Жаңалықтар

Ақтөбеде ер адам мейрамхана қызметкеріне қол жұмсады (ВИДЕО)

polisia.kz

21 жастағы жігіт иегінен жарақат алып, ауруханаға жүгінді.

Ақтөбеде ер адамның мейрамхана қызметкерін ұрған сәті бейнекамераға түсіп қалды, деп хабарлады turkystan.kz.

Оқиға 23 қазанда сағат түнгі 02.00-де Ақтөбе қаласындағы мейрамханалардың бірінде болған.

«Мейрамханаға тамақтануға келген 28 жастағы кәсіпкер жігіт даяшының қызметіне көңілі толмаған. Мәселені шешу үшін ол менеджерді шақыртқан. Әрі қарай мән-жайды талқылау барысында ашуға мінген келуші жігіт бұзақылық ниетпен жас менеджерді бетінен ұрып құлатқан», – делінген ІІМ-нің хабарламасында.

Соққы салдарынан 21 жастағы жігіт иегінен жарақат алып, ауруханаға жүгінді.

Тәртіп сақшылары күдіктіні анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Бұзақылық дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.