Жаңалықтар

Ауыл әкімдерінің 60 пайызға жуығы ауысты

ашық дереккөз

Президенттің айтуынша, ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың енгізілуі саяси реформадағы аса маңызды қадамның бірі болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің жеті жылға бір рет қана сайлануы мен аралас сайлау жүйесі енгізілуі саяси реформаның басты мазмұны екенін атап өтті.

 «Еліміз соңғы жылдары түбегейлі жаңғырды. Біз ауқымды, бірегей конституциялық реформа жасадық. Бұл маңызды қадам біздің геосаяси ортамызды алып қарасақ, теңдессіз реформа болды.

Жалпыұлттық референдумда халқымыз бұл өзгерістерге барынша қолдау білдірді. Азаматтардың саяси үдеріске қатысу мүмкіндігі айтарлықтай артты. Мемлекет пен қоғамның қарым-қатынасы жаңа сипатқа ие болды. Яғни, жалпыұлттық диалогтың ауқымы кеңейді

Осыдан тура бір жыл бұрын мен ауқымды сайлау кезеңі басталатынын айтқан едім. Қысқа мерзім ішінде Президент, Сенат пен Мәжіліс, барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы кезең-кезеңімен өтті. Оның бәрі жаңа әрі әділ ережемен жүргізілді. Бұл сайлаулар азаматтарымыздың саяси және сайлау мәдениетінің деңгейі өскенін көрсетті.

Ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың енгізілуі саяси реформадағы аса маңызды қадамның бірі болды. Қазірге дейін 1900-ден астам ауыл округында сайлау өтті. Ауыл әкімдерінің 60 пайызға жуығы ауысты.

Жақында аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін азаматтарымыз тікелей сайлайтын болады. Әзірге жаңа тәсілдің тиімділігін байқап көреміз. Адам құқығын қорғау жүйесі жетіле түсті. Конституциялық Сот қайта құрылды. Омбудсмендердің мәртебесі көтеріліп, құзыреті кеңейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға жаза күшейтілді», - дейді Тоқаев.