T-Newspaper

Рауан Кенжеханұлы: Қазақ тілі жоғалып кетеді деген фобияға негіз жоқ

ашық дереккөз

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлымен ұйымның алдағы жос­пары, атқаратын жұмысы, мақсаты мен мін­деті туралы әңгімелескен болатынбыз.

Сонау 1989 жылы Алматыда өткен құрыл­тайда құрылған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қазақ тілінің республикамызда және одан тыс жерлерде кеңінен қолданылуына ат­салысып келеді. Жақында Мемлекет бас­шы­сы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының пре­зиденті, Ұлттық құрылтай мүшесі Рауан Кен­жеханұлын қабылдады. Кездесуде бары­сын­да қазақ тілінің қолданыс аясы турасында бір­қатар өзекті мәселелер талқыланды. Осы орай­да «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлымен ұйымның алдағы жос­пары, атқаратын жұмысы, мақсаты мен мін­деті туралы әңгімелескен болатынбыз.

– Жақында Мемлекет басшысы өзіңіз­­­ді қабылдап, қазақ тілінің өзекті мә­се­ле­лерін ортаға салды. Осы орайда Сізге қа­зақ тілінің қолданыс аясын арттыруға ба­ғытталған практикалық жұмыстарға ба­сымдық беру туралы тапсырма берді. Мұ­ның орындалу жағы қалай болмақ? 

– Иә, Мемлекет басшысы кездесу бары­сын­да қазақ тілін дамытуға қажетті нақты ша­­­ралар туралы кеңінен айтып, нақты тап­сыр­малар берді. Қазақ тіліндегі мазмұн қорын арт­тыру, білім беру жүйесіндегі тілді оқыту ая­сын кеңейту және оның әдістемесін дамыту, со­нымен бірге технологиялық шешімдерді кеңі­нен қолдану бағыттары ерекше айтылды. Ха­лықаралық «Қазақ тілі» қоғамы осы мін­деттерді іске асыруға тиісті салалардағы әріп­тес ұйымдармен бірге жұмыс істеуге дайын. Әри­не, кез келген  жұмыстың орындалуы, іске асы­рылуы қаражатқа келіп тіреледі. Бұл жағ­дай да Мемлекет басшысымен ашық тал­қы­лан­ды. Президент Халықаралық «Қазақ тілі» қо­ғамының эндаумент қорын құруды қол­дай­ты­нын айтты.

– Бұл тәжірибе «Қазақ тілі» қоғамы қыз­­метін дамытуға нақты қандай үлес қо­са­ды?  

– Эндаумент қорлары әлемдік тәжірибеде кең таралған. Ол – қоғамдық миссияға жұмыс іс­тейтін коммерциялық емес мақсаттағы ұйым­­­дардың жұмысын ұзақмерзімді әрі тұ­рақ­ты етуге бағытталған тетіктердің бірі. Оның ерекшелігі жиналған қаражаттың өзі жұм­салмайды, сол қаражатты басқарудан түс­кен үстемеақы, пайыз негізгі мекемеге жыл сайын грант ретінде бөлініп отырады. Дү­ние­жү­зінде біз білетін ең мықты деген уни­вер­си­тет­тер, оқу орындары, ғылыми орталықтардың бә­рінің эндаумент қоры бар. Тіл, мәдениет, әлеу­меттік мәселелер, соның ішінде қайы­рым­дылық шараларымен айналысатын ірі қо­ғам­дық ұйымдар да осындай негізінде жұмыс іс­тейді. Ол үшін эндаументте қомақты қаражат болуы керек. Ал қомақты қаражат жиналуы үшін үлкен мекемелер, тіл жанашырлары жап­пай осы жұмысқа араласуы қажет. Президентпен кездесуде жекелеген жо­ба­лар­ды мемлекет пен демеушілер арқылы қол­дау жолдары да талқыланды. Қазір қор жұ­мы­сына қажет қаражат тарту жұмыстары бел­сен­ді түрде жүріп жатыр. Кімнің қандай жұмысқа қан­ша қаражат бөлгенін ашық көрсетіп, жа­рия түрде айтатын боламыз. Сонымен бірге, қа­­­ражатты игеру, жұмыс істеу барысы ашық көр­сетіледі. Жыл сайын қоғам алдында есеп бе­ру жүргізілмек және халықаралық аудит те­тіктері енгізіліп жатыр. «Қазақ тілі» қоғамы Қа­зақстандағы ең ірі қоғамдық ұйымдардың бі­рі ретінде әлемде қалыптасқан тәжірибе ар­қылы жұмысын тиімді етуге, өрісін кеңей­туге талпыныс жасап отыр. Бізді қолдайтын ор­таның ықылас-ынтасын, үлкен жобаларды жү­зеге асыруға, көмектесуге ниетін көріп қуа­нып қалдық.  

