Намысқойлық − спорттың жаны
Жалпы, ресми түрде елдің атын шығаратын нәрсенің бірі − спорт. Онда спортшысы жеңіске жеткен елдің туы көтеріліп, әнұраны шырқалады. Сөйтіп, күллі әлем алдында мынадай елдің өкілі ең мықты болып танылды деп ресми түрде мойындалады. Осыдан-ақ спорттың адамзат қоғамындағы орны белгілі болса керек.
Өткен аптаның жексенбісінде жарты айға созылған ХІХ Азия ойындары аяқталды. Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азиадаға 45 елдің 15 мың спортшысы қатысып, олар спорттың 410 түрінен 481 медаль үшін таласты. Бұл құрлықтық бәсекеде жалпы жеңіп алған медаль саны жөнінен бесінші орында болғанымызбен (80 медаль: 10 алтын, 22 күміс, 48 қола) жетістігіміз бойынша 110 алтын медальмен 11-орынға тұрақтадық. Алғашқы бестікке келсек, 201 алтын медальмен Қытай бірінші, 52 алтын медальмен Жапония екінші, 42 алтын медальмен Оңтүстік Корея үшінші, 28 алтын медальмен Үндістан төртінші, 22 алтын медальмен Өзбекстан бесінші орынды иеленді.
Азиада нәтижесі туралы айтқанда, жарыста біздің боксшыларымызға төрешілердің жасаған қиянаты еске түседі. Әсіресе, Асланбек Шымбергеновтің жеңісін жапон боксшысына тартып алып бергендей болған жағдай қазақстандықтардың ашу-ызасын туғызды. Дегенмен алтын алу бұйырмаса да Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) пен Карина Ибрагимованың (57 келі) күміс, Асланбек Шымбергеновтің (71 келі), Сағындық Тоғамбайдың (92 келі), Наталья Богданованың (66 келі) қола медальға қол жеткізулерін көңілге медеу санаймыз.
Ал Азияданың алтынына қол жеткізіп, еліміздің туын желбіреткен: қабырғаға оқ атудан чемпион болған еліміздің әйелдер командасы (Әсем Орынбай, Зоя Кравченко, Ольга Панарина), стендтік ату турнирінің аралас жұптық сайысының чемпиондары Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко, 10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға оқ ату сайысының үздігі Зухара Ирназарова, 500 метр қашықтыққа каноэде есуден жұптық сында топ жарған Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров, велосипедтен жекелей жарыста бәсекелестерінің бәрін шаң қаптырған Алексей Луценко, тас жолдағы веложарыстың топтық сайысында бәрінен озған Евгений Фёдоров, каратэден қарсылас шақ келтірмеген үш қыран − Нұрқанат Әжіқанов (75 келіге дейін), Софья Берульцева (+68 келі), Қайсар Алпысбай (60 келіге дейін), джиу-джитсадан алысқанының бәрін жыққан Нұржан Батырбеков (69 келіге дейін) секілді спортшыларымыз еліміздің мерейін көтерді. Алайда бізге етене спорт түрі күрес пен бокстан алтын медальға қол жеткізе алмауымыз сағымызды сындырғандай жағдай болды...
Кейінгі кезде қазақ спортындағы бұрынғы екпін біраз бәсеңдеп қалғандай еді, бірақ кейінгі Ташкентте әлем чемпионатында бокстан 4 алтын, 1 күміс медальді қоржынға салып, жалпы есепте екінші орын алып, дүниені бір дүр сілкіндірді, Белградта еркін күрестен өткен әлем чемпионатында Ризабек Айтмұхан жеңіс тұғырының ең биігіне шығып, спорттың бұл түрінен қазақтың ұзақ күткен алтынын алып берді. Соларға жүрегіміз жарыла қуанғанымыз кеше ғана еді, енді мына Азия ойындарында әлем чемпионатындағыдай нәтиже көрсете алмай, спортшыларымызға деген елдің ықыласы едәуір суып қалғандай. Жалпы, кейінгі дәуірде бізді спорт бәсекелерінде аяғымыздан тарту көбейді ме, не өзіміз босаңсып кеттік пе − түсініксіз бір жағдайлар болып кетті. Бұрын бокстан, ауыр атлетикадан алтын алып жүрген Қазақстан командасы бір жыл кешігіп өткен XXXII жазғы олимпиада ойындарында (2021) бар болғаны 8-ақ қола медальға әрең қол жеткізді.
