Жаңалықтар

«Жастар рухы»: Вандализмге жол жоқ!

«Жұмбақтас», «Таңбалы тас», «Ақбауыр» шатқалы қоқыстан тазартылды.

«Жастар рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары Ақерке Искандерова turkystan.kz тілшісіне рухани құндылықтарды қастерлеу үшін ішкі мәдениетті қалыптастыру және дамыту қажет екенін айтты.

Оның сөзінше, елімізде вандализм мәселесі өзекті болып тұр. Салдарынан мәдени нысандар мен сәулет құрылыстары зардап шегуде.

А.Искандерованың айтуынша, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенді жастары Отанға деген сүйіспеншілікті сөзбен емес, іспен дәлелдеуге тырысып келеді.

Оның сөзінше игі іс еліміздің өзге өңірлерінде жалғасын тапқан.

А.Искандерованың сөзінше, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері мен еріктілері ескерткіштерді, ұлттық саябақтар мен тарихи орындарды қоқыстан тазарту жұмысын жалғастыра береді. Өңірлерде арнайы орындар таңдап алынып, экологиялық акция жалғасын табады. Бұл бастама тек акция немесе сенбілікпен шектелмей, ауқымы үлкен кешенді шараға ұласады.

Айта кетейік, биыл 3 қаңтарда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжатта вандализм қылмыстық бабының диспозициясы анықталды және нақтыланды (Қылмыстық кодекстің 294-бабы), оның нормалары «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес келтірілді.

Сондай-ақ осы құқықбұзушылықтар үшін санкциялардың төменгі шегі белгіленді.

Енді заң бұзушыға ең төменгі сома – 172 мың теңге немесе 50 АЕК қаралған.

Екіншіден, бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді (ӘҚБтК-нің 147-1-бабы), яғни залал 200 АЕК-тен (690 мың теңге) аспайтын жағдайда.

Үшіншіден, ұсақ бұзақылықтың әкімшілік бабының (ӘҚБтК-нің 434-бабы) диспозициясына «көліктегі мүлікті қасақана бүлдіру немесе өзге де қоғамдық орындарда», сондай-ақ оның құқықбұзушылықтары үшін санкциялар ұлғайтылды.