Жаңалықтар

Мұстафа Шоқай және Керенский

ашық дереккөзі

Мұстафа Шоқай және Керенский

1916 жылдың соңына таман Түркістан өлкесі мен Далалық генерал-губернаторлығында болған көтеріліске байланысты Мемлекеттік Думаның бір топ депутаттары Министрлер Кеңесінің төрағасына, соғыс, ішкі істер және юстиция министрлеріне сауал қойып, мәлімдеме жасады. Сауал мемлекеттің қорғанысының қажеті үшін жұмыстарға бұратана халықты тарту туралы патша жарлығын орындау кезінде орын алған оқиғаларға байланысты тұтанған көтеріліске қатысты болатын. Үкімет пен министрлерге мынадай сауал қойылды: 1) Негізгі заңның бұзылған бабтарының күшін қалпына келтіру үшін қандай шаралар істелінді? 2) 1916 жылғы 25 маусымдағы патша жарлығын орындау кезінде билікті асыра пайдалануға жол бергендерге қатысты қандай шаралар қолданылды? Үш депутаттық топ сауал қойған: бірінші топта – 31 депутат, екінші топта – 35, үшінші топта – 31 депутат болған, барлығы думаның 97 мүшесі қол қойыпты, олар әр түрлі партиялардың, фракциялардың өкілдері болатын, оның ішінде мұсылман фракциясының өкілдері де бар. Дума мәжілісінің арнайы күн тәртібіне Түркістан өлкесі мен Далалық генерал-губернаторлығында орын алған  көтерілістің шығу себебі ашық қойылып, талқыға салынуының да саяси маңызы болды, себебі мәжілісте көтерілген мәселе ағымдағы аса өзекті де өткір мәселе болатын. Дума мүшелері мұны жасырып-жаппай, Думаның жабық өткен мәжілісінде ресми түрде ашық түрде батыл қойды. 1916 жылғы 25 маусым жарлығынан кейін, бұрын тыныш, бірқалыпты тіршілік етіп келе жатқан отарлы аймақтағы халықтың бас көтеріп, ашық қарсылық білдіріп, көтеріліске шығуы күтпеген оқиға еді, сондықтан Дума мүшелері бұл жағдайға бейжай қарай алмады. Түркістан өлкесіне, Далалық генерал-губернаторлығына барып, жағдайды өз көздерімен көріп, жергілікті халықпен сөйлесіп, мол материалдар жинап, зерттеді, жағдайдың мән-жайын саралағаннан кейін барып бұл өткір мәселені Мемлекеттік Думаның күн тәртібіне қойды, Министрлер Кеңесінің төрағасын, министрліктің басшыларын жауап беруге міндеттеді. Жүзге жуық Дума мүшелерінің сауалдары мен көтерген мәселелері аяқсыз қалмады. Алайда Думаның мәжілісіне көтеріліс аймақтарынан бірде-бір куәгер, бірде-бір өкіл қатыса алмады. Осыған орай Думаның осы мәжілісіне қазақ зиялылары тарапынан түсірілген шағым, мәлімдемелер болды ма деген сауал да оралары сөзсіз. Дума мүшесі Джафаровтың мәжілісте сөйлеген сөзінде мұсылман фракциясына жер-жерден келіп түскен шағымдар мен өтініштер, талап-тілектер мен сұраулар өте көп, ол барлық көтеріліс аймақтарынан жіберілген, сондай-ақ Петроградта Түркістан өлкесі мен Далалық генерал-губернаторлығынан шағыммен келіп, ведомстволардың алдына кіре алмай жүргендер де аз емес деп арнайы тоқталғанына қарап, далалықтардың да өз мүдделері мен құқықтары жолында қол қусырып қарап қалмағанын байқаймыз. Қалай болған күнде де Түркістан өлкесі мен Далалық генерал-губернаторлығындағы қанды оқиға соғыстан әбден титықтаған, экономикасы мүлдем күйзеліп, ішкі қатынастары әбден ширыққан, дағдарыс құрсауына түскен Ресей империясында, оның Мемлекеттік Думасында өткір қойылып, империяның отарлық саясаты тас-талқан етіліп сыналды, үкімет пен ведомство басында отырған дарынсыз басшылардың орыс халқының атына кір келтіргенін, масқаралық жағдайға алып келгенін депутаттар сынап, талқыға салды. Дума мүшелерінің өз пікірлерін Дума мінберінен батыл әрі ашық түрде көтеріп, көтерілістің шығуына кінәлі адамдарды атап көрсетіп, олар қылмыстық іске барды деп айыптауы – шын мәнінде тарихи, саяси үлкен оқиға болды. Орталық Азия мен Қазақстанның езіліп-жаншылған, қойдай қырылған халқының құқығын қорғап, оларды ақтап сөйлеген депутаттардың көзқарастарының беріктігін, позицияларының тегеурінділігін, саяси да, құқықтық та тұрғыдан сауаттылығын құжаттардан айқын байқаймыз. Жергілікті патша әкімшілігінің іс-әрекеттеріндегі заңсыздықтарды, қызмет бабын асыра пайдаланушылықты, жергілікті халық құқының аяққа тапталуын ашық сынады, қыруар материалдар мен документтер құжаттарға