Әлем назарындағы додаға дайындығымыз қалай?
Келер жылы Астанада V Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны өтпек.
Келер жылы Астанада V Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны өтпек. Доданы өткізуге деген ынтамыз Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы жиынында қолдау тапқан болатын. Бүкіл әлем көшпенділерінің басын қосып, спортшыларымыз бен қонақжайлығымыз сыналатын жарысқа бір жылдан аз уақыт қалды. Дегенмен дайындық жағы ақсап тұрғаны депутаттарды алаңдатып отыр.
18 қазанда өткен Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында «АМАNАТ» фракциясының мүшелері Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, осы мәселені шешуді сұрады. Депутаттар бірқатар ұсыныс та айтты.
– 2024 жылы V Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны Астана қаласында өтеді. Бұл – әлемдік этномәдени және этноспортты, ұлттық ойындарды жаңғыртуға арналған аса маңызды аламан, – деді депутаттар.
Ең алғашқы ойын 2014 жылғы қырғыз елінде өткен. Додада 19 елден 583 спортшы ғана бақ сынаған. Бірақ кейін бұған дүниежүзінің назары ауған екен.
– Аралықтағы ІІ, ІІІ ойындардың статистикасын тізбелеп жатпайын. Өткен жылы Түркияның Изник қаласында өткен ІV Дүниежүзілік көшпенділер ойынына Латын Америкалық елдерден бастап Жапонияға дейінгі аралықта әлемнің 102 елінен 3 500 спортшы бақ сынаған, – деді Жанарбек Әшімжан. Алғашқылардың бірі болып еліміз де бұл доданы ұйымдастырып, әлемдегі көшпенділердің спортшыларын қонақ қылуға ниетті болған. Көшпенділер ойынын өткізуге берген Қазақстанның өтінімі сол V Дүниежүзілік аламанда Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы жиынында қолдау тауыпты. Дегенмен депутаттардың сөзінше, бұл шешімнің қабылдануының артында үлкен тайталас, тартыс, күш жатыр.
– «Қолдау тапты» деп айтуға ғана оңай. Әр ел өзіне қарай тартады. Көзге көрінбейтін интригалық «күрестерді», таласқан тараптарды көзбен көріп, жүрекпен сезінгенбіз. Сонда Дүниежүзілік көшпенділер ойынының Қазақстанда өтуіне Мемлекет басшысының саяси беделі мен ерік-жігері тікелей көпір болды, – дейді Жанарбек Әшімжан.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде өтетін ауқымды шараны сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырма берген екен. Депутат «V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттық спорт шараларымен шектелмеуі керек. Аталған халықаралық спорт сайысы қолөнер, туризм, қызмет көрсету саласы сияқты шағын және орта бизнес өкілдері үшін де тиімді ұйымдастырылып, кәсіптерін ілгерлетуге жағдай жасалуы қажет», – деген Президент сөзін тілге тиек етті. Осылайша, бұл шараның маңызын тізбектеп өткен депутат дода өтетін уақыт таяп қалғанымен, ешқандай дайындық жоқ екенін айтты.
– Содан бері бір жыл уақыт өтті. Бұл айтулы аламан Мемлекет басшысының тікелей назарында. Алайда, дүниежүзілік доданы ұйымдастыру жұмыстарының лебі сезілмейді. Мәлімет бойынша, Үкіметтік деңгейде комиссия құрылған. Басты сайыстар өтетін нысан ретінде Астана қаласындағы «Астана-Арена», «Қазанат» ипподромы, «Жекпе-жек» сарайы және «Алау» мұз сарайы бекітілген. 8 миллиард теңге қарастырылған, бірақ бұл – инфрақұрылымдарға емес, ұйымдастыру жұмыстарына, – деді Жанарбек Әшімжан.
Яғни, инфрақұрылымды реттеуге қала әкімдігіне ақша бөлінбеген. Соның салдарынан әкімдік Үкіметке жалтақтап, мәселені шеше алмай отыр. Депутат жаңадан құрылған министрлікті де сынап өтті.
– Жалпы, спорт пен туризм саласында тұралап тұрған мәселе көп. Сол үшін де Мемлекет басшысы салаға қатысты проблемаларды шешу үшін Туризм және спорт министрлігін құрды. Енді сол жаңа ведомствоның сыналатын шағы. Бұған дейін өткізуге жауапты мемлекеттік орган тиісті процедураларды өз деңгейінде ұйымдастыра алмай отыр. Тиісті мемлекеттік органның салғырттығы салдарынан қалалық әкімшілікке инфрақұрылымды реттеуге бір тиын қаржы бөлінбеген. Ал Астана қаласы әкімдігі Үкімет жаққа жалтақтаумен дәрменсіздің күйін кешуде, – деді ол.
