Ұлтын танытқан Әбиболла балуан
Қазақта әлемге танылған атақты Қажымұқан Мұңайтпасұлынан кейін де талай балуандар шыққаны мәлім. Оның ішінде өзге елдерде туып-өскен қазақтар ішінен шыққан балуандар бір төбе. Солардың арасында қарақалпақ елінде дүниеге келіп, ғұмыры сол елде өтсе де қазақтың даңқты перзенті ретінде танылған балуан Әбиболла Садықовтың ғұмыр жолы өнегеге толы деп білеміз.
Күрес – спорттың ерекше түрлерінің бірі, ол әр халықта әртүрлі секілді көрінгенімен бәрінің түп-негізі жақын. Түркі халықтарының ұлттық спортының да бастысы осы күрес өнері десек, олар айтылуына қарай қазақта күрес, өзбекте кураш, түркіменде гөреш, қырғызда күрөш, қарақалпақ гүрес деп түрленгенімен бәрінің техникасы мен тәсілдері бір-біріне тым ұқсас келеді.
Әр елдің тарихында олардың танымал балуандары бар. Қазақта әлемге танылған атақты Қажымұқан Мұңайтпасұлынан кейін де талай балуандар шыққаны мәлім. Оның ішінде өзге елдерде туып-өскен қазақтар ішінен шыққан балуандар бір төбе. Солардың арасында қарақалпақ елінде дүниеге келіп, ғұмыры сол елде өтсе де қазақтың даңқты перзенті ретінде танылған балуан Әбиболла Садықовтың ғұмыр жолы өнегеге толы деп білеміз.
Ел бар жерде той болмай тұрмайтыны секілді тойлар да күрессіз өтпейтіні мәлім. Соғыстан кейінгі жылдарда Қарақалпақ АССР-ы, Ташауыз, Хорезм облыстарындағы ауылы аралас қойы қоралас отырған қазақ, өзбек, түркімен, қарақалпақ халықтары той берсе күрес өткізіп, оған алыс-жақындағы балуандарды түгел шақыратын. Сондай тойларда аты шыққан қазақ балуандарының бірі Қожаназар еді. Ал заманында талай алыптың жауырынын жер иіскеткен Қожаназар балуанның шәкірттерінің бірі – Әбиболла есімді бала болатын.
Қаршадайынан күрестің қыр-сырын терең меңгеріп, тойларға барғанда жүлдеден бұрын намыс үшін белдесетін Әбиболла − Қожаназар балуанның туған жиені еді. Өйткені кілем үстінде түрлі ұлт өкілдерімен белдескенде балуан ауыл-аймағының ғана емес ұлтының да абыройын көтеруі тиіс. Әбиболланың тағдыры қиындау болды. Әкесінен жастай айырылғаны аздай ағасы Қарлыбай Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданда қаза тапты. Шешесіне қолқанат болған жас бала еңбекке араласып, тұрмыс қиындығында шынықты. Мақта алқабында қара жұмыс істеп жүргенде күреспен де айналысты, сөйтіп, жасы он сегізге толғанда қарсыласына есе жібермес жас періге айналды.
Бірде Хожелі өңіріндегі атақты жылқышы Әшірбай деген кісі Нұрмұхаммед атты жалғыз ұлының сүндет тойын жасап, сонда қарсылас шыдатпаған Әбиболла бас жүлдеге тігілген бір түйе, екі өгіз, бес қой, түрікмен кілемін ұтып алады, дегенмен оны сол жердегі жетім-жесірге таратып беріп, ел ақсақалдарының батасын алады. Өзі содан бастап «түйе палуан» атанады.
Тойдан соң нағашысы Қожаназар балуан сол кезде Нөкіс ауданының «1 май» ұжымшарында тұратын жиені Әбиболланың үйіне келіп, оны «түйе палуан» атануымен құттықтап, балуандығын одан әрі шыңдай беруге кеңес береді. Аты шыққан палуандардың бәрін жеңген жиеніне үкімет өткізетін еларалық жарыстарға барып танылуы керек екенін айтады.
Балуан нағашысының тілегін құп алған Әбиболла енді күрес жолында үлкен жетістіктерге жету үшін тынымсыз еңбектенуге бет бұрады. Өзіндей балуан досы Ысмайыл Асамадиновпен екеуі тұрақты түрде жаттығып, күрестің неше түрлі әдіс-тәсілдерін жоғары дәрежеде меңгеруге күш салады. Олардың бұл еңбегі бос кетпей Әбиболла ел орталығы Нөкіс қаласында күрестен өтетін жарыстарға барып, үнемі жеңіспен оралатын. Сөйтіп, 1949 жылы ұлттық күрестен Ферғана қаласында өтетін ауыл жастарының спартакиадасына баратын жолдамаға қолы жетеді. Аталған спартакиадада 19 жастағы Әбиболла жеңімпаз атанып, алғаш рет алтын медаль алады.