– Президент балаларға арналған ани­ма­циялық туындылар шығарудың, көп­ші­лікке арналған кино өнімдері мен ғы­лыми-танымдық әдебиет қорын мо­лайтудың, әлеумет желілерде аға­р­ту­­­шы­лық бағыттағы арналар ашудың маңы­зына назар аударды. Осы орай­да білім беру, технология мен медиа са­ла­сындағы қазақша контент пен цифр­лық өнімдерді әзірлеуге дайынсыздар ма? 

– Біздің алдымызға ақпараттық жүйелерді, IT саласының жетістіктерін медиа өндірісі ба­ғытымен біріктіру міндеттері қойылды. Өйт­кені қазір қазақ тіліндегі ақпараттың та­ралуы балалар тілінің ана тілінде шығуынан бас­тап, ары қарай кез келген адамның жеке тұл­ға ретінде дамуы – ғылым, білім, әдебиет, та­нымдық ақпарат, кино, музыка, тех­нол­огия­мен етене байланысты. Бұл жұмысты іске асы­­­­руға дайынбыз, себебі біздің бұл салада ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибеміз бар. Соның ішінде Wikipedia ғаламдық плат­фор­ма­сын қазақшалау, Google жүйесіне қазақ ті­лін қосу, Ted-лекциялар платформасын қазақ ті­ліне аудару секілді бірқатар жобаларды іске асыр­дық. Одан бөлек, Kitap деп аталатын Қа­зақстандағы ең ірі онлайн кітапхана жүйесін жа­сап шықтық. Сондықтан бұл жұмыстар өз жал­ғасын табады. Ал анимация бағытында дү­ниежүзіндегі ең танымал студиялардың ең жақ­сы деген анимациялық фильмдерін қазақ тілінде  кеңінен тарату және қолжетімді ету мін­деті тұр. Ол үшін арнайы қосымша дайын­дау, оны кез келген құрылғыдан қарап көруге мүм­кіндік беру жағын ойластырып жатырмыз.

– Мемлекет басшысы ғаламдық цифр­лық платформаларды қазақшалап, тіл үйренуге мүмкіндік беретін отандық ақ­па­раттық жүйелерді көбейту қажеттігін атап көрсетті. Осы орайда қазақ тілін то­лық цифрландыруға қашан қол жет­кіземіз деген сауал туындайды. 

– Қазақ тілін цифрландыру әлдеқашан басталып кетті, енді ол ешқашан тоқтамайды. Алай­да оның қолдану аясын кеңейту керек. Сон­дықтан халықаралық ірі ғаламдық циф­р­лық платформаларды қазақшалау, соның ішін­де Windows, Microsoft, Apple, iOS, Android, Mac секілді операциялық жүйелердің қазақ ті­лін­де еркін жұмыс істеуін қамтамасыз етуге тиіс­піз. Ең кең қолданылатын плат­фор­ма­лар­дың қазақша еркін сөйлеуін, жұмыс істеуін қол­жетімді етуге міндеттіміз. Одан бөлек,  Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ға­рыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мыр­за­мен Қазақстандағы ірі венчурлық қорлар жә­­не стартаптарды қолдау экожүйелерімен бір­лесе отырып, қазақ тіліндегі стартаптарды қол­дау үшін бөлек қор құру туралы келісім бар. Жақын арада меморандумға қол қоямыз.

– Қазақ тілін меңгеру қиын дегенді көп ести­міз. Ағылшын тілі Beginner, Elementary, Intermediate, Advanced сынды бірнеше деңгейге бөліп оқытылады. Ал қа­зақ тілі олай жүйеленбеген, үйрету әдіс­темесі әлсіз. Бәлкім, қазақ тілін үй­рену­дің қиындығының бір себебі осында жат­қан шығар? 

