Қоғам

Жетісу облысында жол апатынан бір адам қаза тауып, үшеуі жарақат алды

Фото: yk-news.kz

Полицейлер жол апатының мән-жайын анықтап жатыр.

Жетісу облысында жол апатынан бір адам қаза тауып, үшеуі жарақат алды, деп хабарлады turkystan.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жол-көлік оқиғасы Алакөл ауданында 27 қазанға қараған түні болған. Алматы – Өскемен тас жолының 507-шақырымында Toyota Gracia көлігінің 26 жастағы жүргізушісі рөлді басқара алмай, автокөліктің аударылуына жол берді. Оқиға орнынан Үшарал қаласындағы ауруханаға түрлі жарақаттармен жүргізуші мен 1965, 1988, 2001 жылы туған үш әйел жеткізілді. Олардың бірі реанимация бөлімінде қайтыс болды.

Полицейлер жол апатының мән-жайын анықтап жатыр. Аталған факті бойынша қажетті сараптамаларды тағайындай отырып, ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігінде көзделген тергеу амалдары басталды.

Жалпы, биыл Жетісу облысы арқылы өтетін Алматы – Өскемен автожолының учаскесінде 80 ЖКО болған. Онда 50 адам қаза тауып, 160-тан астам адам түрлі жарақат алды. Өңір полициясы жүргізушілерді автожолдарда қырағылықты күшейтуге, жылдамдық режимін қатаң сақтауға шақырады.