Әсел Сәдуақасова үйлену тойынан кейін басынан өткен ауыр жағдай туралы айтты
Әсел Сәдуақасова үйлену тойынан кейін күйзеліске түскен.
Белгілі актриса, продюсер Әсел Сәдуақасова Тимур Балымбетовке берген сұхбатында үйлену тойынан кейінгі күйзелісі, басынан өткен ауыр жағдай туралы баяндады. Бұл туралы turkystan.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Актриса үйлену тойға дейін аяғы ауыр екенін білгенін айтты.
«Өте үлкен күйзелісті бастан кештік. Сәуір айының соңында Қазақстанға келуіміз керек болды. Біз үйленеміз деп ойламадық. Бірге тұрамыз деп шешкен едік. Алайда менің аяғым ауыр екенін білдік. Біз үшін күтпеген жағдай болды. Бір жағынан қуанышымыз қойнымызға сыймады, бірақ тосырқап та қалдық. Қазақстанға келгенде, ата-аналарымызға айттық. Олар «Үйленіңдер» деді. Біз де келістік. Уақыты келгенде айтамын деп жүргенмін. Біреу «Аяғы ауыр боп қалып, күйеуге шықты» десе де, ондай сөздерді елемес едім. Тіпті үйленбей, бірге тұрсақ та сөз еретін еді. Оған да мән бермейтін едім. Біз дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз ғой. Сонымен үйленуге шешім қабылдадық. Мен өмір бойы армандаған той болды. Тойдан кейін біздің қарым-қатынасымызда дағдарыс орнады. Мен оған бөлек тұруды ұсындым. Себебі, бұл балаға кері әсер ететінін түсіндім. Аяғым ауыр. «Маған бұлай жүйкемді жұқартуға болмайды» дедім. Сол кездері мен бәрін жүрегіме жақын қабылдадым. Болмайтын нәрсеге жылап қалатынмын. Қарым-қатынасты қалыпқа келтіріп, бірге уақыт өткізе бастадық», - деді өнер иесі.
Алайда Әсел Сәдуақасова жүктілігін тоқтатуға мәжбүр болғанын айтып, көз жасына ерік берді.
«Жүктіліктің жиырмасыншы аптасы болатын. Скринингте баланың дамуында өзгеріс болып жатқанын айтты. Сол апта мең-зең боп жүрдім. Дәрігерлер кеңесі құрылып, медициналық көрсетілім бойынша, жүктілікті тоқтату туралы шешім қабылдайды. Мен ауруханаға жаттым. Не болып жатқанын түсінбеймін. Бұл жағдай бізді жақындастырды. Сол сәтте өзімді кінәлай бастадым. Бірнәрсені дұрыс істемедім бе? Менде бір нәрсе дұрыс болмады ма? Бірақ жүктілік кезінде токсикоз да болмады. Өзімді керемет сезіндім», – деді актриса.