Жаңалықтар

Ақтөбеліктер Республика күнін айрықша атап өтті

ашық дереккөз

Биыл Ақтөбе облысы Республика күні ерекше атап өтті.

Биыл Ақтөбе облысы Республика күні ерекше атап өтті. Мерекеде ақ­тө­­бе­ліктер баспаналы болып, облыста бір­қатар әлеуметтік нысандар ашылды. Сон­дай-ақ еліміздің, оның ішінде өңір­дің дамуына үлес қосып, өз саласында жемісті еңбек етіп жүрген азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды.  

Есет батырдағы қос қуаныш

Республика күнінде әлеуметтік осал топ санатына жататын ақтөбеліктер бас­па­налы болды. Есет батыр тұрғын алабынан салынған 9 қа­­батты 265 пәтерлік жаңа үй әлеуметтік са­нат­тары бойынша мемлекеттік тұрғын үй ке­­зегінде тұрған, ақтөбеліктерге берілді. Олар­­дың қатарында жетім балалар, мүмкін­ді­гі шектеулі жандар және толық емес отба­сы­лар бар. Тұрғындарға пәтер кілттерін Ақтөбе қа­ла­сының әкімі Азамат Бекет табыстады.  Шаһар басшысы биыл жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған, әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға 600-ден астам үй берілетінін, соңғы жылдары қала аумағында тұр­ғын үйлер қарқынды түрде салынып жат­қанын жеткізді.  – Мерекеде баспаналы болып, қоныс тойын тойлап жатқан азаматтарға қуа­ныш­та­рыңыз құтты болсын демекпін. Өздеріңіз бі­лесіздер, бүгінде Ақтөбе қаласындағы Ба­тыс-2 және Есет батыр шағын аудандарында жыл санап тұрғын үйлердің саны артып ке­ле­ді. Бұл дегеніміз – алдағы жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарымыз баспана­лы болады деген сөз. Мәселен, биылғы жыл­дың өзінде 600-ден астам адамға пәтер беруді жос­парлап отырмыз.  Ал бүгінгі пайдалануға беріліп отырған 9 қа­батты 265 пәтерлік үй – жақсы жаңалықтың бас­тауы. Ұлық мерекеде баспаналы болу – бұл зор қуаныш. Сондықтан баршаңызды осы қуа­­­ныштарыңызбен құттықтай отырып, әр шаңыраққа береке-бірлік, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін, – деді Азамат Бекет. Мерекеде қоныс тойын тойлап жатқан­дар­дың бірі – Жанаргүл Иманбаева. Ол 2009 жы­лы жетім бала санаты бойынша тұрғын үй алу үшін кезекке тұрған. Ол баспаналы болу­ды көп жылдан бері армандап келе жатқанын жет­кізді.  – Бүгін, міне, Республика күнінде үлкен қуа­нышқа кенеліп жатырмыз. «Отбасы – ша­ғын мемлекет» демекші, өз алдымызға бас­паналы болып, қоныс тойын тойлап жатыр­мыз. Осындай мерекеде бізге қолдау танытып, ыстық ықыласын білдіріп жатқан азаматтарға алғысым шексіз. Отбасында жолдасым екеу­міз үш бала тәрбиелеп отырмыз. Осыдан 15 жыл­дай бұрын тұрғын үй кезегіне тұрған едім. Бүгін, міне, пәтер кілтін алдық. Қуаны­шы­мызда шек жоқ, –деді.   Ақтөбе қаласы әкімдігінің берген дерек­те­ріне сүйенсек, соңғы екі жыл ішінде Ақтөбе қа­ласында тұрғын үй кезегінде тұрғандарға 210 пәтер берілген. Оның ішінде кезекте тұр­ған көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жан­дар, толық емес отбасылар қамтылған. Ал жал­пы өңірде тұрғын үйге мұқтаждар есе­бінде тұрған 27 968 адам бар.  Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бө­лімінің басшысы Жандос Әлімовтің айт­уын­ша, оның ішінде 12 мыңға жуығы – ха­лық­тың әлеуметтік осал тобына жататын аза­­маттар. Сондай-ақ мерекеде Есет батыр тұрғын ала­бында «Чемпион» жекеменшік спорт ке­ше­ні пайдалануға берілді. Бұл кешен осы ау­мақ­тағы тұрғындардың, жастардың спортпен шұ­ғылдануына жағдай жасап отыр. Мұнда ка­ратэ, еркін күрес, күрес түрлерінен секция­лар жұмыс істейді. Айына шамамен 600 баланың жаттығуына мүмкіндік жасалған. 

