есе ұратын. «Папа, ұра бермеңізші» деп айтатынмын. Сол кезде «Жоқ, сені осылай тәрбиелеймін. Сенің намысың, сенің қайсарлығың осылай шынығады. Саған тәрбие беремін» деп айтатын. Спортқа деген махаббатым, құштарлығым әкемнен жұқты деп айтсам болады», – дейді әлем чемпионы.

Еске сала кетейік, қыркүйек айында Сербия астанасы Белградта күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында еркін күрес шебері Ризабек Айтмұхан чемпион атанған болатын. 92 келіге дейін белдесетін Ризабекке дейін еркін күрес балуандарынан ешкім алтын жүлде ала алмай жүрген еді.