Жаңа білім беру жобасы – ұлттық жаңарудың бастауы
ХХІ ғасырдың алғашқы 14 жылында адамзат тұтас ХХ ғасырдағы жетістіктерге пара-пар прогреске қол жеткізді.
2023 жылғы 29 қыркүйекте Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз мекемелерінің сайттарында «Баршаға қолжетімді білім сапасы» ұлттық баяндама жобасын жариялады.
Білім саласының қос министрлігі бірлесе жасаған Ұлттық баяндама жобасының кіріспесінде былай дейді: «Өткен ғасырдың 90-жылдардың басында болжам жасауға үлгертпей тез өзгеретін, тосын кезеңге аяқ бастық. Бұрын-соңды көрмеген ақпарат тасқыны шешім қабылдауды қиындатып, не нәрседе де белгісіздікке әкеледі. ХХІ ғасырдың алғашқы 14 жылында адамзат тұтас ХХ ғасырдағы жетістіктерге пара-пар прогреске қол жеткізді. Сарапшылардың пікірінше, бұл ғасырдағы ілгерілеу өткен ғасыр жетістіктерінен мың есе асып түсуі мүмкін». Расында, күн сайын дамып жатқан өзгермелі адамзат қоғамында ақпараттық технологияның қызметі барған сайын артып келеді. Бүгінгі әлемнің келбеті, өмір сүру дағдылары да жаңарып, дәстүрлі білім алу әдістері бұрынғыдан да тез жаңғыру үдерісін бастан кешуде. Сондықтан жобаның үш негізгі бағытында шапшаң дамыған қоғамдағы демографиялық тәуекелді болжамдарды ескере отырып, технологиялық және сандық жаңғыртуға басты назар аударылады. Оған қоса адами капиталдың сапасын жоғарылату, еңбек өнімділігі мен жұмыс орындарының өсуін қамтамасыз ету мәселесін көтереді. Байқауымызша, алдағы уақытта да білім беру саясаты ұлттық және халықаралық объективті өлшемдер негізінде жүзеге асырылады.
Жобада айқындалғандай: «Жасанды интеллект барған сайын көп нәрсеге дағдыланып, болашақта экономиканың барлық салаларында мамандарды алмастырып, кадр қажеттілігін айтарлықтай азайтады. Технологиялық инновациялардың ықпалына ілікпейтін мамандық түрі қалмайды. Ал сарапшыларының болжамына сенсек, алдағы 4 жылда барлық сала қызметкерлерінің жартысына жаңа дағдыларды меңгеру қажет болады, ал болашақта қайта оқып, біліктілік алып отыру қалыпты дүниеге айналады» дейді баяндама авторлары. Демек, жақын онжылдықта барлық мемлекеттерде жұмыссыздар қатары көбейе түсері шындық және бұл құбылыс өз кезегінде әлеуметтік дүмпулерге негіз болуы әбден мүмкін. Бұдан байқалатыны, ұлттық баяндама жобасы алдағы уақыттың болжамды қатерін ескеретін стратегиялық жоспарлы мақсаттарды қолға алып отыр деген сөз. Енді осы игі шаралардың жүзеге асырылуы мемлекеттік ұйымдармен бірге бүкіл ел болып атсалысатын аса өзекті мәселе деп ойлаймын. Ұлттық баяндама жобасында баршаға қолжетімді сапалы білім берудің жаңа бағдарламасы ұсынылған. Ең алдымен, білім беру әдістемелерін заманға сай жаңғырту, педагогтардың білім деңгейін ұдайы жетілдіріп отыру көзделген. Былайша айтқанда, «қазіргі заманғы тенденцияларды ескере отырып, білім берудің жаңа моделін енгізу бағытында жұмыс істеу қажет». Жобаны ұсынушылар «білім беру – оқу» ұстанымынан «білім беру – тұлғаның қалыптасуы мен дамуы» ұстанымына көшуді жөн көреді. Яғни, оқудың барлық кезеңінде – балабақша мен мектеп, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге дейін жеке білім беру бағдарламасымен қамтылады. Бағдарламада еліміздің алдағы онжылдықтағы демографиялық көрсеткіштері де ескеріліпті. Мәселен, елімізде жылына орта есеппен 400 мыңнан астам бала дүние есігін ашады деп болжанса, алдағы үш жылда елдегі колледждер мен жоғары оқу орындарына 1,5 млн астам студент