– Деңгейге бөліп оқыту әдістемесі әлем тіл­­­­дерінде бұрыннан қалыптасқан. Соның ішін­де қазақ тілінде де бірнеше әдістемеге не­гізделген оқу кешені бар. Кейбір оқу кешен­де­рінің жарнамасы жеткіліксіз болып жатқан шы­ғар, бірақ жоқ деуге келмейді. Тіл оқыту әдіс­темесін дамыту процесі де тоқтамауға тиіс. Се­бебі заман өзгереді, технологиялар жетіледі, со­ған сай адамдардың тіл оқу дағдысы да транс­­­­формацияға ұшырап жатыр. Сондықтан бізге тілді оқуға мүмкіндік беретін шешімдерді, оқы­ту кешендерін, әдістемелерді тоқтаусыз да­мыта беру керек. Бұған кез келген әдісте­ме­лік-ғылыми орталықтар, мектептер, тіл оқыту ор­талықтары да өз үлесін қоса алады және біз де оларды ынталандыру жұмыстарына көңіл бө­леміз. Жақында НЗМ ұжымымен кездестік, олар­дың тіл оқыту әдістемесі мен тәжірибесін қа­рас­тырдық. Тың, жақсы ұсыныстарды кеңі­нен насихаттауда бірлесе жұмыс істеуді жос­пар­лап отырмыз. Тіл меңгерушілерге жан-жақ­ты қолдау және көмек көрсету – халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы алдына қойып отырған не­гізгі міндеттердің бірі. Қазақ тілін үйрену қиын емес. Тіл меңгергісі келген адам оған ден қойып, көңіл бөліп, ықылас танытып, уақыт арнаса болғаны.

– Енді сұхбатымыздың арнасын жал­пы қазақ тілі мәселесіне бұрсақ. Қазіргі қа­зақ тiлi дегенде қарама-қайшы екі жағ­дай ойға оралады. Бір жағынан, қа­зақ тілі – мемлекеттік тіл және аса бай, аса көркем тіл. Екінші жағынан, қазақ тiлi – iс жүзiнде мемлекеттiк iстер сирек жүр­гізілетін, экономикада, өндiрiсте, тех­нологияда көп қолданылмайтын, ха­лықтың бір бөлігі меңгермеген тіл. Бұл па­радокс жылдар бойы неге өзгермей келе жатыр?

– Парадокс деуге келе қоймас,  бұл өзінше бір табиғи процесс. Ол тек қана қазақ тіліне ға­­­на емес, әлемдегі ірі тілдерге де қатысты құ­­­­былыс. Себебі жаһандану процесі өте қар­қын­­ды жүріп жатыр. Әлемдегі ғылым 80 пайыз­ға жуығы тек бір-ақ тілде, ағылшын ті­лін­­де жасалып отыр. Технология, қаржы са­ла­сы, инновациялар, қысқасы қазіргі өмірге ық­палы өте зор негізгі индустриялардың дамуы негізінен ағылшын тілінің төңірегіне шо­ғырланып отыр. Тіпті, ірі тілдер санатына енетін француз, араб, орыс тілі де бұл саладағы ілгері, озық қозғалыстың, жаңалықтардың эпи­центрі бола алмай отыр. Бұл тілдердің бар­лығы – жаңалықтар тұрғысынан келгенде, до­нор тіл. Яғни, білімді, ғылымды қабылдап алып жатыр. Мәселе біз сол өзге тілде жүріп жат­қан жаңалықтарды, жасалып жатқан ғы­лым­ды, пайда болып жатқан технологияны, ин­новацияны өз тілімізге қаншалықты тез жә­не тиімді қабылдап жатқандығымызда. Осы тұр­ғыдан келгенде қазақ тілінде сөйлейтін орта белсендірек жұмыс істеуге тиіс. Оның үл­кен бағыты – аударма жұмысы. Аударма ар­қы­лы қазақ тілінің өмірге ықпалы зор, технологияларға, бизнеске, іргелі ғылымда жә­не басқа да салаларда кең қолданылуын қам­тамасыз ете аламыз. Содан кейін, әрине, қазақ тілінде сөйлейтін ортаны қолдау керек. Ол ортаны қолдаудың да негізгі амалы – сол ортаға қажетті жаңалықтарды, ғылым мен бі­лімді, әдебиетті кеңінен аударып беру. Себебі ба­лаға керек ақпаратты қазақ тілінде таба ал­масақ, бұл өз тілімізді кері итеріп таста­ған­мен тең. Қазақ тіліндегі контенттің жетіспей жат­қаны рас. Сол контентті жасау арқылы қазақ тілін функционалдық, практикалық ар­­­­наға бұруымыз керек. Осыған көмектесе алатын мазмұн көбейсе, онда қазақ тілінің бү­гінгі өмір үшін өте маңызды салалардағы қол­данысын кеңейтуге болады.  

