Сарайшықты қалпына келтіру жұмыстары басталды

Сарайшықты қалпына келтіру жұмыстары басталды

Сарайшықты қалпына келтіру жұмыстары басталды
ашық дереккөзі
Еліміздегі тарихи орындардың бірі саналатын Сарайшық қаласына жойылу қаупі төніп тұр, –  деп хабарлайды 31-арна. Тарихи жәдігерлер мен жеті ханның сүйегі жатқан Сарайшық қаласы жойылудың аз-ақ алдында тұр деп дабыл қаққан арна тілшілері далада қараусыз, ешкімге елеусіз қалған тарихи орынның су астына кетіп бара жатқандығы жөнінде бұған дейін де бірнеше рет жариялаған.Өкінішке қарай,  содан бері де жағдай еш өзгермеген. Тарихымыздан хабар беретін Сарайшық қаласын су шайғалы бері тарихшылар дабыл қағудан шаршаған емес. Сол жартас күйінде қалған көне тарихи орынға бүгінде билік өкілдері де назарын аудара бастағанға ұқсайды. Өйткені бұл өңірге ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ат басын бұрды. Қазіргі уақытта Жайық өзені жағалауындағы көне қаланың іргесін қымтап, Сарайшықты толық қалпына келтіріп, жағалауын бекіту жұмыстары  басталып кеткен. Аталған құрылыстың жалпы құны 1миллион  625 мың 197 теңгені құрапты. «Жиырма жыл бойы шешілмей жатқан мәселенің биылғы жылы шешімін тауып, Сарайшықты толық қалпына келтіру жұмыстарының басталып кеткені қуантады. Осыдан кейін Сарайшықтың жағдайына қатысты мәселе шешімін табады деп сенеміз», – дейді археолог-ғалым Зейнолла Самашев. Археологтардың сөзіне сүйенсек, Сарайшықты қалпына келтіру жұмыстары жалғасын табуы керек. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, министрлік тарапынан қолдау табылатын болса, Сарайшық қалашығы аспан астындағы мұражайға айналатындығын айтады мамандар. Бұған Мәдениет және спорт минстрі де қолдан келгенше көмектесуге уәде беріп отыр. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Сарайшықты жылдан-жылға су шайып жатқаны белгілі. Қазір әкімшілік бұл мәселенің шешімін табу үшін үлкен шаралар жасап жатыр. Ал министрлік күн жылынғаннан кейін бірден жұмысқа кірісетін боламыз», – деп атап өтті. Бұрынғы қаланың орнында қазба жұмыстары жүргізіліп, қазіргі уақытта айналасы қоршалған. Көне қаланың орнын болашақта аспан астындағы мұражайға айналдырмақ.