Газ берілді, кешен ашылды

Республика күнінде Ақтөбе облысын­да­ғы қос ауданда әлеуметтік нысандар пай­далануға берілді. Мәселен, Мәртөк ауда­ны­н­дағы Қаратоғай ауылында бой көтерген ауылдық клубтың лентасы қиылды. – Бұл мәдениет үйі 150 орынға арналған. Бұрынғы ауылдық клубтың 1975 жылы бой кө­тергенін және оның ескіргенін алға тартқан ауыл тұрғындары жаңа клуб қажет екенін ай­тып, аудан әкіміне бірнеше мәрте жүгінген бо­латын. Мәселе шешіліп, міне, мерекеде жаңа клуб пайдалануға беріліп отыр. Бұл ны­санды салуға аудандық бюджеттен 106,4 мил­лион теңге бөлінді, – дейді Мәртөк аудан­дық Ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі­нің басшысы Жандарбек Елібаев. Аталған ауданда мереке қарсаңында спорт кешені де ашылды. Жаңа нысан Род­ни­ков ауылында салынған. 2022-2023 жылдары жүр­гізілген құрылыс жұмыстарына бюджет­тен  323,4 млн теңге қаржы бөлінген. Кешен­нің жалпы аумағы – 995,8 шаршы метр. Мұн­да балаларға арналған гір, қазақ күресі үйір­мелері жұмыс жасайтын болады. Алдағы уа­қытта спорттық ойын түрлерінен секция­лар ашу жоспарда бар.  Жандарбек Елібаевтың айтуынша, Рес­пуб­лика күні қарсаңында аудандағы 25 түтіні бар Қарабұлақ ауылына көгілдір отын берілген. Ұлық мерекеде Мұғалжар ауданындағы Мұ­ғалжар ауылында қазақ күрес залы пай­да­лануға берілді. Бұл нысанның құрылысын жүр­гізуге ауылдың жастары мен мектеп тү­лек­тері демеушілік жасаған. Жоба құны – 9 мил­лион теңге. Құрылысты салуға ауылдың аза­мат­тары атсалысқан. 

Мерекедегі марапат

Облыстағы басты мерекелік шара 24 қазан күні Ақтөбе қаласындағы Өнер ор­талығында «Менің Қазақстаным» тақыры­бын­да өтті.  Шарада алдымен Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жұртшылықты ұлық мере­ке­мен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.  – Баршаңызды еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттық­тай­мын! 25 қазанда Қазақстанның егемендігі ту­ралы Декларация қабылданып, әлем карта­сын­да жаңа мемлекет – Қазақстан Республи­ка­сы пайда болды. Осы күннен бастап біз ше­­­карамызды шегендеп, көнеден жеткен дәс­түрімізді, қастерлі мәдениетімізді, қасиетті ті­лімізді жаңғыртуға жол аштық. 2022 жылы Мем­лекет басшысының ұсынысымен  Респуб­ли­ка күніне ұлттық мереке мәртебесі қай­та­рыл­­ды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Рес­публика күні – халқымыздың рухын көте­ріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекем­деп, ынтымағымызды арттыратын айшықты ме­реке екенін ерекше атап өтті. Бүгінде елі­мізде Әділетті Қазақстанды құруға, саяси және эко­номикалық жүйелерін жаңғыртуға бағыт­тал­ған ауқымды реформалар жүргізілуде. Қа­зақстан елді жаңғыртудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Ал қоғамдағы татулық пен ұлтаралық ке­лісім – біздің басты құндылығымыз. Осы орай­да Ақтөбе облысы Қазақстанның әлеу­мет­тік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып ке­леді. Бүгінде Ақтөбе еліміздегі әлеуеті зор, қолайлы өңірлер қатарында. Отыз үш жылда об­лыста 400-ге жуық білім ошағы, 180-ге тар­та ме­дициналық, 710-нан астам спорт­тық нысан са­лынып, қазір халық олардың игі­лігін көріп отыр. Биылғы жылдың өзінде ұлт­тық жобалар ая­сында өңірде 20 мектеп,15 денсаулық сақтау ны­саны салынуда, бұл жо­балар 2025 жылға дейін іске қосылады, – деді облыс әкімі.   Асхат Шахаров тәуелсіздік жылдарында Ақ­төбе облысында жалпы аумағы 13 млн 622 мың шаршы метр тұрғын үй салынғанын, қа­зір өңір­де әлеуметтік нысандар мен тұр­ғын үй­лер­дің қатары артқанын, жыл са­нап елді ме­кен­дерге газ, ауызсу, жол, интернет тартылып жат­қанын атап өтті. Сондай-ақ облыс әкімі өңі­ріміздегі ұлан-ғайыр алқап пен сайын да­ланы, қастерлі Республикамызды көздің қара­шы­ғындай сақтау, тәуелсіздігімізді баянды ету – әрбір азаматтың абыройлы борышы еке­нін тілге тиек етті.  – Ақтөбе облысы ірі өнеркәсіптік аймақ­қа, ел­дің батыс өңірінің мәдени, білім беру жә­не ғы­лыми орталығына айналды. Бұл – сіз бен біз­дің бірлесе атқарған жұмысымыздың нәти­же­сі, тынымсыз еңбектің көрінісі. Эко­но­ми­ка­­ның қарқынды дамып, облыстың әлеуе­ті артуы­на әрбіріңіздің қосқан зор үле­сіңіз бар.  Бүгін киелі сахна төрінде ұлт мүддесі үшін аян­­бай еңбек етіп, ортақ Отанымыз – Қа­­зақ­стан­ның өсіп-өркендеуіне, Тәуел­сіз­ді­гімізді  ны­ғайтуға септігін тигізген азамат­тар­ға Пре­зидент Жарлығымен бекітілген мем­лекеттік наг­радалар табыстағалы отыр­мыз. Сондықтан баршаңызға мара­пат­та­рыңыз құтты болсын! Сон­дай-ақ Республика күнінде облысымыздың на­мысын қорғап, зор жетістікке жетіп жүрген жер­лестеріміз, қазақтың мақтанышы Димаш Құ­дайберген мен Максим Самородов жоғары мем­лекеттік марапаттарға ие болып отыр. Бү­гін осы екі та­лантты азаматтың аналары орта­мыз­да отыр. Оларға да зор риза­шы­лығы­мыз­ды білдіреміз. Лайым Тәуелсіздігіміз тұ­ғыр­лы, ел­дігіміз ғұмырлы болып, Республикамыз көр­кейіп, гүлдене берсін! – деген Асхат Ша­­­­ха­ров мемлекеттік және қоғамдық қыз­мет­тегі сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-эко­но­микалық және мәдени дамуына, халықтар ара­сындағы достық пен ынтымақтастықты ны­ғайтуға қосқан елеулі үлесі үшін жалпы са­ны 40-қа жуық ақтөбелікке мемлекеттік наг­рада табыстады.  Одан әрі салтанатты жиын мерекелік кон­цертпен жалғасты.  Шарада Ғ.Жұбанова атындағы об­лыс­тық фи­лармонияның дәстүрлі әншілері, А.Жұ­банов атындағы Ақтөбе му­зы­калық кол­лед­жі­нің оқушылары, Т.Ахтанов атын­дағы об­лыс­тық драма театрының әртіс­тері және қа­зақ камералық хор ұжымы өнер көрсетіп, жұрт­шылыққа мерекелік көңіл күй сыйлады.  Аталған шарада марапатталған азамат­тар­дың бірі – «Данияр» шаруа қожалығының бас­шысы Серік Оразымбетов. Ол облыс әкі­мінің қолынан «Құрмет» орденін алды.  Ауған соғысының ардагері, шаруашылық бас­шысы Хромтау ауданында қой шаруа­шы­лығын дамытып отыр. Ол осыдан 4-5 жыл бұрын «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы асылтұқымды 700 қой сатып алған. Бүгінде қожалықта еділбай тұқымдас 8 мың қой бар. Сондай-ақ кәсіпкер Дөң ауылы маңынан кемпинг ашқан. Мерекеде Байғанин ауданының тұрғы­ны, жеке кәсіпкер Құтым Қасенов те «Құр­мет» орденімен марапатталды.  Отыз жылдан бері бау-бақша өсірумен ай­­налысатын Қарауылкелді ауылының тұр­ғыны Құтым Қасенов «Ауыл аманаты» жо­ба­сына қатысып, бүгінде кәсібін дамытуда. Ол өз ауласынан жалпы ауданы 400 шаршы метр болатын жылыжай салып, онда қияр, жүзім, т.б. егіп, мол өнім алған. Жасы сексеннен ас­қан еңбекқор қария осылайша ауыл жас­тарына үлгі көрсетіп отыр.   

*** 25 қазан – Республика күнінде Ақтөбе қа­ласындағы орталық саябақта мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті. Оған Ақтөбе облысының әкі­мі Асхат Шахаров, Ақтөбе қаласының әкі­мі Азамат Бекет, облыс және қала әкімдерінің орын­басарлары, мемлекеттік мекеме басшы­ла­ры мен Ұлттық ұланның сарбаздары қатыс­ты.   Салтанатты жиында Ақтөбе қалалық Мә­де­ниет үйі жанындағы үрмелі аспаптар ор­кестрі­нің сүйемелдеуімен Әнұран шырқалып, сарбаздар көк Туымызды көкке көтерді.

Біздің дерек

*Республика күнінде Ақтөбе облысында 19 сәби дүниеге келді. Оның 10-ы ер бала болса, 9-ы –қыз бала. *«Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» экологиялық акциясы аясында ақтөбеліктер қаладағы оқу орындарының, ауруханалардың және жеке кәсіпкерлік нысандарының аумағына 500 түп ағаш екті. *Мереке қарсаңында Президент Жарлығына сәйкес Ақтөбе қаласы бойынша 14 ана «Алтын алқа» және 30 ана «Күміс алқамен» марапатталды. *Ақтөбе қаласындағы «Табыс» коммуналдық базарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда Қарғалы ауданынан келген шаруашылық өкілдері қала тұрғындарына 900 келі жылқы етін, 350 келі қой етін, 1 тонна 200 келі сиыр етін, сондай-ақ сүт, май, бал, құс еті, т.б. ауыл өнімдерін арзан бағаға ұсынды.  *Ақтөбенің белсенді жастары «Менің елім – менің Туым» акциясы аясында қаладағы биік ғимараттар мен тұрғын үйлердің балкондарына 100-ден астам Туды орнатты.

Данагүл ҚАЗИХАН, Ақтөбе облысы