– «Тіл туралы» алғашқы заң қабыл­дан­ғалы 30 жылдан асты. Одан  бері қоғам жаң­­ғырды. Демографиялық тұрғыдан жаңа кейіпке енді. Қазақтардың үлес сал­мағы артты. Бұл заң қазіргі қоғам та­лап­тарына сай келе ме, қоғамдық қа­ты­нас­ты реттей алатын қауқары бар ма, қа­зіргі демографиялық болсын, әлеу­мет­тік болсын келбетімізді толық сипаттай ала ма? Осыдан келіп «Қазақстанның мем­лекеттік тілі туралы заң» қабылдау ке­рек пе деген заңды сұрақ тағы да туын­дайды.  

– Қолданыстағы «Тіл туралы» заңды жаңар­­­татын кез келді, оған ешкімнің дауы жоқ деп ой­лаймын. Өйткені 30 жылдан астам уақытта қо­ғамдық жағдай, демография, технологиялар өзгерді. Бірақ менің ойымша, заң қабылдаудан бұрын ол заңның мазмұны қандай, соны тал­қылау маңыздырақ. Бұл жерде біз жаңа заң­ның ішіне қандай талаптар кіруге тиіс, ол қай са­ладағы тілдің қолданысын қандай тетік­тер­мен реттейді, кімге қандай талап қойылады жә­не ол шаралар ары қарай қалай іске асады де­ген мәселелерге жауап беруіне баса назар ау­даруымыз қажет. Алдағы уақытта «Тіл ту­ралы» заң төңірегінде талқы болса, ол нақты іс-шаралар мен тетіктер туралы болғаны аб­зал.

– Қазақша ауызекі сөйлеу мәдениетін де қоз­ғап өтсек деймін. Сөйлеу туралы айт­қанда «орыс болып кетті» деп қала қа­зағына ренжиміз-ау, дегенмен ауыл қа­зағының да көктетіп жүргені шамалы. Қыс­тырма сөздердi көп қолдану, орфоэ­пия­лық қателер жiберу, орысша мен қа­зақшаны араластырып, қойыртпақ құ­рылымдармен сөйлеу, кiбiртiктеп, тұ­тығып сөйлеу – күнделікті көретін құ­бы­лыстар. Бұған кімді немесе нені кінә­лай­мыз? Әлде бұл мәселеге қалыпты құ­бы­лыс деп қарауымыз керек пе? 

