ЖҰЛДЫЗДАР ҰЗАҚ ЖАНСА ЕГЕР...

ЖҰЛДЫЗДАР ҰЗАҚ ЖАНСА ЕГЕР...

ЖҰЛДЫЗДАР ҰЗАҚ ЖАНСА ЕГЕР...
ашық дереккөзі
Бокс – қазақ үшін бірінші нөмірлі спорт түрі. Құдайға шүкір, дүбірлі додаларда сенген серкелеріміз құрқол қайтып көрген емес. Сонау Шоқыр Бөлтекұлы негізін қалап, Серік Қонақбаевтар биік деңгейге көтерген қазақ боксымен бүгін әлем санасуға мәжбүр. Василий Жиров, Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиевтер ұлт айбарына айналған. Кәсіби бокста Марат Мәзімбаев, Бейбіт Шүменовтер кезінде чемпиондық атаққа қол жеткізсе, бүгінде Геннадий Головкиннің, Қанат Исламның қарқыны қатты. Ірі спорт державасы саналатын Қазақстанның жасөспірімдер, жастар, ересектер құрамалары да ойып тұрып алған өз орнына ие. Бірақ, бұл проблемалар жоқ деген сөз емес. Егер әлем боксындағы орнымызды сақтап, одан әрі өрлегіміз келсе, жасөспірімдерге ерекше назар аударуымыз қажет секілді. Жасыратыны жоқ, жасөспірімдер әлем чемпионаттарында ересектерден де жақсы нәтиже көрсетіп жататын кездер де кездесіп қалады. Дарынды жасөспірімдер жетерлік. Алайда, мәселе олардың ересектер боксына еркін араласып кете алмауында боп тұр. 2003 жылы Будапештте өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Еркебұлан Жұманбаев (54 келі), Елдар Әбдірайымов (66 келі), Мұхтар Қиясов (70 келі) сияқты үш бірдей боксшымыз чемпиондық тұғырға көтерілген болатын. Бірақ, бұл үш саңлақтың ешқайсысын үлкен додаларда көре алмадық. 2005 жылы Ливерпульде өткен әлем чемпионатында Олжас Сәттібаев (46 келі) пен Данияр Тоқбаев (50 келі) құрама қоржынына алтын медаль салды. Кейін алғашқысының жолы болып, жастар арасындағы әлем чемпионатында күміске қол жеткізді: Азия чемпионы атанып, еліміздің бетке ұстар боксшыларының біріне айналды. Ал Даниярдан көз жазып қалдық. Жандос Мұқанов (60 келі) – 2007 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатының жеңімпазы. Бұл боксшы кезінде өзінің мықты техникасымен көрермендер алғысына бөленген еді. Өкінішке орай, оның да спорттағы ғұмыры осымен аяқталды. Астана төрінде өткен 2011 жылғы әлем чемпионатында жұлдыздай жарқ етіп, құрамамыздың қоржынына жалғыз алтын медальді салған Бекжан Кібітқалиев (54 келі) боксты мүлде қойып кеткен сыңайлы. Екі-үш жыл бұрын іздегенімізде әскерге кеткенін естігенбіз. Кейінде бір іздестіріп, туысқандарымен хабарласқанымызда мардымды жауап ала алмадық. Сөйтіп оның жетістікке жете тұрып, спорттан неге кеткенінің себебін анықтау мүмкін болмады... Бұл тек «жауға шаппай жайрап жатқан» чемпиондардың тізімі. Ал жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарында екінші орынды алып, тасада қалып қойған Асхат Жақыпбеков, Мұхтар Руызбаев, Нұрлан Нарбаев, Ермек Серіков, Ерлан Сейдәлиев, Бағдат Уайдаев, Талғат Байтілеуов, Ерболат Сейдәлиев, Дидар Төлеген, үшінші орынды алып елеусіз қалған Міржан Жақсылықов, Евгений Егембердиев, Асхат Сыдықов, Азамат Қарлығашев, Нұрлан Таласбаев, Бақытжан Қожабеков, Қанат Мақатов, Василий Черников, Сәкен Садыров, Нұрболат Мәсенов, Мирхан Өзін, Айғали Ерәлиев, Мұқаш Түлкенов, Нұрсұлтан Абылаев, Ерасыл Сейфолданов, Аян Қалыбаев, Қайыргелді Дәуітов, Асқар Дүйсалы секілді өрендер белгісіз себептермен өз мүмкіндіктерін толық көрсете алмады. Егер азғана назар аударылып, тәрбиеленгенде бұлар құрамамыз үшін дайын спортшылар емес пе еді? 2001-2011 жылдар аралығында өткен әлем чемпионаттарында жүлдемен оралған осындай жастар қараусыз қалды. Ал 2013 жылы Киевте өткен әлем чемпионатында алтын алған Рахат Мыржықбаев (66 келі), күміс алған Қадырбек Садықбек (70 келі), қола алған Әлімжан Бескемпір (46 келі), Серік Теміржан (48 келі), Стоян Мазур (50 келі), Дмитрий Зиско (+81 келі) деген өрендердің тағдырлары белгісіз болып қалды... Тек осы жарыста алтын алған екі спортшының бірі (57 келі) Абылайхан Жүсіпов қана қазір ұлттық құрама сапында. Сол секілді 2014 жылы Болгарияның астанасы София қаласында өткен әлем чемпионатында осы Абылайханмен бірге 49 келі салмақта топ жарған Шалқар Айхынбай және сол жарыста 48 келі бойынша қола медальдің иесі болған Серік Теміржанов секілді боксшылардың биыл ұлттық құрама сапына енгенін естіп, талантты жастардың бағы жанып жатқанына риза болып отырмыз. Бұл да болса қазақ боксындағы оңды өзгерістердің басы болса керек. Сонымен, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан құрамасына енген боксшыларымыз мыналар: 49 кг: Теміртас Жүсіпов, Ержан Жомарт, Шалқар Айхынбай; 52 кг: Азамат Исақұлов, Әнуар Мұзапаров, Азат Махметов; 56 кг: Қайрат Ералиев, Нұрбол Қалжанов, Ілияс Сүлейменов, Жанболат Қыдырбаев; 60 кг: Әділет Құрметов, Закир Сафиуллин, Серік Теміржанов; 64 кг: Бекдәулет Ибрагимов, Қуан Қуатов, Ділмұрат Міжітов, Аян Қалибеков; 69 кг: Данияр Елеусінов, Аблайхан Жүсіпов, Илья Очкин, Садриддин Ахмедов; 75 кг: Әбілхан Аманқұл, Тұрсынбай Құлахмет, Ерік Әлжанов, Бек Нұрмағанбет; 81 кг: Әділбек Ниязымбетов, Жәнібек Әлімханұлы, Нұрдәулет Жарманов, Бекзад Нұрдәулетов, Шаймұрат Құсайынов; 91 кг: Василий Левит, Антон Пинчук, Арбек Абдуғаниев, Серік Мұсаділов; +91 кг: Иван Дычко, Қамшыбек Құнқабаев, Нұрлан Сапарбай, Олжас Букаев. Жасыратын несі бар, қазір көп жағдайда дарынды кемсітіп, пысықты ұлықтайтын заман емес пе? Көп мәселені төбеден түскен нұсқау шешетін шығар. Дегенмен ел намысы, ұлттың абыройы бәрінен жоғары тұруы тиіс. Бүгінгі даңқты командамызда ұрпақтар алмасуы кезінде өкініштен бармақ тістеп қалмау үшін жастардан шығып жатқан талантты боксшылардың жұлдыздары ұзағырақ жанса екен деп тілейміз.