барады екен. Ал 2030 жылға қарай Қазақстанда жұмыс күшінің 80 пайыздан астамы жастар құрайтын болады. Сондықтан білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын кеңейтумен қатар инвестициялау, оқытудың аралас немесе дуальді моделіне көшудің қажеттілігі аталып, білім сапасын көтеру алдыңғы орынға шығарылады. Осы орайда елде білікті мамандардың жетіспейтіні айтылады. Мысалы, қазіргі уақытта жыл сайын 5 мыңнан астам педагог жетіспейді екен. Оқушылардың саны артқан сайын педагог кадрлардың тапшылығы да үдей түсері сөзсіз. Оның үстіне әр жылдары педагогикалық білім алған түлектердің шамамен 20 пайызы басқа салаларды таңдаған. Өкініштісі, мектептердегі мұғалімдердің 16,2 пайызы ғана жоғары санатқа қол жеткізген. Нәтижесінде, Қазақстандағы білім беру көрсеткіші көңіл көншітпейтін деңгейге түскен. Айталық, колледж студенттері арасында жүргізілген бағалау кезінде олардың мектепте оқитын өз тұрғыластарынан 27 балға қалып қойғаны анықталған. Дүниежүзілік білім беру ұйымдарының есебінше, қазақстандық ересектердің математикалық сауаттылығы өзге дамыған елдермен салыстырғанда 35 балға төмен екен. Басқаша айтқанда, олардың математикалық және оқу сауаттылығы екінші деңгейден аспайды деген сөз. 2018 жылы PISA қорытындысы бойынша, біздің еліміздің оқушылары әлемнің 78 елі ішінде 69-орынға ғана табан тірепті. Тәуелсіз сараптамалық деректерге қарағанда қазақстандық мектеп оқушылары цифрлық сауаттылық бойынша 14 мемлекеттің ішінде 14-орын алған. Ал оқушыларымыздың 54 пайызы компьютерлік және информатикалық сауаттылық бойынша ең төменгі 1-деңгейге де жетпеген көрінеді. Бұған қоса, сандық форматтағы оқулықтардың жетіспеушілігі, талапқа сай келетін интернет желісі орта мектептердің 18,5 пайызын ғана қамтылғаны жасырын емес. Ұлттық баяндама жобасының авторлары мектептерде кадрдың жиі ауысатыны туралы да мәлімет берген. Мысалы, қазірде 1 мыңға жуық директордың орны 1 жылдан астам уақыт бос тұр екен. Педагогтарға қоғам тарапынан қатты қысым көрсетілетіні де ашық айтылған. Білім беру мекемелерінің стейкхолдерлермен, инвестор, бизнес, атқарушы билік, түлектер, демеушілер, ата-аналар және жергілікті қауымдастықпен өзара әрекеттесуі төмен деңгейде екені көрсетілген. Яғни, осы аталған қоғамдық және әлеуметтік топтар арасында өзара ынтымақтасқан байланыстың аздығы білім беру сапасына елеулі әсер ететіні шындық. Сол себепті білім берудің барлық салаларында тәуелсіз бағалау критерийлері қажеттілігі туындап отыр. Баяндама жобасында анықталған кемшіліктерден арылудың негізгі тәсілі – сапалы кадр дайындау және қайта дайындау бағдарламаларын жаңарту, білім берудің барлық деңгейінде педагогтардың үздіксіз кәсіби дамуын қадағалауға баса назар аударылған. Осыған байланысты ерекше ескерілетін нәрсе, ауыл мектептері мен балабақшаларды заманауи талаптарға сай жабдықтауды жергілікті атқару ұйымдары қатаң қадағалауы қажет. «Жайлы мектеп» бағдарламасының жемісін алдымен алыс аудандағы қандастарымыз көрсе екен деймін. Рас, қазіргі кезде облыс орталықтарында сапалы білім беруді мақсат тұтқан білім-инновациялық мектептері (BINOM SCHOOL) және ұлттық бағыттағы лицейлер (QAZBILIM) ашыла бастады. Олардың санын көбейтіп, елдегі дарынды оқушыларға тұрақты түрде тегін гранттық орындар бөлуді ойластырған жөн. Сонымен бірге балабақшадан бастап орта және жоғары білім беру мекемелеріндегі мемлекеттік тілдің қолданылуын