– Біз дәл осы мәселені Президентпен кез­де­су кезінде талқыладық. Мемлекет басшысы да осы мәселеге алаңдаулы екен. «Қазақы от­­­басында өсіп жатқан, қазақ мектебінде оқи­тын оқушылар көп сөзді бұзып, өзіміздің тілдің әуезіне жат үлгіде сөйлейді» деді Пре­зидент. Қазақы ортадағы сөйлеу, жазу мәдениеті, оқу сауаттылығы, қарым-қатынас мәдение­ті­нің төмендеп кеткенін ашық айту керек. Мұны халықаралық PISA зерттеуі де дәлелдеп отыр. PISA білім саласындағы сауаттылықты 3 ба­ғыт­та қарастырады. Біріншісі – матема­ти­­­калық, екіншісі – жаратылыстану, үшіншісі – оқу сауат­тылығы. Осы 3 бағыт бойынша қа­зақ­­стан­дық, соның ішінде қазақ мектебінің оқу­шы­лары ең төмен нәтиже көрсететіні – оқу сауат­тылығы. Біздің оқушылардың 64 пайы­зы ана тілінде дұрыс оқи алмайды, оқы­ғанын тү­сінбейді, түсінбеген соң не ауыз­ша, не жаз­ба­ша жеткізе алмайды. Сондықтан дәл қазір біз үшін орыстілділерді қазақша сөй­летуден бұрын, қазақша сөйлеп тұрған, сөй­леуге тиіс ортаның тілді меңгеру деңгейі, ол тілде сөйлеуі және қатынас құру мәдение­тінің төмендігі ерек­ше күрделі мәселе болып тұр. Ал жалпы кез келген ілгері дамыған қо­ғам, жоғары мә­де­ниет бірінші кезекте жазу­мен бағаланады. Ол тілде жазу бар ма? Қан­ша­лықты көп жаза­ды? Қаншалықты кең жа­­­­­зады? Ол тілде сарап­тама, мақала жазыла ма? Ғылым жасала ма? Экономика, технология, үлкен саясат жазыла ма, осының барлығы тіл­дің өмір сүруі үшін өте маңызды рөл ат­қара­ды. Аударма, редакция­лау жұмыстарының бел ортасында жүргенде байқағаным, уақыт өт­кен сайын сауатты, тә­жірибелі мамандар азайып бара жатыр. Бұл, әрине, қынжылтады. Кейде, тіпті, мәтінмен жұ­мыс істейтін білікті ре­дактор таппай қина­ла­мыз. Сауатты коррек­тор табу шөп арасынан ине іздегенмен тең. Осының барлығы түптеп кел­генде білім беру жүйе­сіне келіп тіреледі. Бұл мәселені де Мем­ле­кет басшысына жет­кіз­дік. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы айна­лы­сатын үлкен бағыттың бірі – білім беру жүйе­­­сіндегі қазақ тілі мен әдебиетін оқыту ба­ры­­сын қолдау, көмек беру, пән мұғалім­де­рі­нің бөлек форумдарын ұйымдастыру, оларға ғы­лыми-әдістемелік, қажет болса, техникалық кө­мек ұйымдастыру. Кезінде жақсы нәтиже бер­ген классикалық әдістемедегі диктант, шы­ғарма, мазмұндама жазу,  қатемен жұмыс істеу, сөй­лем талдау деген сынды әдіс-тәсілдерді қа­зақ тілін оқыту әдістемесіне, соның ішінде қа­зақтілді мектептердегі қазақ тілі мен әде­биеті бағдарламасына қайтадан алып келу ке­рек. Қазір тілді оқытуда коммуникативті оқы­ту әдістемелері кеңінен қолданылады. Ол жер­де грамматика арқылы емес, ең алғашқы ке­зекте сөйлету, қатынас құралы ретінде дамыту маңызды орынға қойылады. Мұндай әдіс­ті ағылшын тілінде көп қолданады. Бірақ ес­ке­ретін жағдай –  ағылшын тілін оқыту әдіс­темесінде, әсіресе ағылшын тілін екінші тіл ретінде оқытатын орта коммуникативті әдіспен жүреді. Тілді меңгеру деңгейі белгілі бір дәрежеге жеткеннен кейін академиялық жазу, вербалды және бейвербалды мағыналау, одан кейін эссе жазуды бөлек пән ретінде оқы­тады. Сол арқылы тілді қолданушылардың сөй­леу, жазу, оқу мәдениетін бөлек қалыптас­тыра­ды. Мұндай талап қою – үлкен дәстүр әрі білім беру жүйесінің маңызды бір бағыты. Сон­дықтан бізге де осы бағыттағы жұмыстар­ды қолға алу қажет. Өйткені мемлекеттік қыз­меттегі құжат айналымының әлі дұрыс жүр­меуі, хаттардың қате жазылуы, қала кө­ше­леріндегі қателіктер, тіпті журна­лис­тердің сөз­ді дұрыс қолданбауының өзі – білім беру жүйе­сіндегі тіл мен әдебиетті оқытудағы жібе­ріл­ген олқылықтардың салдары. Егер біз түп-та­мырына үңіліп, сол жерден кеткен қателерді жөн­демесек, онда қиындықтың салдарымен кү­ре­сіп жүре береміз. Ал бұл мәселенің шеші­ле­тін негізгі ортасы – мектеп пен балабақша.

– Қазақ тілі көркем тілді айтпағанда, рес­ми тіл бола алды, кеңсе тілі бола алды, пуб­лицистика тілі бола алды. Ал қазір ғы­лым мен техниканың тілі болуына не кедергі? Бұл кедергіні қалай жою керек?