Жарыстан чемпион болып оралған Әбиболланың нағашысы һәм ұстазы Қожаназар балуанның ақылымен енді ол Қарақалпақстанның атақты балуандары Сапалақ Шамұратов пен Қадыр Қаландаровтың қарауында жаттығатын болып шешім қабылдайды.
1950 жылы Өзбек ССР-нің 25 жылдығы салтанатты атап өтілгенде алғаш рет боз кілемнің үстінде кәсіби спортшылармен күш сынасқан Әбиболла ұлттық күрестен Қарақалпақстан автономиялық республикасының чемпионы атанады. Бұдан соң жарыстың келесі сатысында − Ташкент қаласындағы цирк ғимаратында өткен Өзбекстан чемпионатында да белдескенінің бәрін жығып, Өзбекстан чемпионы атанады және Түрікменстанның астанасы Ашхабад қаласында өтетін Орталық Азия және Қазақстанның спартакиадасына жолдама алады.
1952 жылы Ашхабадта Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Қазақстан құрамалары сол дәуірдегі ең үлкен жарыс саналған спартакиадаға жиналып, онда қарақалпақстандық Әбиболла Садықов Өзбекстан құрамасы сапында бақ сынайды. Ашхабад қаласында өткен ауқымды күрес бәсекесі 22 жастағы Әмудария жағалауынан келген қазақ ұланын арманына жеткізді. Финалда Қазақстан чемпионын жеңген Әбиболла Садықов ұлттық күрестен Орталық Азия және Қазақстанның абсолюттік чемпионы деген атаққа қол жеткізеді. Шынын айту керек, дәл осыған дейін бірде-бір қазақ ұлтының өкілі мұндай атақты иеленбеген еді.
Мұндай жерде аты шыққан спортшының кім екені танылмай қала ма, үлкен жарыста қарсыласының бәрін қоғадай жапырған жас жігіттің ұлтының қазақ екені сол кезде-ақ баршаға мәлім болады. Мұны естіген Қазақстан құрамасының бапкерлері оны атажұртқа әкету үшін Нөкіске іздеп келеді. Олар жас жігіттің болашағы мықты екенін, Одақ көлеміндегі жарыстарға шығу үшін атажұртында жақсы жағдай жасалатынына сендіріп, Әбиболла да отанына оралғысы келеді. Бірақ үлкен жетістікке жеткен спортшысын кім оңайлықпен бере қойсын, Қарақалпақстан билігі қазақстандықтардың ұсынысына қатты қарсылық көрсетіп, соның себебінен ірі жарыста жеңіске жеткен қазақ өренінің бұдан былай үлкен додаларда қазақ елінің туын желбіретсем деген арманы адыра қалады. Мұның, әрине, Әбиболлаға теріс әсері болмай қалған жоқ. Түгел түркінің көбі жиналған аймақта атағы аспандаған балуан біраз жүнжіп қалғандай еді. Содан оның біраз бабы келіспей, Өзбекстан Республикасы «Пахтакор» спорт қоғамының 1952 жылы 3-6 қыркүйекте Бұқарада өткізілген спартакиадасында үшінші, 1953 жылы 16-20 шілдеде Самарқанда өткізілген спартакиадасында екінші орын алып, бағы шаппай қалған кездері болды...
Тағдыр үнемі жеңістерге жетіп, биіктерде жүруді бұйырта бермейді, оның үстіне жарықтан нәр алған жарқын өмірдің көлеңке тұсынан келіп аяқтан шалу, етектен тарту деген бар. Мұндай тірліктің сынағы кімнің басынан өтпеген? Әбиболланың да басынан өтті. Жалғанда өзіңе тиесілі үлес бұйырмай, шетке қағылған жаман. Күні кеше ғана туған жерінің даңқын аспандатқан Әбиболла Садықовтың жетістіктері біреулердің көзіне күйік болған шығар, енді ол көбіне Нөкіс, Ташкент және Одақ көлеміндегі жарыстарға қатыстырылмай қалып отырды. Бабы келіссе де бағы жанбай, бұл баруы тиіс ауқымды жарыстарға басқа біреулер жіберіліп, жігері құм болған кезі де аз болмады.