толықтай жолға қоятын кез келді. Әрине, ана тіліміз өркендемей, ұлттық білім берудегі жетістіктерімізді ауыз толтырып айту артық болар еді. Жобада ЖОО мен колледждердегі білім беру бағыттары бойынша да жақсы жаңалықтар бар. Соның бастыларын ғана атап өтейін. Біріншіден, жаңа бағдарлама біліктілік сертификаты бар студенттердің оқудың 2-3-жылынан бастап еңбекке араласуына мүмкіндік туғызады. Сол үшін екінші оқу жылынан бастап кәсіптік практикадан өту міндетті. Екіншіден, бакалавриат бағдарламаларының кәсіптік бағдарын дамыту мақсатында оқу үдерісіне тәжірибелі маман-практиктерді тарту және жас кадрларды әзірлеуде өнеркәсіп пен бизнес саласының өкілдерімен байланыс деңгейін көтеру әрі олардың өзара жауапкершілігін күшейту көзделген. Сонымен бірге жоғары оқу орындары өндіріс пен ғылымға жасанды интеллект енгізуді қолға алады және жаңа жұмыс орындарын ашуға қабілетті кадрлар дайындаумен шұғылданады. Үшіншіден, ел жастарына қолданбалы бакалавриат бағдарламаларын игеру бойынша екі модель ұсынылып отыр: жоғары оқу орындарында және жоғары колледждерде білім алу. Мұндағы жаңалық – колледж бітіргеннен кейін оқуға түскендерге ЖОО-да оқу мерзімін одан әрі қысқарту жоспарланған. Осы мақсатта жұмыс берушілермен еңбекақы тарифін келісе отырып, мамандық классификаторына және жоғары оқу орындарында оқытудың әр жылындағы курстық дағдыларына өзгерістер енгізу, зерттеу, цифрлық, тілдік және өзге де құзыреттіліктерді қалыптастыру үшін білім беру бағдарламаларының құрылымын қайта қарау қарастырылған. Төртіншіден, «студенттерге оқу нәтижелерін қайта кредиттей отырып, жаппай онлайн-білім беру курс (Coursera, EdX, Open University және т.б.) жүйелері арқылы жекелеген біліктілікті игеруге мүмкіндік берілетіні» айтылған. Қазіргі өзгермелі қоғамдағы түрлі қауіптерді ескергенде, бұл бағытты дамыта беруді құптар едім. Ең қажеттісі, жақын келешекте барлық студенттер үшін әлемдік кітапханалар қолжетімді болмақ және жоғары оқу орындарында сандық жүйе кеңейтіле түседі. Мұның бәрі студенттердің терең және кәсіби білім алуларына жақсы алғышарт жасайтынына сенемін. Заманауи өзгерістердің жылдамдығына қарап, алдағы кезеңде білім мен ғылымда ғана емес, жалпы қоғамда, жасанды интеллект пен сандық технология араласпайтын сала қалмайтынын болжау қиын емес. Осыған орай, «Баршаға қолжетімді білім сапасы» ұлттық баяндама жобасында жоғары оқу орындары жақын келешекте сандық формат жүйесін меңгеріп, «smart-университеттер» моделіне көшетіні туралы сөз болған. Сонымен қатар онда виртуалды және интерактивті платформалар мен жасанды интеллект тәсілдерін оқу үдерісіне енгізу студенттерге теория мен тәжірибелік дағдыларды тиімді меңгеруге мүмкіндік беретіні айтылады. Осы бағытта басталған заманауи білім беру бағдарламалары жалғаса берсе, алдағы жылдары онлайн-курстар, вебинарлар мен қашықтан оқудың басқа да формалары студенттерге өзге елдердің жетекші мамандарынан білім алуға, дамыған елдердің студенттерімен тәжірибе бөлісіп, өзара әріптестік орнатуға кең жол ашпақ. Жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде қолдану әсіресе, жаратылыстану, техника саласындағы мамандықтарды оқытуда елеулі әрі жылдам табыстарға жеткізеді. Бірақ әлеуметтік салаларда, яғни гуманитарлық білім мен ғылымды игеруде жасанды интеллект жетістіктерін пайдалануда елеулі кедергілер бары жасырын емес. Мәселен, интернет платформаларын, түрлі чат-боттар