Жаңалықтар

Қазақстандық оқушылар күзгі демалыста неше күн демалады?

ашық дереккөз

Биыл күзгі демалыс 30 қазан мен 5 қарашаны қоса алғанда жеті күнге созылады.

Қазақстандық мектептерде бірінші тоқсан аяқталуда. Күзгі демалыс 2023 жылдың 30 қазаны мен 5 қарашасын қоса алғанда жеті күнге созылады, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі. 

Министрлік мектеп оқушыларының күзгі демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында Біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспарын ұсынуда. Іс-шаралар жоспарына: - жоғары сынып оқушыларымен және олардың ата-аналарымен бірлесіп ғылыми жоба жұмыстарының мазмұны бойынша ақпараттық-танымдық сабақтар, ЖОО-ның оқытушыларымен кездесулер ұйымдастыру, ғылыми жобалар туралы сұхбаттар өткізу; - «Балалар кітапханасы» жобасын іске асыру аясында оқырмандармен кездесу ұйымдастыру және оқылған әдебиеттерді талқылау; - «Отбасылық дәстүрлер» тақырыбында ата-аналар жиналысын өткізу, «Педагог-бала-ата-ана» бірлесуімен отбасылық дәстүрлер туралы әңгіме жүргізу; - Қожа Ахмет Яссауидің туғанына 930 жыл толуына орай «Қожа Ахмет Яссауи мұраларын оқу» тақырыбында оқушылар арасында эссе мен жобалық жұмыстар жазу; - оқушылар арасында «Өнегелі өмір» тақырыбында эссе жазудан байқау өткізу, балалардың үздік жұмыстарын атап өту; - оқушылармен және олардың ата-аналарымен бірлесіп «Денсаулық сақтаудың 6 шарты – таза ауа, дұрыс тамақтану, қозғалыс, тыныш ұйқы, жақсы көңіл-күй, күйзеліске түспеу» тақырыбында салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша іс-шаралар өткізу; - «Әкеге ізет, анаға құрмет» тақырыбында «Жас ақындар айтысы» байқауын ұйымдастыру, жеңімпаздарын марапаттау енгізілді. Айта кетейік, бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жіберіледі.