Жаңалықтар

Су министрлігі елдегі тапшылықты реттей ала ма?

ашық дереккөз

Сарапшының айтуынша, еліміздегі жер үсті суларының ең ірілерін трансшекаралық өзендер құрайды.

Мемлекет басшысының Жолдауындағы өзекті бастамалардың бірі – су тапшылығы мәселесі. Президенттің пайымынша, аталған олқылықтардың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қабылдануы қажет. Сондықтан елімізде Су және ирригация министрлігі құрылатын болды. Осыған орай, 30 жыл қатарынан су мәселесін көтеріп жүрген сарапшы, тәуелсіз журналист, Арал-Сырдария бассейндік Кеңесінің мүшесі Айткүл Шалғынбаева жылдар бойы қордаланған, шешімі табылмай келген проблемаларды айта келіп, жаңа министрлікке қатысты пікірін білдірді, деп хабарлады turkystan.kz.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында ел дамуындағы ең күрделі деген мәселелердің шешімін көрсетіп берді. Әсіресе, мен үшін  Су ресурстары және ирригация министрлігін құру туралы тапсырмасы жүрекжарды қуаныш болды. Өйткені, өзім білетін Сыр елінің сушыларының  жанайқайларын жеткізіп жүргеніме – 30 жыл. Сондықтан бұл біз үшін сүйінші жаңалық болды. Осы күнге дейін қазақ суының мәртебесін көтеріп, мүддесін қорғау жолында  Үкіметте жанашыр ешкім болмағаны шындық. Елімізде судың күрделеніп кеткен мәселесін шешіп, саясатын қалыптастыру үшін Су ресурстары министрлігін құру қажеттігі туралы сушылардың  зарын  айтып келе жатырмын», - дейді А. Шалғынбаева.  

Сарапшының айтуынша, еліміздегі жер үсті суларының ең ірілерін трансшекаралық өзендер құрайды. Осы ортақ су ресурстарын бөлісуде Қазақстан ұтылған үстіне ұтылып келеді. Әсіресе, Орта Азия елдерінің ортақ қазынасы саналатын Сырдария өзенінің бүгінгі жағдайы сын көтермейді.

«2017 жылдары басталған судың азаю циклы әлі аяқталған жоқ. Қазір Жер шарында болып жатқан климаттық өзгерістерді, жер үсті су бассейндерінің тартылу тенденциясын ескерсек, оның 3 себебін білеміз. Біреуі - судың табиғи азаюы, екіншісі - ортақ су бөлінісіндегі әділетсіздік және үшіншісі - өз мүддемізді қорғаудағы әлсіздігіміз. Мысалы, Сырдария суының бұрынғы қалпына келуі – неғайбыл. Бұл тұрғыда Президент суды үнемдеу мақсатында суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беру туралы тапсырмасының жаны бар. Бұл, бір жағынан, экономиканы әртараптандыру болса, екіншіден су жағдайының мұқтажыдығын шешпек. Бір ескеретін үлкен мәселе бар. Атап айтсақ,  Қызылорда облысында күріш егу үдерісін тоқтатуға әсте болмайды. Күріштіктің көлемін белгілі бір шектен төмендетсе,  тағы да  бір  экологиялық апат қауіпі туындайды. Сыр өңірі тұзды, шөлейтті аймақ. Сырдария табиғи тасығанда,  жер құнарланып, көлдер  жүйесі суланып отырады. Сондай-ақ аймақтың  мыңдаған гектар егіс  алқабын  жаппай тұзданудан күріштің суы қорғап тұр. Егер күріш дақылын тым азайтса, немесе егуді тоқтатса, Қызылорданың топырағы егіс егуге жарамай қалуы әбден мүмкін. Ол жағдайда топырақ балансы бұзылып, өңір аппақ тұз басқан аймаққа айналады. Оған қазір секундына 15 текше метр ғана су түсіп жатқан  Аралдың да толық кебу қауіпін қосыңыз. Бұл – Сыр алабы екінші экологиялық апаттың құрбанына айналады деген сөз», - дейді сарапшы.

