Жаңалықтар

Астанада Республика күні қарсаңында бірқатар үлескер пәтер кілтін алды

instagram.com

Биыл Астанада құрылысы ұзаққа созылған 30-дан астам тұрғын үй кешенін аяқтау жоспарда бар.

Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады turkystan.kz.

«Біз 10 жылға жуық тарихы бар құрылысы ұзаққа созылған нысанды аяқтадық. «Алтын бұлақ» тұрғын үй кешенінің құрылысы сонау 2014 жылы басталған. Үйдің 5 блогы салынуы керек еді. Ал үлескерлер саны – 400-ге жуық отбасы.

Тұрғын үй кешенін өткізген кезде құрылысының 20 пайызы ғана аяқталған. Осылайша, тұрғын үй кешенінде ауқымды жұмыс жүргізілді, себебі құрылысынан бөлек гараждарды сатып алу, инженерлік желілерді толықтай орнату, құжаттарды ретке келтіру және т.б. қажет болды.

Республика күні пәтер кілтін 2, 3, 4 блок үлескерлері алды. 1 және 2 блоктарда жұмыс жүріп жатыр», - деді Астана әкімі.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, биыл құрылысы ұзаққа созылған 30-дан астам тұрғын үй кешенін аяқтау жоспарда бар. 

«Бұл – 4 мыңға жуық үлескер отбасы. Бұл үйлердің бір бөлігі салынып бітті. Осыған дейін 12 мыңға жуық үлескер отбасының мәселесі шешілген болатын. Бұл – 120 тұрғын үй кешені.

Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуы Мемлекет басшысының бақылауында», - деді ол.