ҮШТАҒАН: Димаш. Қанат. Әлеуметтік желі
ҮШТАҒАН: Димаш. Қанат. Әлеуметтік желі
МЕН «ЕКІНШІ ВИТАС» ЕМЕСПІН...
«Талант – тас жарады». Димаш Құдайберген Қытайда өтіп жатқан «Мен әншімін» байқауының алтыншы турынан да өтті. Соның үшеуінде көш бастап, ұпай санымен топ жарып келеді. Оның кең тынысты әуеніне тек қытайлықтар ғана емес, әлемнің бар өнер сүйер қауымы тәнті болуда.
«Кристин Орбет (Германия): Мәссаған!.. Мына жігіттің көмейінде тенор мен сопраноның арасындағы, ерге тән дауыс пен әйелге тән үн арасындағы бүкіл дыбыстар гаммасы түгел жүр ғой! Тұла бойым тітіркеніп кетті»
«Иан Стюарт (Ұлыбритания): Құдайым-ау, қандай ғажап! Қайта-қайта тыңдап отырмын. Осындай да дауыс болуы мүмкін бе? «Мүмкін» дейтін шектен де шығып кеткен диапозон ғой мынау! Жаратқанның өзі берген дарын. Қуанышым кеудеме сыяр емес. Видеоны бөліскендеріңізге рахмет!».
«Эса Сейтту (Швеция): Менің бұл әнді тыңдап отырғаныма бірнеше сағат болды, тіпті, тоқтай алар емеспін. Әннің не туралы екенін де білмеймін. Мынау – адамның емес, періштенің дауысы. Музыка арқылы соғысты тоқтатуға бола ма? Иә, мына жігіт тоқтата алады. Мен әлемнің жеті кереметі туралы естігенмін. Бірақ, мына әншінің ғажайыбы бәрінен асып түсетін сияқты. Мынадай дауысты жаратқан Құдайға енді сенбесіме амал жоқ!». (Әлеуметтік желіден аударған Сәкен Сыбанбай).
Димашты ел-жұрт алдыңғы жылдың күзінен бастап кең түрде тани бастады. Белорусь астанасы Минскіде біраз жылдардан бері «Славян базары» атты халықаралық ән байқауы өтіп келді. Өткен жылға дейін біздің бірнеше танымал әншілеріміз қатысып, жүлделі орындардан көріне алмай жүрген еді. Ал Димаш ән байқауының халықаралық төрешілерінің талап-талғамынан шығып, бас бәйгені жеңіп алды. Бөркімізді аспанға атып қуандық. Әкесі Қанат Айтбаевтың айтуына қарағанда Димаш сонда ұйымдастырушылар алдында өзгеше мінез көрсеткен екен. Ол: «Неге мен ән байқауында жеңіп тұрып, қазақ тілінде шырқай алмаймын?», − деп төрешілердің орыс не, еуропа халықтары тілдерінде ән орындау талабынан бас тартқан. Анасы Света телефоннан: «Димаш, ұйымдастырушылардың талабы солай болса, келісе салсайшы», − дегенде ол: «Жоқ, мама, мен келесі әнді қазақ тілінде шырқаймын», − деп табандылық танытқан. Ұйымдастырушылар алқасының көнбеске амалы қалмаса керек. Сахнада қазақтың халық әнін әуелете салғанда төрешілер алқасы мен сан мыңдаған көрермендер ұзақ қол шапалақтауымен қошемет көрсеткен. Ия, тәуелсіздіктің баласы басқаларға тәуелді болғысы келмей өз жүрек қалауын көрсетті. Бұған қалай қуанбайсың.
Димаш: «Мені қазақтың Витасы», «Екінші Витас» деген теңеулерді әлеуметтік желілерден оқып, естіп те жүрмін. Әрине, Витас жақсы әнші, оны іштей құрметтеймін де. Бірақ мен жұрт айтқандай «Екінші Витас» емеспін. Музыкадан хабары бар адамдар мені жақсы түсінеді», − дейді. Иә, ол қазаққа Құдай берген әнші Димаш!
