Қоғам

Елімізде қанша адамның жұмыссыз жүргені белгілі болды

Фото: ашық дереккөз

Болашақта техникалық мамандарға да сұраныс артады.

Елімізде 452 мыңнан астам адам жұмыссыз. Сәйкесінше, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету саласында маман тапшы. Болашақта техникалық мамандарға да сұраныс артады, деп хабарлады turkystan.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі мамандары осылай деді. Ведомство өкілдері Қазақстан жаһандық сын-тегеуріндер мен үрдістерді ескере отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы әзірленгенін атап өтті, деп жазады qazaqstan.tv.

Құжат экономиканың, әлеуметтік тұрақтылық пен елдің дамуының маңызды құрамдас бөлігі ретінде тұрақты еңбек нарығын қалыптастырады.

«Бізде қай саланы алмасаңыз да, елімізде кез келген салада білікті мамандардың жетіспеушілігі көрініп тұр. Жетіспеушіліктің орнын жабу үшін біз жаңағы айтып кеткен тұжырымдамамызда осы екінші бөліміне бет бұрдық. Еліміздің маман дайындау бағытындағы ілгерілетілген жұмыстардың қажеттілігі одан басқа осы мамандарды дайындау барысында біліктілігін арттырып отырудың өзі қазіргі елдің қажеттілігі деп айтуға болады», - деді Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов.

Конференцияға үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова да қатысты. Вице-премьер қазір әлемдік еңбек нарығы жаңа жаһандық үрдістер мен сын-тегеуріндерге тап болып отырғанын жеткізді.