Саясат

Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим қашан күшіне енетіні белгілі болды

Фото: altaynews.kz

Азаматтарда 30 күннен артық болу қажеттілігі болған жағдайда, тиісті санаттағы кіру визасын алдын ала рәсімдеу қажет.

2023 жылғы 17 мамырда Сиань қаласында (ҚХР) қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім 2023 жылғы 10 қарашада күшіне енеді, деп хабарлады  turkystan.kz Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Осы Келісімнің 1-бабына сәйкес екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады. Осы ретте, азаматтардың екі мемлекет аумағында болу мерзімі күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге, ал күнтізбелік 180 (жүз сексен) күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспауы қажет.

Азаматтарда 30 күннен артық болу қажеттілігі болған жағдайда, тиісті санаттағы кіру визасын алдын ала рәсімдеу қажет. Визасыз режим жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға құқық бермейді.