«Шешінген судан тайынбас» демекші, өмірін күреске арнаған Әбиболла балуан іштарлықтан тауы шағылса да мойымай, спорттағы жолын жалғастырудан танған жоқ. Жігерін жанып, намысын қайрай білетін азаматқа жетістік қол созбай тұра ма? Рухы биік, арманы асқақ Әбиболла Садықов өмірдегі келеңсіздіктерді елемей, күрес алаңында аттандап жүріп талай рет абырой биігінен көрінді. Атап айтсақ, ол 1954-1955 жылы өткен Қарақалпақстан спартакиадасында, 1957 жылғы Қарақалпақстан чемпионатында жеңімпаз болып тілектестерін қуантса, «Пахтакор» спорт қоғамының 1959 жылы Нөкісте өткізілген спартакиадасында екінші орынды алып қайратының қайта қоймағанын дәлелдеді.
1954-1955 жылдары Ташкент қаласында өткен Өзбекстан чемпионатында жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінген ол, өзінің мықты балуан екенін танытты. Өмір бір қалыпта тұрмайды, басталған нәрсенің де аяқталатын кезі бар. Қырық жасына дейін күресіп, талай аламанда атой салған Әбиболла да уақыты келгенде спорттық мансабын аяқтап, ізінен келе жатқан дарынды шәкірттеріне жол берді.
Ол спортты қойған соң Нөкіс қаласындағы «Пахтакор» спорт қоғамындағы ішкі істер органындағы қызметтерін абыроймен атқарды. Мұнда ол өзінің талапшылдығымен, турашылдығымен көзге түсіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Әбиболла туған елі алып империядан бөлініп, тәуелсіздік алып жатқан кезде − 1991 жылы 6 қыркүйекте 61 жасында Нөкіс қаласында дүниеден өтті. Қазір Қарақалпақстанның астанасында Әбиболла Садықов атындағы көше бар.
Әбиболла Садықов пен Дүрия Жалғасқызынан тоғыз баланың ата-анасы еді, оның екеуі – Полат және Парахат ертерек дүние салды, ал қалған жетеуі әке арманын орындап, атажұртына оралды. Қазір олар Сарыағаш, Ақтау, Талдықорған, Алматы, Қарағанды қалаларында тұрады.
«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел, тегі алсын қайдан кемеңгерді» деп Ілияс ақын айтқандай, лайықты ұл тудыра білген ел лайықтысын бағалай білді. Қарақалпақстанда 1993 жылы 15 мамырда балуан Әбиболла Садықовты еске алу мақсатында ұлттық күрестен алғашқы турнир өткізілген болатын, содан бергі кезеңде бұл турнир жыл аралатып болса да өткізіліп келеді. Биыл да өткізіліпті. Бұл − мемлекетінің даңқты балуанына деген құрметі ғана емес, жас ұрпақты өзінен алдыңғылардың өнегесімен табыстырып отыратын халқының да көрегендігі дер едік.
P.S.
Жақында Қарақалпақстанның астанасы Нөкіс қаласында осы елде дүниеге келген даңқты қазақ балуаны Әбиболла Садықовты еске алу іс-шарасына байланысты ересек ерлер және әйелдер арасында өзбек елінің ұлттық күресі − кураштан республикалық ашық турнир өтті. Турнирге қатысқан 7 команда құрамында 79 ер, 10 әйел балуан болды. Ер балуандар 66, 73, 81 келіде және абсолют салмақта, әйелдер +63 келі салмақта белдесті. Жарысты Өзбекстан кураш федерациясы Қарақалпақстан республикасы бөлімі тарапынан бекітілген төрешілер жүргізіп, спорт додасы халықаралық кураш ережелеріне сәйкес өткізілді. Балуандар бәсекесінде ерлер арасында 66 келі салмақта Жалалатдин Адамбаев (Хорезм облысы), 73 келі салмақта Меңлібек Юлдашев (Қарақалпақстан, Қоңырат ауданы), 81 келі салмақта Санжар Шерімбетов (Қарақалпақстан, Нөкіс қаласы), абсолют салмақта Захириддин Зайтов (Хорезм облысы), қыздар арасында +63 келі салмақта Рахима Юлдшаева бірінші орын алып, чемпион атанды. Жарыстың ашылу және жабылу рәсімінде Өзбекстан хәм Қарақалпақстан республикаларының гимндері орындалып, бұл рәсімдерге Қарақалпақстан республикасы жастар саясаты және спорт министрлігінің бөлім бастығы Әлишер Темірбаев, Өзбекстан кураш федерациясы Қарақалпақстан Республикасы бөлімінің атқарушы директоры Серік Жүсіпбепков, республикалық жеке күрес түрлері бойынша спорт мектебі директоры Мұратқожа Казаев, спорт ардагері Жақсымұрат Мәмбетов, Қазақстан Республикасынан келген қонақтар және Әбиболла балуанның туыстары сөз сөйледі.
Ахмет ӨМІРЗАҚ