– Қазақ тілінің қазіргі ең басты сипаты, оның бай халық ауыз әдебиеті мен жазба әде­биеті тілдің табиғи мол қуатын білдіреді. Қа­зақ тілі бұл тұрғыдан келгенде кез келген ірі тіл­мен иық тіресіп тұратындай дәрежеде. Біз­дің тіл білімі өте терең, жан-жақты жүйе­лен­ген. Ғылыми негізі, зерттеу әдістемесі өте же­тік. Тіліміз бай, әуезді, шұрайлы. Бұл – зор ба­қытымыз, құндылығымыз. Бірақ дәл қазір тілге жетпей тұрған сипат – практикалық, функционалдық қуат. Әсіресе, жастар өмірдің әр­түрлі саласында тілді кеңінен қолдана ал­май­ды. Ол – технология, бизнес, күнделікті тә­­­­жіри­белік деңгейдегі қарым-қатынас, қарапайым нәр­селерді сипаттау. Күнделікті тұтынатын бұйым­дардың қазақша баламасының та­был­май қалуы, оның орнына орысша, қазір ен­ді ағыл­шынша баламаларының алға шығуы тіл­ді шұбарлайды. Соның кесірінен тілдің әуез­ділігі де бұзылады. Бұл тілдің практикалық деңгейде қолданысының тарылуына алып келеді. Сондықтан бұл бағытта бізге қажетті дүниелерді атау және сипаттау жұмысын кәдімгі қарапайым деңгейге түсіру керек. Оны жай талап ету жеткіліксіз. Қазақша сөйлейік, бәрінің атауын қазақша айтайық дегенімізбен көп дүниенің қазақша атауы жоқ. Заттың атын атап, түсін түстеп, қалай сипатталаты­нын жазып жатқан ешкім жоқ. Жоғарыда ата­ған вербалды және бейвербалды мағы­на­лау осы жерде керек. Оның мақсаты – адам­дар­дың өз тілінде ойлауға, қарым-қатынасқа түсуге, сала-сала бойынша қоршаған ортадағы қажетті құбылыстарды, дүниелерді атап, со­ны ой, сана деңгейінде бекітуге көмектесу. Бұл бағытта сөздіктер, анықтамалықтар шығарып және сол сөздердің қолданысын өрістететін, рет­теуге көмектесетін түрлі жарыс, байқау­лар­ды оқушылардың арасында өткізсе нәти­желі болар еді.    Мемлекет басшысы бекіткен жұмыс жос­па­рының ішінде баспа ісі бағыты бар. Соның ішінде балалар әдебиеті, көркем әдебиет, іс­кер­лік әдебиет, ғылыми әдебиетті аудару және жазу жұмыстары анықталған. Осыған қосым­ша тілді дамытуға қажетті әдістемелік инфра­құ­ры­лым саналатын сөздіктер, анықтама­лық­тар құрастыру керек.  Егер біз мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қабылдасақ, сол заңның ішін­де қабылдануға, бекітілуге тиіс бір маңыз­ды бағыт – Мемлекеттік сатып алуды рет­тей­тін процестердің барлығы қазақша жүруге тиіс. Оның тілге тигізер пайдасы көп. Себебі мем­лекеттік сатып алу сала-саладағы барлық дү­ниенің атын атайды, қолданысын сипат­тай­­ды, ішінде техникалық талаптары, тап­сыр­малары болады. Ол көп сөздің қазақ ті­ліне аударылуына және қолданыстағы ау­дар­масын енгізуге мүмкіндік береді. Егер осыны рет­тесек, барлық кәсіпорындарда, мемле­кет­тік және жекеменшік мекемелерде қазақша жа­затын, білетін мамандар отырады. Содан кейін оны орындайтын адамдар да әр заттың қазақ­ша атауы мен сипатын білетін болады. Сонда қазақ тілінің қолданысы практикалық деңгейге жетер еді. Бұл сияқты тетіктер басқа ба­ғыттарда да бар. Ол күнделікті жұмыс бары­сын­да адамдардың мамандықтарына қатысты жұ­мыс ережелері, содан кейін нормативтік құ­жаттары, тіпті техникалық қауіпсіздікті рет­тейтін құжаттары қазақ тіліне аударылып, қа­зақша қолданылуға тиіс. Одан қала берді, өте қарапайым, бірақ маңызды нәрсе бар. Ол – біздің қоғамдық орындардағы, қалалардағы на­вигация жүйесінің жұмысын қатесіз қазақ­ша­лау. Қазір әр жердегі шала сауатты аудар­ма­шылардың кесірінен көп сөз қолданысқа ен­бей қалып жатыр. Осындай тетіктер арқылы тех­ника саласында қазақ тілінің практикалық және фунционалдық сипатын күшейтуге бо­лады.

