Саясат

Экс-министр Бекетаев елден қашпақ болды – Бас прокуратура

ашық дереккөз

Бас прокурордың орынбасары «Әуежайда ма?» деген журналистің сұрағына шенеунік «иә» деп жауап берген.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевтың елден қашпақ болғанын мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Қылмыстық іс лауазымды өкілеттігін асыра пайдалану бойынша қозғалды. Мемлекетке аса ауыр көлемде шығын келтірілді. Бекетаев елден жасырынбақ болған кезінде ұсталды. Қалған мәлімет тергеуге байланысты жария етілмейді», - деді Шындалиев.

«Әуежайда ма?» деген журналистің сұрағына шенеунік «иә» деп жауап берген.

Еске салсақ, 23 қазанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевтың ұсталғаны туралы ақпаратты растаған болатын. Бекетаевқа лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айып тағылды.

Ұсталғаннан кейін оған 2 ай түріндегі қамауға алу шарасы қабылданды.