Лондон олимпиадасында жеті алтын, бір күміс, бес қола жүлде иеленіп, жалпы командалық есепте 12-орын алған Қазақстан кешегі құрлық бәсекесінде 11-орынға әрең көтерілді. Мұны сәтсіздік дейміз бе, кері кету дейміз бе, айту қиын. Бір жақсысы, кейінгі кезде дзюдошыларымыз, оның ішінде қыздар жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Қазақ қыздары арасынан Әбиба Әбужақынова тұңғыш әлем чемпионы болды. Сосын кешегі үш каратэшілеріміздің алтын алуын кішігірім сенсация деуге де болады. Десек те, спорт азын-аулақ жетістікті малданып, тоқмейілсуді көтермейді. Жан-жағымызға қарауымыз керек.
Елдер арасында әр аймақтың лидерлігіне таласатындар болады. Орталық Азияда басты бәсекелесіміз Өзбекстан десек, кейінгі кезде оларда спортқа деген талап та, жауапкершілік те әбден күшейген тәрізді. Бокстағы жетістіктері бізден жоғары болып кетті. Кешегі құрлықтық басты бәсекеде бізден алты саты жоғарыда тұрды. Ал ең қызығы, сол өзбек елінің құрамындағы бір жарым миллионнан асатын халқы бар Қарақалпақстанның спортшыларының Азиадаға қатысқан спортшылары керемет нәтиже көрсетті.
Азиядада Өзбекстан құрамасына алғашқы жүлдені салған, Өзбекстан құрамасындағы 17 жастағы қарақалпақстандық қыз, семсерлесуден қола медаль иесі Дилназ Муртазаева болатын! Одан соң осы спорт түрінен сол елдің тағы бір спортшысы Зайнаб Дайыбекова да қола медаль алса, 18 жастағы семсерлесу шебері Гүлістан Пердебаева чемпион атанды.
Ал қарақалпақ баласы Жалғасбай Бердімұратов грек-рим күресінен өте жақсы нәтиже көрсетті. Ол ширек финалда қазақстандық балуанды, жартылай финалда жапон балуанын және финалда үш мәрте Азия чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері ирандық спортшы Насыр Гасем Ализадеден айласын асырып, грек-рим күресінен чемпион атанды! Ол бұрын да 2021 жылы Алматыда өткен Азия чемпионаты мен түрік елінің Кониа қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында чемпион атанған еді.
Еске сала кететін бір дерек: 1952 жылы Ашхабадта Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Қазақстан құрамалары қатысқан спартакиадаға қарсыласының бәрін жеңіп, Орталық Азия және Қазақстанның абсолюттік чемпионы атанған тұңғыш қазақ балуаны Әбиболла Садықов та Қарақалпақстаннан шыққан қазақ еді.
Мұның бәрін неге айтып отырмыз?
Жақсы дайындық, жауапкерлікті сезіну және намысқойлық − спорттағы үлкен жетістікке жеткізетін қасиет. Сол біздің бүгінгі спортшыларымыздың бойынан табыла ма?
Атақты қазақ фантаст жазушысы Шоқан Әлімбаевтың «Кішкене елдер де үлкен түстер көреді, ал үлкен елдер де кейде түсінен шошып оянады» деген қанатты сөзі бар еді. Кезінде әлемде жан санының аздығына қарамай «бокс державасы» атанған қазақ елінің бүгінгі жағдайы неге көңіл көншітпейді? Жан-жағымызға қарасақ, біз шағын ел деп санайтын елдердің де спортшылары үлкен нәтиже көрсетіп жатқанда, бізге аздаған жетістіктерімізді місе тұтуға бола ма? Ойланарлық-ақ жағдай. Келесі жылы Париж олимпиадасы басталады. Сонда спортшыларымыз үлкен нәтиже көрсетеді деп сенейік. Ал қазіргі жағдайымыз мәз емес...
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