– ХХ ғасыр басында Ахмет Байтұр­сынұлы «Жат сөздерді басқалар, мәселен, орыстар өз ті­лінің заңына үйлестіріп ал­­­­ғанда, солай алуға біздің де қақымыз бар» десе, Алаш арысы Ха­лел Досмұха­мед­ұлы «Тілге кірген жат сөздер де сіңу үшін, тілге «өзілік» болуы үшін сол тіл­дің заңы­мен өзгеріп, танымастай халге келуі ке­рек. Бүйтпесе, жат сөздер бұралқы бо­лып, тілдің шырқын бұзады, тілге зиян бе­­реді» деген. Жалпы, біздің термино­ло­гия­да ав­торитаризм бар сияқты. Тер­мин­ком бір тер­минді бекітеді де, жұрттың бә­рін солай жазу­ға міндеттейді. Бұл қан­шалықты дұрыс? Ке­зінде «Ұлттық аударма бюросы» «Қазақ ті­лін­дегі 100 жаңа оқу­лық» жобасын жүзеге асы­ру кезінде тер­мин мәселесін қалай шешті? 

– Бұл да бізді жиі мазалайтын сұрақ. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында осы мәселемен бетпе-бет келдік. Аударма барысында бұрын шыққан сөздіктерді кеңінен қолдануға ты­рыс­тық. Бізде әр сала бойынша шыққан тер­ми­но­логиялық түсіндірме сөздіктер өте көп. Бір­ақ ол сөздіктердің қолданысқа қажеті шамалы. Се­бебі олардың барлығы сөздік ретінде құрас­тырылып, сөздіктен сөздікке көшірілген. Сөздіктерде ұғымдардың, терминдердің мә­тін­нің ішінде, мағыналық жағынан қалай қол­данатынын көп ескермеген.  Сондықтан тер­миндерді сол күйінде алып қолдана беруге кел­мейді. Сол себепті біз аударма барысында ба­ғыт-бағыт бойынша шыққан кітаптарға сүйе­не отырып, мәтіннің ішіндегі мағыналық нұс­қасын ескере отырып, «100 жаңа оқулық»  жо­басының қорытындысы негізінде 4 сөздік шы­ғардық. Олар: Экономикалық сөздік, Әлеу­меттік ғылымдар сөздігі, Қазақ тілінің кірме сөз­дер сөздігі, «Қазақ-ағылшын», «ағылшын-қ­а­зақ» Oxford сөздігі. «Қазақ тілінің кірме сөз­дер» сөздігінде сіз айтып отырған термин мә­селесі біршама реттелді. Бұл сөздікте қазақ ті­ліне шет тілдерден енген 9 мыңға жуық сөз қамтылды. Жалпыхалықтық тілдегі сөздер мен кең тараған терминдер алынып, олардың ма­ғынасы түсіндірілді және шығу тегі көр­се­тілді. Ұсынылып отырған сөздік – қазақ ті­ліне латын, грек, ағылшын, француз, араб, парсы, испан, неміс, орыс, итальян, қытай, моңғол, пор­тугал және өзге де тілдерден әр кезеңде енген кірме сөздерді барынша кең қамтып отыр­ған алғашқы көлемді еңбек.  Сондықтан осы жасалған жұмыс ары қарай қазақ тіліне өзге тілден кіретін сөздердің қазіргі заманда қай ережемен, қай тәртіппен кіруін жүйелеуге кө­мектеседі деп ойлаймын. 

– Аударма дегеннен туындап отыр, қа­зақ тілінің әлем тілдеріне белсенді ау­да­рылатын тіл болуына не кедергі? Қай ба­ғытта жұмыс жүргізуіміз керек? 