Халқымызда «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген ұлағатты сөз бар. Өткен ғасырда қазақта небір дүлдүл әншілер болған. Арғысы Ақан, Біржан, Әсет, бергісі Амангелді Сембаев пен Эрик Құрманғалиев. Солардың қай-қайсысының да тағдыр-талайлары оңай болған жоқ. Алғашқы үшеуін сол кездегі «игі жақсылар» түсінбеді. Ал соңғы екеуінің түбіне басқалардың қызғаныш деген қызыл иті жетті. Қызғаныш қазіргі өнер адамдарының арасында да жоқ емес, бар. Димашты Жаратқан иеміз тіл-көзден, сондай қатыгездерден сақтасын дейміз.
Димаш ұлттың әншісі. Түсінген адамға ол ұлттың рухани байлығы. Аман болса, әлі талай рет халық әндерін талай елдердің сахналарында шырқап, қазақты әлемге таныта берер. Оған сеніміміз де зор. Димашқа тек қолдау керек. Халықтың қолдауы бір басқа да, биліктің қолдауы бір басқа. Мұндай таланттар әлеуметтік жағдайдан ешқандай таршылық көрмесе дейміз. Иә, ол той бизнеске барса ақшадан да, мақтау-мадақтаудан да кенде болмасы анық. Бірақ солардың оны жолдан тайдырып жібермесіне кім кепіл. Билік оны содан сақтап, өнерін барынша жетілдіре беруіне жағдай жасаса, Амангелді Сембаев ағасындай Италияның әлемдік сахнаға айналған Ла-Скала төрінде өзге елдердің әуендерімен қатар қазақ әнін де шырқап тұрса, ұлт үшін үлкен мәртебе емес пе?! Лайым Димашты сондай биіктерден көре берейік.
ЖАРАЙСЫҢ, ҚАНАТ!
Кеңес өкіметі кезінде кәсіпқой бокстың хабарын анда-санда «Спорт» газетінен оқитын едік. Ол кезде Кеңестер Одағында әуесқой бокс қана насихатталатын. Тәуелсіздік алғаннан бері біздің боксшылар да кәсіпқой шаршы алаңда өнер көрсетіп, жақсы жетістіктерге қол жеткізе бастады.
Жұртқа жақсыдан гөрі жамандық тез жұғады. «Фейсбукті» осылай да пайдалануға болады екен ғой дейтіндер қатары көбейіп жатса сол жаман. Ұлттық тәрбиеге нұқсанын келтіреді. Несін жасырайық, келтіріп те жатқан жоқ па. Мұндай әлеуметтік кесел қашан, қайдан пайда болды? Оның бірден-бір себебі биліктің ең тиімді тәрбие құралы болып табылатын әдеби кітаптарға көңіл бөлмеуінен басталды десек, асылық айтпаспыз. Қазір әдебиетті насихаттау мүлдем жоқ. Жыл сайын аздаған жазушылардың кітаптары аз тиражбен шығады. Кітапханаларға ғана бір-екі данамен түскен кітаптар қай оқырманға жетсін. Әлгі ұрысып-керісіп жатқандардың кітап оқымайтыны, театрға бармайтыны айдан да анық. Кітаптардан әдеби шығармалар оқыса, газет-журналдардағы тағылымды материалдарға көз жүгіртсе, театрлардан спектакльдер көрсе, ондай былапыт сөздер айтып, мәдениетсіздікке бармаған болар еді.
«Ештен кеш жақсы». Билік ақын-жазушылардың шығармаларын кітап етіп шығарып, насихат жұмыстарын жүргізсе, бәлкім әлгіндей жандар құлақ асып, имандылыққа келер. Ғұламалар «Кітап – рухани азық, тәрбие құралы» деп бекер айтқан ба?!