Ыстанбұлда туып, Мюнхенде өскен Исмаил болашағын Астанамен байланыстырады
Қайыра айтқанда, тарихи Отанға оралуыма себеп болған осы екі нәрсе. Біріншісі – ұлттық бірегейлік. Жоғарыда айтып өткенімдей, Қазақстанда мен – қазақпын. Екіншісі – халықаралық компанияларда жинаған тәжірибемді осында кіріктіріп, бар білгенімді ортаға салғым келеді.
Біз бұған дейін шетелде туып-өскен қандастардың елде кенжелеп дамыған ІТ саласын ілгерілеткісі келетіні туралы бірнеше рет жазғанбыз. Үш апта бұрын жарияланған сұхбатта АҚШ-та өсіп-өнген, италиялық отбасы асырап алған Луис Азамат Альбертинидің елде жеке компания ашып, Кремний алқабы мен Қазақстан арасында көпір болуға ниетті екенін айтқан еді. Енді бұл қатарға Түркияда туып, Германия өсіп-өнген Исмаил Четинкөз қосылды. Өзге елде өсіп-өнсе де, түптің түбінде ұлттық бірегейлік маңызды рөл ойнайтынын жете түсінген Исмаилдің Астанаға көшіп келгеніне екі ай ғана болған. Астанада туысы, танысы, ортасы жоқ болса да, шетелде жиған-терген тәжірибесімен атажұртының дамуына титтей де болса, үлес қосамын деп тәуекелге бел буып келген Исмаилге хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Германия, Түркия қазақтарынан «Біздің жастар қазақша білмейді» дегенді көп естиміз. «Қазақ мәдениетінен алыстап барады» дегенді де естідік. Алайда сіз өскен ортада басқаша екен. Қазақша түсініп тұрсыз. Қазақ мәдениетінен де хабардар екенсіз.
– Мен негізі Ыстанбұлда дүниеге келгенмін. Екі жасымда отбасыммен бірге Германияның Мюнхен қаласына көшіп келдік. Кейін он жаста болғанда Түркияға оралып, онда үш жылдай тұрдым. Алайда отыз жылға жуық Германияда тұрдым. Ата-анам – Түркияда туып-өскен қазақтар. Екеуі де қазақи ортада, қазақ мәдениеті жиі насихатталатын ауданда тәрбиеленген. Сондықтан біз де ол ортадан алыс болмадық. Олар тіпті біздің қазақ мәдениетіне баса көңіл бөлгенімізді қатаң қадағалады. Есімде, Ыстанбұлда тұрған кезде анам домбыра курсына апаратын. Ал әпкем қазақ биі үйірмесіне барып, «Қара жорға» биін билейтін. Кейін тоқсаныншы жылдары Германияға көшсек те, біз ондағы қазақ диаспорасымен тығыз байланыста болдық. Сөйтіп, қазақилығымыздан ажырамадық.
Исмаил отбасымен– Қазақстанға қоныс аударып, осында жоба бастауға не түрткі болды?
– Түркияда туғандықтан, онда туыстар көп тұратындықтан жаз сайын Түркияға баратынбыз. 2014 жылы ең жақын достарымның бірі қазақ тілін үйрену үшін Алматыға көшті. Ол уақытта Қазақстандағы жалғыз досым сол болды. Сосын оның шақыруымен Алматыға қыдырып бардым. Маған ол қала қатты ұнап қалды. Содан соң жиі баратынды шығардым. Кейін Германия, Түркияда жүргенде айналамнан ұлттық бірегейлікке қатысты мәселені байқадым. Түркияда Орталық Азия, ал Германияда жалпы Азиядан келген адаммын. Ал Қазақстанда мен – қазақпын. Әрі мұнда бәрі менімен өз ана тілімде, қазақша сөйлеседі. Керемет сезім! Соңғы рет Алматыға 2019 жылы келгенде осында қалып, жұмысқа тұрайын деп ойладым. Ол кезде визам болмады, қазақшам да анау айтқандай жетік емес еді. Соған қарамастан Қазақстандағы көп компанияға жұмысқа тұру туралы өтініштер жібердім. Өзіме де Қазақстандағылардың қалай жұмыс істейтіні, жұмыс жағдайы, жалпы мұндағы жұмыс ортасы қызық болды. Әлі есімде, бір аптада 70-ке жуық орынға түйіндеме жібердім. Бірақ мұнымнан түк шықпады. Сол кезде дижитал, креативті индустрияда жұмыс табу өте қиын екенін түсіндім. Содан соң ең дұрысы жеке жобамды дамытайын деп шештім. Қайыра айтқанда, тарихи Отанға оралуыма себеп болған осы екі нәрсе. Біріншісі – ұлттық бірегейлік. Жоғарыда айтып өткенімдей, Қазақстанда мен – қазақпын. Екіншісі – халықаралық компанияларда жинаған тәжірибемді осында кіріктіріп, бар білгенімді ортаға салғым келеді. Мен – біліп отырғаныңыздай, ІТ саласының маманымын. Көп жыл бойы ІТ логистикалық байланыс саласында еңбек еттім. Шетелдік көп брендтермен, алпауыт компаниялармен жұмыс істедім. Басшылық қызметтерді де атқардым. Енді қазір түп тамырыма оралып, ондағы ІТ саласының дамуына үлес қоспақ ниеттемін.