негізделген, көтеріліске қатысты бұл мәселелер Ресей зиялы қауым өкілдері, Думаның мүшелері арасында ашық күнгі найзағайдай әсер еткені анық. Жүздеген Дума мүшелері үкіметтің әділетсіз саясатын, империяның дәрменсіздігін аяусыз әшкереледі, себебі империяның тұтастығы тозығы жеткен матадай сетіней бастаған-ды, екінші жағынан бұл кезең Ресейдегі ішкі қайшылықтың да әбден шегіне жетіп шиеленісіп, дүние дидарын өзгертіп жіберетін әлемдік сипаттағы қоғамдық сілкініс пісіп келе жатқан кезең болатын. Патшалы Ресей әлеуметтік дауылды бұрқасынның алдында тұрды. Ресей империясын 300 жылдан астам уақыт бойы билеп-төстеп келген Романовтар әулетінің билігі аяқталып, күнінің батып келе жатқанынан тарихи дүмпулер хабар беріп те тұрғандай-ды. Ресей империясы тарихында алда болатын әлеуметтік революцияның да таяп қалғанын, әйтеуір үлкен бір алапат төңкерістің, сілкіністің болмай қалмайтынын, қоғамның әбден қайшылыққа ұрынып, дағдарыс пен тұйыққа тірелгенін күйреген экономикасы да айқын аңғартып берді. Ал экономикалық дағдарыс әлеуметтік қайшылықты тіптен шиеленістіріп, отаршылдық езгіні одан әрі күшейтіп жіберді, ал мұндай жағдай қоғамда қалайда реформа жүргізуді талап етті. Ресей Мемлекеттік Дума мүшелері, міне, орын алып отырған қайшылықтар, ішкі саясаттағы дағдарыс, оның зардаптары дала халқының шаруашылығын мүлдем күйзелтіп, тұралатып кеткенін, көтеріліс салдарларын мемлекеттік деңгейде қойды, қоғамдық пікір талқысына салды, сөйтіп демократиялық күштер өз мүмкіндігі, құқығы шегінде күресе білді. Түркістан өлкесі мен Далалық генерал-губернаторлығына іс-сапармен барып, жағдайды өз көздерімен көріп, қыруар құжаттар алып, зерттеген депутаттар тобы өз міндеттерін, азаматтық парыздарын барынша обьективті атқаруға тырысты. Олардың, әрине, Ресей империясының мүддесін көздегенін біз жоққа шығара алмаймыз, дегенмен Дума мүшелері Түркістан өлкесі мен Далалық генерал-губернаторлығын қазына байлығы мол Ресейдің провинциясы ретінде қарағанымен де, бұл отарлы аймақ әкімшілік тұрғыдан дұрыс басқарылмай алысты болжай алмайтын тайқы маңдайлардың халықты аяусыз қырғынға тап қылып отырғанын жазғырды, мұны қылмысты іс-әрекет деп бағалады. Қалай болғанда да көзқарастарында қайшылықтар бола тұра, әртүрлі партиялардың мүдделерін көздегенімен де оппозициялық партия мүшелері 1916 жылғы көтеріліске өз көзқарастарын ашық білдірді, мұның өзі Дума мүшелері блогы үкіметтің мемлекетті тығырық пен дағдарысқа ұрындырған ішкі, сыртқы саясатының әділетсіздігін қоғам алдында төтесінен қойды, үкіметтің дәрменсіздігін мойындатты, мұның өзі де үлкен тарихи акті еді. Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты Дума мүшелері тарапынан қолдауға ие бола алмады, қайта айыпталып, кінәлі адамдарды жауапқа тарту мәселесі ашық көтерілді. Әсіресе, Саратов губерниясынан сайланған Дума мүшесі Керенскийдің сөзі өте өткір, салмақты болды, ол патша жарлығының өзі негізгі заңға қайшы келетінін, соған орай соғыс министрінің бұйрығы да заң талаптарын, баптарын бұзып отырғанын, ал мұның салдары көтеріліске алып келіп, қайғылы оқиғаға ұласқанын дұрыс баяндады. Патша жарлығы жарияланып, оны іске асырған адамдарды – кінәлілерді іздейтін болсақ, онда оған кінәлілер осы жарлықты шығарушылар деп жарлықтың заңсыздығына баса назар аударды. Мұндай үлкен маңызды шараларды жүргізе отырып, жергілікті үкіметтен бұл шараны өткізу мүмкін бе, шиеленіс тудырып алмас үшін қалай, қайтіп өткізу қажет, кімді шақыру керек, жергілікті жағдай нені талап етеді деген мәселені сұрап бас қатырмады, себебі Түркістан мен далалық қазақ облыстары – бұл Тула, болмаса Тамбов губерниясы емес. Дума мүшесі ең алдымен патша жарлығының егісті жинау, жиын-теріннің нағыз қызып тұрған шағында бүкіл еркек кіндіктілерді жаппай мемлекеттің қорғаныс жұмысына тартуы, оны шұғыл түрде іске асыруға кірісіп кетуі – қателік болды деп санады. Мұндай жаппай мобилизациялау жұмысы Ресей губернияларына қатысты болса, онда ол жерлерде де қарсылық туатын еді, ал оның зардабы қандай болары белгілі емес пе деді.