Жаңалықтар

Ақтөбе облысында жол апатынан шетел азаматтары көз жұмды

polisia.kz

Екі жолаушы әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.

Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан шетелдік азаматтар ажал құшты, деп хабарлады turkystan.kz.

Polisia.kz сайтының мәліметінше, оқиға 29 қазанда Самара – Шымкент автожолының 606-шақырымында болған.

Kia Rio автокөлігінің 34 жастағы жүргізушісі, Тәжікстан Республикасының азаматы Батыс Қазақстан облысы жағынан Ақтөбе облысының Қобда ауылына қарай келе жатқан Өзбекстан Республикасының 31 жастағы азаматының басқаруындағы Chevrolet Captiva автокөлігімен соқтығысқан.

«Апат салдарынан екі жүргізуші және Chevrolet Captiva жолаушысы оқиға орнында қаза болды. Сондай-ақ екі көлік құралының екі жолаушысы әртүрлі жарақаттармен Қобда аудандық ауруханасына жатқызылды», – делінген хабарламада.

Жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция департаменті көлік жүргізушілерін жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.