– Осыдан төрт жыл бұрын әлемнің алпауыт компанияларында жұмыс істейтін қазақтар Қазақстандағы IT саласы тілі шықпаған баладай дегенді алға тартатын. Ал кейінгі кезде қазір жағдай тіпті басқаша екенін айтып жүр. Осында келмес бұрын Қазақстанның ІТ-дағы жетістігін тізбелеп, кем-кетігін саралап, зерттеу жүргізіп көрген боларсыз?
– Әлбетте. Меніңше, Қазақстанның бұл салада әлеуеті орасан зор. Инфрақұрылымы, мүмкіндіктері де мол. Ерекше қолдау көрсетілетіні көңіл қуантады. Мысалы, мен екі апта бұрын Astana hub-тан жобамның бекітілгенін растайтын ресми сертификат алдым. Сондықтан құрылғанына аз уақыт болған компанияларға, стартап жобасы ерекше жастар қолдаудан кенде емес екеніне көзім жетті. Содан соң ІТ-ға қатысты форумдар, түрлі ивенттер көптеп өткізіледі екен. Жалпы, мұнда бұл салаға көңіл бөлінетіні байқалып тұр.
– Қолға алған жобаңыз туралы бірер сөз айта кетсеңіз.
– Мен Қазақстанның креативті және мәдени индустриясын дижитал тұрғысынан дамытуға септігін тигізетін платформа құрып жатырмын. Бұл платформада жұмыс түрлері, онлайн білім, әлеуметтік ивенттер, мәдени орындар туралы мәліметтер табуға болады. Жалпылама айтсам, креативті және мәдени индустрияны ілгерілететін үлкен маркетплейс құрып жатырмын. Неге бұл нишаны таңдадыңыз десеңіз, мен алғаш елге келгенде осыған қатысты қиындықтарға тап болдым. Бірден жұмыс таба алмадым. Баратын ивенттер болмады. Болса да, олардың қайда, қашан өтетіні тек Instagram желісінде жазылады. Сондай-ақ жоба бастайтын кезде талантты фрилансерлерді таба алмай әлек болдым. Қазір осының бәрін ескеріп, креативті мәдени жүйе құруға барымды салып жатырмын.
– Идея авторы да, инвесторы да өзіңіз бе? Бәрін жалғыз өзіңіз істеп жатырсыз ба?
– Иә. Бәрін өзім, өз ақшама істеп жатырмын. Өзіме де қызық. Жоғарыда айтып өткенімдей, Astana hub-тың ресми сертификат беруі мен бастаған жобаның болашағы бар екенін білдіреді. Мен бұл нарықты зерттеуді өзгеге тапсырғанша өзім зерделеп, өзім мәлімет жинағанды құп көрдім. Қазақстанда көп уақытқа қалғым келсе, бәрін өзім істегенім дұрыс болар деп ойладым. Дегенмен зерттеу, мәлімет жинау мен ойлағаннан да көп уақыт алды. Алайда бұл процесс қазір пайдама тиіп жатыр. Кей жерде бар білген қазақшамды қолданамын. Ал кейбірде сөздіктің көмегіне жүгінемін. Осылайша, қазақшамды жақсартып аламын деп ойлаймын. Сіздер мұнда қазақша мен орысшаны қалай араластырып, сөйлессеңіздер мен өскен ортада түрікше мен қазақшаны да солай араластырып сөйлейді. Дегенмен алдағы уақытта жетік сөйлейтініме сенімдімін. Оған қоса, «Отандастар қоры» тіл курсын тегін өткізетінінен хабардармын. Олармен хабарласып, жақын арада курсқа жазылмақшымын.
