Жаңалықтар

«Не күтіп тұрғанын білмедім»: Әли Оқапов барлық марапатынан бас тартты

Instagram/aliokapov

Оның айтуынша, әртіс үшін халықтың қошеметінен жоғары марапат жоқ.

Белгілі әнші Әли Оқапов желідегі даудан кейін барлық марапатынан бас тартты. Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында мәлімдеді. 

«Соңғы кездері қызу талқыланып жатқан нәрселерді байқамағандай кейіп таныта алмаймын. Осы видео арқылы мен 32 жылда алған барлық музыкалық телеарналардың премиясынан радиолар, қоғамдық ұйымдар, жеке жобалар, жалпы барлық марапаттарымнан бас тартуды шештім. Мұны баяғыдан-ақ істегім келген. Себебі менің балама жеке бөлмесі керек, ал енді әлгі ауыр темірлерді (марапаттары-еск.) алып тастауға болады.

Мемлекеттік марапаттарға қатысты: наградаларда Қазақстанның мемлекеттік символикалары бар. Марапаттарды қайтару туралы заңды оқыдым, бірақ ештеңе таппадым. Ондай норма жоқ. Меніңше, олай ешкім де істеген жоқ. Сондықтан ол наградаларға қатысты құзырлы органдардың шешімін күтемін. Қандай шешім шықса, солай істеймін. Яғни менен талап етілетін нәрсенің бәрін істеуге дайынмын», - дейді әнші.

Сонымен қатар, Әли Мәдениет министрлігіне алғыс айтты.

«Марапат беруге атсалысқан адамдарға алғыс айтамын. Мен ештеңе сұраған жоқпын, мен тіпті білмедім. Маған ертең марапаттауға келуім керегі туралы түнде хабарлады. Марапаттауға келген кезде де не күтіп тұрғанын білмедім. Жалпы, әртіс үшін халықтың қошеметінен жоғары марапат жоқ деп ойлаймын. Мен бақытты адаммын. Менің отбасым, музыкам, тыңдарманым бар.

Мен ең үлкен марапатымды 17 ақпанда – әке атанған кезімде алдым. Сол атқа лайық болуға тырысамын. Жалпы, егер біреуді ренжіткен болсам, кешірім сұраймын. Бұлай болғанын қаламадым», - дейді әнші.

Еске салcақ, Республика күні қарсаңында Әли Оқапов «Құрмет» орденінің иегері атанған болатын.