Жаңалықтар

Елімізде шетелдіктер үшін туристік жарна жойылады

ашық дереккөз

Қазіргі уақытта орналастыру орындарында туристік жарнаға 0,2-ден 0,5 АЕК-ке дейін бекітілген мөлшерлемелер қолданылады.

Туризм және спорт министрлігі шетелдіктер үшін туристік жарнаны төлеу қағидаларына түзетулер әзірледі.

Осылайша, әзірленген жаңа түзетулерде туристік жарнаға орналастыру орындарында болу құнының 0 (нөл) пайыздық мөлшерлемесі қолданылатыны көрсетілген.

Қазіргі уақытта орналастыру орындарында туристік жарнаға 0,2-ден 0,5 АЕК-ке дейін (690 теңгеден 1726 теңгеге дейін) бекітілген мөлшерлемелер қолданылады.

Сондай-ақ туристер ағыны ұлғайған жағдайда мөлшерлемені көтеруді көздейтін тармақтар ережелерден алынып тасталды.

Бұйрық жобасы 6 қарашаға дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық" НҚА сайтында орналастырылады.

20 қазанда Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев туристік жарнаны (bed tax) алып тастау туралы шешім қабылданғанын хабарлаған болатын. Себебі бұл отандық бизнеске де, шетелдік туристерге де қолайсыздықтар туғызады.