Уақыт аз қалғанын былай қойғанда, қыстың көзі қырауда қандай да бір дайындық жұмыстарын жүргізу қиын, тіпті мүмкін емес екенін еске салған депутат жағдайды өз көзімен көріп қайтқан екен.
– Дүниежүзілік доданың өтетін мерзімі – 2024 жылдың қыркүйегі. Тура 11 ай қалды. Алда қылышын сүйретіп қыс келеді. Ақтүтек боран, саршұнақ аязбен алысып тағы алты ай өтеді. Негізгі шаралар өтетін «Қазанат» ипподромында 10 мың адамға қызмет ететін нысан құрылысы жүріп жату керек еді. Өзге де спорттық нысандардың күрделі жөндеу жұмыстары, реконструкция, басқа да жұмыстары тоқтап тұр. Және атшабарға жапсарлас этноауыл жоспарланған. Күні кеше аяқтай барып көрдік. Өлі тыныштық, – дейді ол.
Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде өтетін кезекті Көшпенділер ойынына қатысуға 20 спорт түрі бойынша 73 ел өтініш беріпті. Жалпы 100-ден аса елден 3 000-нан аса спортшылар қатысады деп шамаланып отыр. Депутаттар бұған келетін туристерді қосу керек екенін айтады. Сонымен қатар спорттық жарыстарды тарататын трансляция тақырыбы әлі жабық. Өткен жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойынын әлемнің 70-ке жуық мемлекеті тамашалапты. Ақпарат таратуға шетелдік БАҚ-тың 800-ден аса өкілі келген. Олардың арасында 57 телеарна, 16 радиостанса, 87 ақпараттық агенттік пен 48 басылым өкілі және 70-тен аса танымал блогер болған.
– Басына – кіреуке, денесіне – торғауыт, қолына – күрзі, аяғына – саптама киіп, атқа алғаш ауыздық салып, тұлпарының тағасы Батыс пен Шығыстың айылын жиғызған Ұлы дала қаһармандарының мұрагері екеніміз тарихи шындық. Ошағымыз толы өркениет. Ендеше осынау әлемдік Көшпенділер ойынын абыройлы өткізу елдігімізге сын, – деген «АМАNАТ» депутаттары Үкіметтік комиссия ұйымдастыру жұмыстарын жеделдету, Астана қаласы әкімдігімен бірлесе отырып спорттық инфрақұрылымдардың құрылысы мен реконструциясына қатысты қаржылық процедураларды ұйымдастыру қажет деген ұсыныс айтты.
Көшпенділер ойынын өткізу тек Астана қаласының ғана емес, бүкіл елдің жауапкершілігі екенін еске салып, ұйымдастыру жұмыстарына өңірлерді жұмылдырып, «Бір өңір – бір нысан» принципіне күш салу керек екенін айтты. Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қазақ елінің туризм әлеуетін табысты пайдалану бағытында нақты жобалар әзірлеу ұсынылды. Сонымен қатар ұлттық спортты және спортшыларды насихаттайтын түрлі форматтағы ақпараттық үгіт жұмыстарын қолға алу, ойынды өткізуші ел ретінде нақты регламенттерді бекіткенде, қазақтың ұлттық ойындары мен түрлі ұсталық өнерге басымдық беру керек екені және басқа да бастамалар көтерілді.
Ұлттық және ат спорты орталығы РМКҚ басшысы Бақдәулет Сәбитовтің сөзінше, бұл доданың маңызы артып келеді. Ол ойынды өткізуші ел ретінде басымдық көп екенін де айтты.
Бақдәулет СӘБИТОВ, Ұлттық және ат спорты орталығы РМКҚ басшысы:
Бұл – этноспорттың олимпиадасы
– Бүкіләлемдік көшпенділер ойындары келесі жылғы 8-15 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді деп жоспарланған. Көшпенділер ойындарының маңызы біз үшін ерекше. Олай дейтініміз, бұл – этноспорттың олимпиадасы. Біздің ұлттық спортымыз ұлықталатын, бүкіл әлемнің назарына ілігетін тұсы. Алғашқы көшпенділер ойындарынан бастап ешбірін қалдырмай біздің елдің құрамасы аталған жарысқа қатысып келеді. Көрсеткен нәтижеміз де жаман емес. Алғашқы көшпенділер ойындарына 19 елдің спортшылары қатысса, былтырғы Түркияда өткен сайысқа әлемнің 102 мемлекетінен қатысушылар келді. Демек жаһанның тең жартысы бұл сынға қызығушылық танытады деген сөз. Біздің елде өтуі төл спортымызды дамытудың, елімізді танытудың бірден-бір жолы.