Оның сөзінше, бұл жағдайға тіреп отырған екі факторды атап өту керек. Бірінші, судың азаю процесі жалғасуда. Екінші, судың аз жағдайында трансшекаралық суды бөлісуде әсіресе Қырғыз, Өзбек, Қазақ өзара ортақ тиімді мәмілеге келе алмай отыр. Қай уақытта да  Қазақстанның  еншісіне келгенде, әйтеуір,  көрші тараптардан сылтаулар табылып, көп суда да, аз суда да зардап шегетіндей есемізді жіберіп келеміз.

«Бүгінгі күнге дейін трансшекаралық сулар мәселесі сушылардың жан жарасына айналған.  Қара Ертіс, Іле суларының да проблемасы – қазақтың жерін, нуын, көлін тығырыққа тіреп отыр. Оның себеп-салдары Қытайдан бастау алады. Аспан асты елі деп әспеттеп отырған көршіміз БҰҰ-ның трансшекаралық суларды пайдалану мен қорғау халықаралық Конвенциясына кірмеген.  Өйткені ол халықаралық Заң ортақ судың бөлінісін реттейді. Өзекеңдер де ол заңды нормадан бас тартқан.  Тағы бір үлкен проблеманы айта кеткен жөн.  Елімізде  8 трансшекаралық өзен бойынша  8 Бассейндік инспекция жұмыс істейді. Бір қызығы, ортақ судың жағдайын, мөлшерін, сапасын, бөлінісін бақылайтын осы мекемелердің лабораторияры ескі, су жағалайтын көліктері тозған, ортақ судың шекарасына баратын су техникалары жоқтың қасы. Мыңдаған шақырымға созылған өзендердің бойын әуеден бақылайтын тікұшақ ұстауға мүмкіндіктері жоқ. Кадр мәселесі де мәз емес. Жалпы су саласы қызметкерлерінің айлық жалақысы да мардымсыз. Үкіметтің мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту тапсырмасымен осы Бассейндік инспекциялардың онсыз да аз құрамы 15 пайызға қысқарып, 8 инспекция қызметі есеңгіреп қалған еді», - дейді журналист.

Ол жаңадан құрылған министрлік біріншіден кадр мәселесін шешу керек, екіншіден мықты Сушылардың қатысуымен Су Кодексін қабылдау керек екенін баса айтады. Сондай-ақ Қазақстан өзбек халқынан үлгі алуы керегін атап өтті.

«Кодексте еліміздегі жер үсті, жер асты суларының қорын қорғаудан бастап, сол Су ресурстарын басқару, реттеу, пайдалану, сақтау заңдылықтарын, трансшекаралық суларды қорғау, мемлекетаралық мәмілелер нормаларын Конвенция нормаларына сәйкес, қарастырып, су мүддесін қорғауға жауапты тұлғалардың міндеттері мен Отан, ел, жер, халық алдындағы парызын, жауапкершілігін заңмен бекіту қарастырылуы тиіс. Бұған дейінгі Су Кодексінде тек ішкі суларды ауыл шаруашылығына пайдалану, су қондырғыларының құрылысы, канал аршу, тазалау, ел ішіне су жеткізу, су бағдарламаларының зандық нормалары деген сияқты мәселелер қамтылған.  Демек жаңа министрлік жедел түрде Су саясатын қолға алуы тиіс. Су ресурстарын басқаруға басымдық беріп, мықты Сушылардың қатысуымен жаңа Су Кодексін қабылдау керек. Кодексті қабылдаса, қалған мәселелер өз ағынымен шешіле бермек. Жаңа министрліктің өзбек сушыларынан үйренері көп болуы қажет», - деп түйіндеді Айткүл Шалғынбаева.