Жаңалықтар

Атырау облысында мектеп формасын кимеген оқушылардың ата-аналарына айыппұл салынады

Zakon.kz

Атырау облысындағы 200-ден астам мектепте 148 мың оқушы білім алуда.

Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар орындалмаған жағдайда оқушының ата-анасына айыппұл салынады, деп хабарлады turkystan.kz AtyrauPress сайтына сілтеме жасап.  

Атырау облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердібек Таишевтің айтуынша, бұл жөнінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 409-шы бабында көрсетілген.

«Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы № 26 бұйрығымен мектеп формасына қатысты 49-шы бабында балаға форма кигізу, оны мектептен қалдырмау секілді басқа жауапкершілік ата-анаға жүктелген. Ал егер осы талаптар орындалмаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 409-шы бабының 2-ші тармағына сәйкес ескерту немесе бес  АЕК көлемінде айыппұл  салынады», - дейді Б.Таишев.

Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 409-шы бабының 2-ші тармағында былай деп жазылған: «Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы – ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады». 

Бердібек Таишевтің берген ақпараты бойынша, былтыр Атырау облысында бір ата-анаға айыппұл салыныпты.

«2017-2018 оқу жылында 59 ата-анаға қатысты материалдар түсті. Соның ішінде, 19 ата-анаға іс қозғалып,  4 ескерту, ал 15 ата-анаға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды. 2021 жылы 2 ата-анаға іс қозғалып,  «ескерту» түрінде шара қолданылды. Былтыр 1 ата-анаға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды», - деді департамент басшысы.

Айта кетейік, бес айлық есептік көрсеткіш  17 мың 250 теңгені құрайды. Атырау облысындағы 200-ден астам мектепте  148 мың оқушы білім алуда.