Оның үстіне келер жылы өтетін көшпенділер ойындарының жеңімпаздарына халықаралық дәрежедегі спорт шебері (ХДСШ) атағы беріледі. Бұған дейін көшпенділер ойындарына мұндай атақ берілмеген. Көшпенділер ойындары ресми жарысқа айналса, ұлттық спортпен айналысатын жастардың да саны артады. Себебі халықаралық дәрежедегі атақтар спортшының алатын жалақысына, жергілікті әкімдіктерден берілетін степендияларға әсер етеді. Жағдайы жасалса, сапалы спортшылар да көп болары белгілі ғой.
Тілге тиек етпесем болмас, Парламентте көшпенділер ойындарының өтуі, оның ұйымдастырылуы, инфрақұрылымды реттеу жөнінде мәселе көтерілді. Депутаттардың алаңдауы, Үкіметтің бейжай қарамауы ұлттық спорт жанкүйерлерін қуантатыны сөзсіз. Қазір V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық және ұйымдастыру дирекциясы құрылды. Оның басшылығына тағайындалған Наиль Нуров мырза бұған дейін 2017 жылы өткен Универсиаданы өткізу дирекциясының жетекшісі болған. Тәжірибесі мол азамат бұл сыннан да сүрінбей өтеді деп сенемін. Қазір тиісті қаражат қарастырылып, елордадағы Қазанат атшабарында жөндеу жұмыстары басталып кетті. Жарыстың бағдарламасы, спорт түрлерінің бекітілуі, олардың регламенттері сынды бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Біз ұлттық және ат спорты түрлері орталығы тарапынан барынша көмектесіп, бұл істе жұдырықтай жұмыла жұмыс істеп жатырмыз. Біздің алдымызда тұрған басты міндет – ұлттық құрамамыздың дайындығын пысықтап, көшпенділер ойындарында жоғары нәтиже көрсету.
Көшпенділер ойындары тек спорттық шара емес. Сонымен қатар мәдени және ғылыми кеңестер өткізетін таптырмас алаң. Көшпенділер ойындарының бағдарламасы спорт, мәдениет, ғылым бағытында жасалады. Көшпенді халықтардың өркениеті, спорттық ойындарының, тұрмыс-тіршілігінің шығу тарихы, философиясы талқыланады. Терең ғылыми жұмыстар таныстырылады. Және жаңалықтар әлем халықтарына таратылады. Сонымен қатар ішкі және сыртқы туризмнің дамуына үлес қосады. Шамамен төрт мыңға жуық спортшы әлемнің жүзден аса елінен жиналады деген жоспар бар. Спортшылармен қатар бапкерлер, шетелдік БАҚ өкілдері, жанкүйерлер көптеп жиналады. Олар еліміздің туристік аймақтарымен танысып, ел эканомикасына да сүбелі үлес қосады деп ойлаймын. Орта және шағын бизнес өкілдері үшін де бұл шара – таптырмас мүмкіндік. Және спорттық шараларды өткізу, халықаралық спорт мәдениетін қалыптастыру сынды тұстарынан алып қарасаңыз өте үлкен тәжірибе болмақ.
Рас, өткізуші ел ретінде басымдық көп. V Көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген 20-дан аса спорттың тең жартысы бізге тиесілі. Атап өтерлігі, келер жылғы этноспорт олимпиадасына марафон бәйгені енгізу де көзделіп отыр. Бұған дейін де ондай бәйге түрлері болған. Бірақ мұның маңызы басқа. Өйткені, жылқыны адамзат баласы алғаш қолға үйреткен жер – біздің сары дала. Ботай қонысынан бастау алған жылқы шаруашылығы көптеген ұлттың ажырамас бір бөлігіне, бөлінбес мәдениетіне айналды. Көшпенді халықтар жылқы тұңғыш рет қолға үйретілген Ботай қонысын көргісі келері хақ. Сондықтан марафон бәйге сол Ботайдан басталып Астанадан аяқталады. 400 шақырымды жүріп өту – аттың да, атбегінің де сыналатын шағы. Біз өз халқымыздың атбегілік өнерін, қазақ жылқысының төзімділігін көрсететіп қаламыз. Осы сынды көшпенділер ойындарының бізге берері мол болып тұр. Бастысы – қонақжай бабаларымыздың дәстүрінен жаңылмай, ат сүрініп, бала құламай, абыроймен өткізу. Бүкіл ұлттың ойындары сарапқа салынып, әлем халқының алдына жол тартар тұста мұқият болғанымыз абзал. Сондықтан әр тұстан менмұндаламай, бір болып жұмылғанымыз дұрыс.