Африканың шығысындағы елдерді жаппай ашаршылық жайлауы мүмкін
Африканың шығысындағы елдерді жаппай ашаршылық жайлауы мүмкін
Африканың шығысындағы елдерді жаппай ашаршылық жайлауы мүмкін, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш мәлімдемесіне сүйенсек, Африканың шығысындағы Сомали, Йемен, Нигерия және Оңтүстік Судан елдері тұрғындарының басым бөлігі ашқұрсақ жүр.
Дәл осындай дағдарыс Таяу Шығыстағы Сирия халқын да дендегелі қай заман. Бұл елде таң тыныш атпағалы алты жылға таяды. Қазіргі уақытта Африка материгінің шығыс бөлігіндегі елдерде шамамен 20 миллион адам ашқұрсақ жүр. Тіпті, олардың қатарында аштықтың салдарынан көз жұмған жандар да кездеседі.
Біріккен Ұлттар Ұйымы мамандарының айтуынша, егер халқы аштықтан зардап шегіп отырған аймаққа гуманитарлық көмек жіберу үшін 4,5 миллион доллар көлемінде қаржы бөлінбесе, мұндағы жағдай одан ары ушығып, кері кетуі ықтимал.
«Бүгінде Оңтүстік Судан тұрғындары ашаршылық азабын тартып jnsh. Мұның соңы қайғылы оқиғаға ұласып, өлім-жітім көбейгенін қаламаймыз. Бұл тұрғыда халықаралық қауымдастық шұғыл әрекет етуі тиіс. Бірақ қаржыландыру жағы өзекті мәселе болып отыр», – дейді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.
БҰҰ келтірген мәліметтер бойынша биыл гуманитарлық операцияларды жүзеге асыру үшін 5 миллиард 600 миллион доллар қаражат керек. Бірақ қазір қолда бар қаржы 90 миллион ғана. Антониу Гутерриш қаржы тапшылығына байланысты Йемендегі мұқтаж жандарға берілетін көмек 2 есе қысқарғандығын айтуда. Ал егер қосымша көмек беретін қорлар қол ұшын созбаса, қысқартулар көбейе бермек. Тиісінше ашаршылық жайлап, бұдан өзге өңірлер де зардап шегуі әбден мүмкін.