Жаңалықтар

Республика күні қарағандылық сақшылар ант қабылдады

polisia.kz

Ұлттық ұланның үрмелі оркестрының сүйемелдеуімен салтанатты шеру жасаған тәртіп сақшылары қызмет өткеруге аттанды.

Республика күні Қарағанды облыстық полиция департаментіне қызметке тұрған жас мамандар ант қабылдады, деп хабарлады turkystan.kz.

Polisia.kz сайтының мәліметінше, салтанатты іс-шара Республика даңғылындағы Ту тұғыр алаңында өтті. 

Алдымен тәртіп сақшыларының алдына мемлекеттік ту әкелініп, гарнизондық сапқа тұрғызылған ел қорғандары әнұранымызды орындады. Осыдан кейін сап түзеген 20 жас қызметкер cалтанатты түрде ант қабылдап, ел ертеңі үшін еңбек етуге серт берді. 

«Бүгін сіздер үшін есте қалатын елеулі күн. Ішкі істер органдарының қатарына қосылып, ант қабылдаумен құттықтаймын! Сіздерді антқа адал, сертке берік болады деп сенемін. Еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Ел іргесі берік, Отанымыз тыныш болсын. Мереке құтты болсын», – деді Қарағанды облысы ПД бастығы Санжар Әділов. 

Ұлттық ұланның үрмелі оркестрының сүйемелдеуімен салтанатты шеру жасаған тәртіп сақшылары қызмет өткеруге аттанды.