Мәскеудегі Қазақстанның Елшілігінде «Үш жүз қазақ ертегісі» екі томдық кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жинаққа ХIX – ХХ ғасырдың бірінші жартысында жинақталған, орыс тіліне аударылған және әртүрлі басылымдарда жарияланған қазақ халық ертегілері енгізілген. Оған белгілі фольклортанушы Виктор Сидельников дайындаған Қазақ КСР Ғылым академиясының үш томдық (1958-1964) басылымының мәтіндері негіз болды.
Іс-шараны ашқан Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев жинақты қазақ халқының бай мәдениетін танытатын жай ғана кітап емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан, шекараны білмейтін сиқырлы, шытырман оқиғалы және даналық әлемі деп атады. Ол екі томдық кітап әркімге балалық шаққа қайта сүңгіп, ертегі оқиғасын жаңаша сезінуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Елші шығармашылық ұжымға қазақ әдебиетіне осындай жылы көзқарасы үшін алғысын білдірді.
«Весь Мир» баспасының директоры әрі бас редакторы Олег Зимарин Қазақстанға сапарларының бірінде қазақ ертегілерімен таныс болғанын еске алды. «Ертегілер – ұлттық болмыстың, мінездің, психологияның, адамдық даналықтың көрінісі. Қарапайым өмірде біз ұлттық фольклорға қаншалықты қаныққанымызды да толық түсінбейміз», – деді ол.
Жоба Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы Елшісі Ермек Көшербаевтың бастамасымен және қолдауымен жүзеге асты. Кітаптағы иллюстрацияларды жас суретші Әйгерім Уәлиханова мен Ксения Буркова жасаған.