– Әдетте, қандастар тауы мен табиғаты, суы мен бауы келіскен Алматыға қоныс аударғанды құп көреді. Ал сіз неліктен Астананы таңдадыңыз?
– Бұл негізі бизнеске негізделген шешім болды. Мен Алматыда тұрып көрдім. Ол қаланың өзіндік ерекшелігі бар екені сөзсіз. Онда өмір қыз-қыз қайнап жатыр. Онда креатив нетуоркинг керемет қалыптасқан. Маңайындағы Көлсай, Қайыңды, Шарын шатқалы секілді туристік жерлерді аралағаннан ерекше әсер алдым. Мен тіпті екі күн Көлсай аумағындағы жайлауда тұратын отбасының үйіне тұрақтадым. Қазақша ет жеп, атқа мініп, қазақша сөйлесіп, шүйіркелесіп, екі күн бойы керемет күй кештім. Жалпы, Алматының әдемілігін жоққа шығаруға болмайды. Алайда маған ондағылардың жұмыс істеу қарқыны баяу секілді көрінді. Астана бас қала болғандықтан, жобамды осында жүзеге асырған дұрыс деп ойладым. Мемлекеттік билік органдары осында. Маған қажет Astana hub пен «Отандастар қорының» бас кеңсесі де осында орналасқан. Мен секілді қандастарға көмек қолын созатын орталықтың бары қуантпай қоймайды. Өткенде көп елден келген қандастардың басын қосқан форумның өзі ойландырып, желпіндіріп тастады. Осы сияқты факторларды ескере келе, маған Алматыдан гөрі Астанаға орныққан әлдеқайда оңайға түсіп жатыр. Тағы бір ескеретін жайт, мен өсіп-өнген Мюнхен қаласында қатаң жұмыс мәдениеті сақталған. Астана да соған ұқсайтын секілді. Дегенмен алдағы уақытта ел ішін аралап шығу ойымда бар. Ата-анам биыл сәуір айында Қазақстанға келіп, он күн бойы Түркістан, Шымкент, Алматы, Талдықорған қалаларын аралаған еді. Сол кезде табиғаты мен тұрғындардың қонақжайлылығын айтып, мақтаған еді. Мен де солай аралап көргім келеді.
Исмаилдың ата-анасы– «Көп уақыт қалғым келеді» деп қалдыңыз. Сіз Қазақстанға жұмыс визасымен келдіңіз бе? «Ата жолы» картасына құжат тапсырасыз ба?
– Иә, жұмыс визасымен келдім. Әлбетте, «Ата жолы» картасын алғым келеді. Сол үшін алдағы уақытта «Отандастар қорының» қызметкерлерімен ақылдаспақпын. Негізі, мен бұған дейін этникалық қазақтарға арналған С10 визасымен келіп жүрген едім. Биыл да сол визаға құжаттар тапсырған едім, алайда маған бұл виза түрі берілмейді деп бас тартты. Бір қызығы, төлқұжатымда сол визаның бұрынғы мөрі басылған. Сондағы бар гәп – ол визаны алу үшін қазақ екенімді дәлелдеуім керек екен. Біздің құжатта жазылмаса, мен қазақ екенімді қалай дәлелдеймін? Қатты таңғалдым. Өзіңіз елестетіп көріңізші, біз өмір бақи қазақи ортада, қазақ мәдениетіне сусындап өстік. Кішкене күнімізден қазақ екенімізді біліп өстік. Ес жиып, ақыл тоқтатқан соң, виза орталығына тарихи Отаның – Қазақстанға оралмақ ниетпен келіп тұрсың. Қазақстанда кәсіп ашқың келеді. Қазақстанда дамығың келеді. Алайда ондағылар бұған дейін миымызға кіріп шықпаған қазақ екенімізді дәлелдеу мәселесін көтереді. Қызық жайт. Сондықтан атажұртқа ұзақ мерзімге келудің жалғыз жолы жұмыс визасына ғана құжат тапсыру болды. Көп уақыт алды, біраз кедергілерге де тап болдым. Құжатымды әлі күтіп отырмын. Дегенмен алдағы уақытта бәрі оңынан шешіледі деген үміттемін.
– «Түп тамырыма оралдым» деген сөзіңізді естіп, осы жылдар ішінде Қазақстанға бірнеше рет қана келген, қазақ тілін жетік білмесе де, осында үйренемін, өсемін, өнемін деп келген сізге риза болып отырмын.
– Қазақ тілін жетік білмесем де, мұнда кешке қол босағанда өзімді жайлы сезінемін. Бұған себеп – тағы сол ұлттық бірегейлік. 2017 жылы Алматыда болған кезімде немере інілерімнің бірі елге қыдырып келді. Бұрын-соңды Қазақстанға келіп көрмеген ол мұнда бәрі орысқа ұқсайды, бәрі орысша ғана сөйлейді деп ойласа керек. Жалпы, ол бұған дейін Қазақстан дегенді естігенде ештеңе елестете алмайтынын, толық картина жоқ екенін айтатын. Алматыға келген соң мен оны әбден қыдырттым. Сол кезде бәрі ол ойлағандай емес екеніне көз жеткізген ол райынан қайтып, ойын өзгертті. Бір күні оны таксиге отырғызып жіберген едім. Сонда такси жүргізушісі оны көрген бетте бірден қазақша сөйлепті. Осы сәт оған қатты әсер етсе керек. Төбесі көкке бір елі жетпей, қуанғаны сонша, «Өмірімде бірінші рет бөтен адам менің қазақ екенімді айтқызбастан танып, менімен қазақша сөйлесті ғой» дегенді қайталап айта береді. Бұл сіздерге білінбес, бірақ біз үшін керемет жайт. Қазір әлемде, әсіресе, Түркияда жағдай өзгеріп жатыр. Ол жақта бәрібір саған Орталық Азиядан келген азамат ретінде қарайды. Онда қазақтардың тұрақтағанына жетпіс жыл уақыт болса да, әлі күнге дейін солай қабылдайды. Сен – бөтенсің. Ал Германияда, соның ішінде Мюнхенде сен өз ортаңмен топтасқаныңды үздіксіз дәлелдеуің керексің. Олардың мәдениетін берік ұстанып, тек немісше сөйлеуің керек. Бұл бір жағынан дұрыс, алайда екінші жағынан шаршатады. Ал атажұртта жағдай басқаша. Өз ортаңда, өз жеріңде, өз бауырларыңның ортасында жүрудің өзі керемет!
– Жоғарыдағы сұрақты қойған себебім – бізде Қазақстанда туып-өскен, шетелге жұмысқа тұруды көздеген жас мамандарды байқаған көпшілік «Қазақтың миы шетелге кетіп жатыр» деп байбалам салады. Кейде оларды «Қазақстаннан алған біліміңді ел мүддесіне жұмса» деп сөзбен сыбап та алады. Ал сіздегі жағдай тіпті басқаша.
– Қазақстанда студенттердің шетелде, соның ішінде Еуропада екі-үш жыл білім алуына мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасы бар екенін білемін. Ал біз балабақша, орта мектеп, жоғары мектеп, университетке сол көпшілік қызығатын Еуропада бардық. Сондықтан біз, шетелде туып-өскен іскер қандастар елге басқаша перспектива алып келеміз деп ойлаймын. Мен мұны өз тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Мен Қазақстанды өзгертуге келгенім жоқ. Тек басқа идея, басқа көзқарас ұсынғым келеді. Соның шеңберінде не істеп, нені жақсарта алатынымды байқап-көргім келеді. Еуропада, соның ішінде Германияда Қазақстанға қарағанда көп мүмкіндік бар екені бесенеден белгілі. Жалақысы да жоғары. Тұрмыс салты да басқа. Жастар әртүрлі себеппен көшеді. Оларды «Неге көшесің?» деп сөге де алмаймыз. ІТ саласын зерттеп, зерделеп жүрген соң олардың қоныс аудару себебін бір кісідей түсінемін. Дейтұрғанмен, «Елге қайтып келсін» дейтіндерді де түсінемін. Қажет тәжірибесін жинап, зерттейтінін зерттеп, білім багажын кеңейтіп алған соң, Қазақстанға көшіп келсе, біз секілді түрлі көзқарас пен тың идея ұсынатындардың қатары көбейеді, тиісінше елдің іргесі мықты болады деп сенемін.
– Қазақстанға қоныс аударған қандастарға қоятын дәстүрлі сұрағымыз бар. Сізді мұнда не нәрсе қатты таңғалдырды?
– Мен бұған дейін 2012 жылы көкемнің шақыруымен Астанаға бір рет келгенмін. Алайда ол уақытта қаланы толығымен аралай алмадым. Дегенмен осы жолы келгенде қаланың көркейгені анық байқалады. Маған мұнда бой көтерген ғимараттар, әсіресе пәтерлердің құрылымы ұнайды. Алматыда пәтер жалдау удай қымбат екен. Содан соң мұнда спорттық іс-шаралардың көп өтетіні ұнады. Ең қатты ұнағаны – қазақша ет. Біз мұны Германияда жылына бір рет, үйлену той немесе белгілі бір мейрамда ғана жейтін едік. Ал бұл тағамды мұнда күнде жей аламын. Дәмі тіл үйіретін бауырсақты да солай. Жоғарыда айтып өткенімдей, мен мұнда жалғыз келдім. Ата-анам мен әпке-қарындасым Германияда тұрады. Түрікше араласатын қазақ достарымның көбі Алматыда тұрады. Астанада да біраз досым бар. Дегенмен көбі мені түрлі ивенттерге шақырып, көңілімді аулауға тырысады. «Тұран» этникалық тобының концертін тамашалап, «Оян, қазақ» фильмін көріп қайттым. Жалпы, көп ивентке баруға тырысамын. Неғұрлым көп жерге барсаң, соғұрлым көп нәрсені үйренесің. Байқағаным, жұмыс барысында көбі ара қашықтық ұстайды екен. Суық, сұсты көрінеді. Алайда жұмыстан тыс кездессең, емен-жарқын араласып, бауырыңдай болып кетеді.
– Ал не нәрсеге көңіліңіз толмады?
– Мен жаяу жүргенді ұнатамын. Астанада жаяу жүргіншілерге жағдай жасалмаған секілді көрінді. Мысалы, өткенде хоккей ойынына барғанда үлкен көшелермен жүрдік. Сол кезде ол жермен жаяу немесе велосипедпен жүріп өту қауіпті екеніне көзім жетті. Содан соң адамдардың табиғат пен қоршаған ортаға немқұрайлы қарайтынына таңғалдым. Әкем қоқысты лақтыратын кезде пластиктерді бөлек, қағаздарды бөлек мөшекке салып, реттестіреді. Бізді де соған үйреткен. Егер олай істемесек, бізге ұрысатын. Алғаш рет Алматыға келгенде тау бөктерінде шашылып жатқан қоқысты көріп, аң-таң болдым. Отырған жерін жинап, тазалау мәдениеті қалыптаспаған секілді. Сосын қоғамдық жерлерде, әсіресе жаяу жүгіретін жерлерде адамдар түкіріп жүре береді екен. Содан соң тайм менеджмент жағы да таңғалдырмай қоймайды. Дегенмен Қазақстан – жас мемлекет. Барлығы дұрысталатынына сенімдімін. Осы ретте тағы бір түйгенімді айта кеткім келеді. Менің отбасымда анам да, әкем де жұмыс істейді. Анам жұмыстан шаршап келсе, әкем тағам әзірлейді. Әкемнің мұршасы болмай жатса, мен тағам әзірлеймін. Бізде әйелдер мен ерлерге арналған арнайы ереже жоқ. Ал мұнда отбасындағы ереже тіпті басқаша екенін байқадым. Жалпы, Астанаға көшіп келгеніме екі ай енді болды. Бейімделу процесінен өтіп жатырмын.
– Іске сәт!
Әңгімелескеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