мен қосымшалардың тілі негізінен, ағылшын немесе басқа шет тілдерінде қызмет жасайды. Қазіргі заманда дамыған елдердің білім жүйесінде қолданылатын интернет қосымшаларын тек орыс тілінде ғана пайдалануға мүмкіндік болады. Яғни, жасанды интеллектке негізделген қазақтілді қосымшалар жоқтың қасы. Мысалы, жасанды интеллект арқылы қазақ тіліндегі әр алуан кітаптарды, көркем әдебиет мәтіндерін түрлендіруге немесе талдауға өзге тілде жұмыс жасайтын қосымшалар көмектесе алмайтыны өкінішті. Сондықтан жасанды интеллектіні қолданып, қазақ тілінде қандай да бір көркем шығарма, мақала, эссе жазу былай тұрсын, кәсіби сөздіктерді түзу де қиындық туғызады. Бұл ретте, Ғылым және жоғары білім министрлігі Үкіметпен бірлесе отырып, таяу уақытта интернеттегі қазақтілді контенттің мобильдігі мен қолжетімділігін дамытуға бағытталған шараларды тездетіп қолға алса жақсы болар еді. Ақпараттық технология саласында қазақ тіліндегі оқулықтар да ауадай қажет. Себебі онсыз ұлттық білім мен ғылымның сандық форматқа өтуі кешеуілдей бермек. Мұның өзі тиісінше заманауи әрі қолжетімді білім сапасының артуына кері ықпал ететін басты фактор деп білемін. Сол себепті, жаңа технологияларды белсенді түрде әрі көптеп енгізу қажет, бұл жоғары сапалы білім беру және жүйенің тиімді жұмыс істеуі үшін қолда бар ресурстар мен инфрақұрылым мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Сандық технологияларды білім жүйесіне бейімдеу мен оқушыларға үйрету адам капиталын жылдам дамуына оң әсер етеді. Ал білім алу нәтижелеріне қол жеткізуде цифрлық технологиялардың алатын орны зор, оқыту мәселесіне келгенде бұл басымдықты түсіндіріп жатудың өзі артық. Бұл жердегі мәселе – білім алуға тән негізгі процестердің тиімді жүзеге асуына технологиялардың қалай жол ашатынын анықтап көрсету. «Баршаға қолжетімді білім сапасы» ұлттық баяндама жобасы жайлы түйіндеп айтар болсақ, бұл жоба кезекті құжаттың бірі болып қана қоймай, нақты іс-әрекет үлгісіне айналса деген үміттемін. Бұл жобадағы мақсат-міндеттер дер кезінде жүзеге асырылса, Қазақстандағы қазіргі білім беру жүйесінің әлеуеті күрт артып, білім сапасы жоғарылай түсері күмәнсіз. Әлі де оқытушыларды негізгі – білім беру қызметіне кедергі келтіретін қосымша жұмыстар мен жалаң есепке құрылған нәтижені талап ететін қағазбастылықтан босатып, олардың шығармашылық дамуына жағдай туғызу қажет-ақ. Тағы бір қадап айтылатын жайт, ауыл мектептерінің тезірек «жайлы мектепке» айналып, шалғай шеттегі оқушылар қала мектептеріндегідей баршаға қолжетімді сапалы білімге қол жеткізсе екен дейміз. Өйткені дүрбелеңге толы дүниеде білім мен ғылымға арқа сүйеген ел ғана халқын бақытқа кенелтеді. Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының: «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі – тұман» деген өсиет сөзі ұлт ұстаздары мен шәкірттердің басты бағдаршамы болуы керек. «Білім берудің шын мәнінде жалпыұлттық басымдықтарын анықтап, балаларымыз үшін, жаңа ұрпақ үшін кемел келешекке жол ашар, бәріміз армандайтын білім беру жүйесін құруда ортақ жауапкершілік алатын кез келді. Алдағы онжылдықта балалар мен жастарға сапалы білім беру мәселесі ұлттық идеяға айналуы тиіс», – дейді Ұлттық баяндама жобасының авторлары. Расында, көптің көкейінен шығатын осы тектес ізгі идеяны Қазақ халқы ұзақ күтті.
Серікбай ҚОСАНОВ, түркітанушы-ғалым, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты