Қоғам

Бүгін – Роза Рымбаеваның туған күні

Фото: sputnik.kz

Әнші 66 жасқа толды.

Бүгін – әнші, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Роза Рымбаеваның туған күні, деп хабарлады turkystan.kz.

Роза Рымбаева 1957 жылы 28 қазанда Семей облысы Жарма ауданы Жаңғызтөбе станциясында теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы Алматы театр-көркемөнер институтын бітірген. Эстрада әншісі (сопрано), педагог, профессор.

Қазақcтанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қырғызстан мен Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі. 1976 жылдан  «Гүлдер» республикалық эстрадалық-жастар ансамблінің мүшесі. 1979 жылдан Қазақ мемлекеттік «Қазақконцерт» бірлестігінің әншісі.

«Парасат» орденімен марапатталған. «Эстрада жұлдызы» аталымында «Жыл адамы» (2000) атанған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, «Өмірді әнмен өрнектеп» телевизиялық конкурсының, Бүкілодақтық жас орындаушылар конкурсының лауреаты. «Алтын Орфей», «Сопот-77», «Алтын микрофон» фестивальдарының Гран-при иегері.

Әнші халық арасында киноактриса ретінде де танымал. Ол «До свидания, Медео» фильмінде басты рөлді сомдады әрі «Первая песня» фильмі, «Женский взгляд», «Роза Рымбаева», «Роза», «Хвост кометы», «И снова здравствуйте!» деректі фильмдеріне түскен.