Биыл 33 нысан саудаға шығарылады
Биыл 33 нысан саудаға шығарылады
Биылғы жылы құны 5 миллиард теңгеден асатын 33 нысан саудаға шығарылады, – деп хабарлайды Астана арнасы.
Жекешелендіру бағдарламасы бойынша «Самұрық-Қазына» қорының ірі 9 нысанын айтапағанда, республикалық меншіктегі барлық нысандардың сатылымы 2017 жылы аяқталады деп жоспарланған. Бұл туралы Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде ведомствоның вице-министрі Берік Шолпанқұлов мәлімдеді. Жиын барысында Берік Шолпанқұлов коммуналдық нысандарды жекешелендіруге белсене қатысқан аймақтарды да атап өтті. Оның мәліметінше, жекешелендіруге белсене қатысқан аймақтар қатарында Қостанай мен Шығыс Қазақстан өңірлері және Алматы қаласы көш бастап тұр. Өткен жылы жекешелендіруден ел қоржынына 4 миллиард 285 миллион теңге түскен.
Сонымен қатар, өз сөзінде Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бизнесті жөн-жосықсыз тексере беретін қол астындағы лауазымды тұлғаларға ескерту жасады. Бақыт Сұлтанов былтыр жүргізілген 76 мың тексерістің 23 мыңы рейдтік негізсіз тексеріс болғанын да келтіріп өтті.
ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов: «Менің кәсіпкерлерге айтатыным, онлайн-кассалық машина болу керек. Оны орнатуларыңызды сұраймын. Ондай жағдайда ешкім сіздерді рейдтік тексерістермен қинамайды. Біз өзіміздің қызметкерлерге қатаң қарайтын боламыз. Егер тексеріске қатысты нақты деректер анықталса, қызметкерлерімізді жұмыстарынан қууға дейін барамыз», – деп қадап айтты.