– Аударма біз үшін ауадай қажет. Бізге өз ті­лі­міздің әлеуетін, пәрменін күшейту үшін, оның қолданыс аясын кеңейту үшін өзге тіл­ден, әсіресе ағылшын тілінен ғылымды, білім­ді, технологияны, кәсіпке қатысты ақпаратты кеңінен аудару қажет. Одан бөлек, балаларға қажетті танымдық дүниелерді кеңінен аудару да маңызды. Ол бір басталып, тоқтап қалатын жоба болмауы керек. Бұл ұдайы, тұрақты түр­де, сала-сала бойынша, бір емес, бірнеше ор­та­лықтар арқылы іске асырылуға тиіс. Менің ойымша, барлық оқу орындары, ғылыми ор­та­лықтар, интеллектуалды еңбекпен айна­лы­са­тын зияткерлік орта, зиялы қауым түгелдей ау­дармаға кірісуі қажет. Егер қазақ тілі аудар­ма арқылы өзге тілден сусындап, байып отыр­ма­са, оның қолданыс аясы тарыла береді. Ау­дар­ма кеңейген сайын мамандар өседі. Білікті, білімді орта қалыптасады, бара-бара аударма­шы­лар да жаңа туындылар жазып, автор ре­тін­­де дами береді. Ал аударма жұмысының «қолын байлай­тын» – қаражат. Сондықтан бұл саланы мемле­кет, мекемелер, қоғам, кәсіпкерлер болып кеңі­нен қолдау керек. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы осы бағытта донорларды кеңінен тар­тады. Қаражат болса, қолдау болса  қалған дү­ние өзі келеді, қалыптасады. «Аудармашылар жоқ, аударма мектебі әлсіз» деп жатады. Әри­не, аударма процесі болмаса мамандар білік­ті­лігі артпайды. Аудармашылар аспаннан түс­пейді. Олар күнделікті жасаған жұмыстың нә­тижесінде өседі, жетіледі, қалыптасады, кү­шейеді.    

– БҰҰ мамандарының айтуынша, тіл сақ­талуы үшін 100 мыңдай сөйлеушісі болуы керек екен. Ал жазушы Мұхтар Ма­ғауин: «10 миллионнан асқан халық­тың тілі құрымайды. Құриды деген адам­ның тіліне шоқ түссін» – дейді. Қазақ тілі жер бетінен жоғалып кетеді деген фо­бия­ға негіз бар деп санайсыз ба? 

– Қазақ тілі жоғалып кетеді деген фобияға еш­қандай негіз жоқ. Қазақ тілі дүние жүзіндегі Жа­ратушының ерекше назары түскен тіл ғой. Тіл­дің ішінде ілгері дамыған, өзіне қажетті бар­лық тілдің құрамдас элементтері толықтай қа­лыптасқан, яғни лексикасы өте бай, грам­матикасы жан-жақты зерттеліп, жүйеленіп, қа­ғазға түскен тіл. Артында тәуелсіздігі бар ұлт тұр. Қазақ тілі – тұтас ұлттың, шекарасы бел­­­­­гіленген мемлекеттің тілі. Әлемде мемле­кет­тік мәртебесі бар тілдер саны жүзге жет­пей­ді. Бізде тілге қажетті негізгі талаптарды то­лық­тырып тұрған үлкен қолданыс аясы бар. Ғы­лым, тілдегі мазмұн жасау, ең бастысы сол ті­лде сөйлейтін ортаның мәдениеті бар. Осы­ның барлығы тілге қуат береді. Қазақ тілі – әлемдегі ең мықты, ең тегеурінді жүз тілдің ішінде. Ал енді оның дамуы, бола­ша­ғы, ертеңі бұл сол тілде сөйлейтін ортаға бай­ла­нысты.  Біз өз тілімізде дұрыс сөйлеп, бел­­­сен­ді қолданып, көп оқып, көп жазып, өзге тілдегі орта қызығатын мазмұн шығара бастасақ, онда тілдің әлеуеті, мүмкіндігі арта береді. Қазіргідей ғаламдану процестері ерекше үдеп, күшейіп жатқан заманда барлық тіл, соның ішінде қолданушысы көп француз, испан, тіпті орыс тілінің өзі де тілді сақтауға, дамы­ту­ға арналған арнайы жобалар жасап жатыр. «Русский мир», «Франкофон» ұйымы немесе «Сервантес институты», Конфуций институты осыған дәлел. Сол сияқты Халықаралық «Қа­зақ тілі» қоғамы да осындай бағытта жұмыс істейтін ұйым. Біздің міндетіміз – қолымыз жететін барлық құралдарды пайдалана оты­рып, тілдің дамуына жағдай жасау. Бірақ мұн­дай ұлы мақсатты бір ұйым жалғыз жасай ал­майды. Бізге керегі – қазақша сөйлейтін орта­ның жұмылуы, олардың талғамының, мәде­ниетінің, өресінің өсуі. Қазақша сөйлей­тін орта көп оқып, сауатты сөйлеп, әдемі жа­за­тын болса, тіл қуаты артады. Сонда қазақ ті­лінің жоғалуына да, әлсіреуіне де негіз бол­майды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан  Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