Адамдар есінен танып жатты: Англияда конькидің жүзі мойнын тіліп кеткен хоккейші қаза тапты
Алғашында дәрігерлер көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізген, кейіннен ойын тоқтатылып, көрермендер үйіне қайтарылған.
Қарсыласының конькиінің жүзі мойнын тіліп кеткен хоккейші қаза тапты. Қайғылы оқиға Ұлыбританияның Үлкен хоккей лигасында “Ноттингем Пантерс” пен “Шеффилд Стилерс” арасындағы матч кезінде болған, деп хабарлады turkystan.kz BBC-ге сілтеме жасап.
“Ноттингем Пантерс” шабуылшысы Адам Джонсон ойын кезінде қатты жарақат алған. Оның мойнын конькидің жүзі тіліп кеткен. Алғашында дәрігерлер көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізген, кейіннен ойын тоқтатылып, көрермендер үйіне қайтарылған. Одан соң ойыншының қаза тапқаны туралы хабар берілді.
"Өте қорқынышты болды. Адамдар жылап, есінен танып жатты", – дейді куәгерлердің бірі.
1994 жылы АҚШ-тағы Хиббингте (Миннесота штаты) дүниеге келген шабуылшы Джонсон өзінің кәсіби мансабын американдық хоккей лигасында бастаған. Джонсон 2023/24 маусымына пантерлерге қосылмас бұрын Швеция мен Германияда да ойнаған.