Жаңалықтар

«Мыңжылдықтар» мен «Z» буыны еліміздің негізгі жұмыс күшіне айналады

ашық дереккөз

Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы талқыланып жатыр.

«Ашық НҚА» порталында қоғамдық жария талқыға салу үшін Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы құжаттың мәтіні жарияланды, деп хабарлады Turkystan.kz.

Үкімет қаулысының орындалуын бақылау Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктелді.

Айта кетейік, қолданыста еңбек нарығын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары бар. Құжатта межелі мерзімге дейін жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға төмендетіп, сапалы жұмыс орындарының санын 3,5 миллионға дейін ұлғайту қажет екені нақтыланған.

Талдау көрсеткендей, Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында жоғары өмір сүру деңгейіне қол жеткізуге, табысты әділ бөлуге, сапалы білім беру арқылы азаматтар арасындағы теңсіздікті азайтуға басымдық берілген. Ерекше атап көрсетерлігі, қарапайым экономикадан («қарапайым заттар» экономикасы) күрделі экономикаға (күрделі және технологиялық дамыған тауарлар) көшу көзделген. Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру арқылы еңбек нарығының жаңа идеологиясын әзірлеу талабы қойылған.

Бүгінгі таңда Қазақстанның еңбек нарығы бірқатар проблемалар мен сын-тегеуріндерге тап болып отыр. Еңбек өнімділігінің төмендігі, экспортқа тәуелді экономиканы әртараптандырудағы кемшіліктер, қызметкерлердің еңбек нарығының талабына сай келмеуі, кәсіптік білім беру мен оқыту жүйесіндегі олқылықтар сонымен қатар бейресми жұмыспен қамтудың жоғары үлесі мәселе туғызып отыр. Әйелдер мен жастардың және мүгедектердің жұмысқа қолжетімділігі мен мен мардымсыз жалақысы да өзектілігін жоймай тұр.

Еңбек нарығының қазіргі жағдайы экономиканың күрделілік деңгейімен анықталады. Қазақстан осы көрсеткіш бойынша әлемде 81-орында тұр. Бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш емес.

Жасыратыны жоқ, қазіргі жұмыс күшінің сапасы еңбек нарығын қанағаттандыра алмай отыр. Бизнестің сұранысы мен жұмыс күшінің ұсынысы бір-біріне сай емес. Алдағы 10 жылда еңбек нарығына келетін мамандардың да сапасы сын көтермейді. Бұған Қазақстанның PISA рейтингіндегі 79 елдің ішінде 69-орында тұрғаны дәлел.

Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында жаңа демографиялық толқынның аға буынға ұқсамайтынына назар аударылған. 

Бұл туралы құжатта: «2030 жылға қарай Қазақстандағы жұмыс күшінің 74 пайызы аға буыннан айтарлықтай ерекшеленетін «Мыңжылдықтар» мен «Z» буынын білдіретін болады. Олар жаңа мінез-құлық пен құндылықтарды таңдайды, олар жұмыспен қамтудың икемді түрлерін бағалайды. Бұл ұрпақтың кәсіби және жеке өмір арасындағы тепе-теңдік туралы өзіндік түсінігі бар, жұмыс кестесінің икемділігі үшін қаржылық жеңілдіктер жасай алады. Жаңа буын кәсіби мансапқа және өмір бойы бір нәрсеге берілгендікке тоқталмайды. Олар білім алуға көбірек уақыт пен ақша жұмсауға дайын», – деп жазылған.