Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, Сенат депутаты: 25 қазан – мемлекеттігіміз қайта жаңғырған күн
Егемендік декларациясы туралы тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Републикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Сенат депутаты Дархан Қыдырәлімен сұхбаттасқан едік.
Қазақстан халқы 2022 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 25 қазан – Республика күнін айрықша атап өте бастады. Оған «ұлттық мереке» мәртебесі қайтарылып, қазақстанның басты мейрамы деп белгіленді. «Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам», – деген болатын Президент.
Егемендік декларациясы туралы тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Републикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Сенат депутаты Дархан Қыдырәлімен сұхбаттасқан едік.
– 90-жылдары Татарстан, Башқұртстан сияқты автономиялар Егемендік туралы декларациясын жариялады. Бірақ олардың бәрі тәуелсіздік алған жоқ. Ал Қазақстан 25 қазаннан 16 желтоқсанға дейін қандай саяси-құқықтық қадамдар жасады?
– Иә, тоқсаныншы жылдар Еуразия кеңістігі ғана емес, жалпы ХХ ғасырда адамзат тарихына үлкен бетбұрыс әкелген күрделі өзгерістің басы болды. Қайта құрудың дүмпуімен, 1988 жылдан бастап Балтық және Кавказ елдерінде дербестік жөнінде мәселе көтеріле бастады. Содан кейін сіз атаған автономиялар да, Одақтас республикалар да бірінен кейін бірі егемендік туралы декларацияларын жариялап жатты. Әсіресе, одақтық шартты өзгерту бойынша нақты ұсыныстар болды. 1990 жылы маусымда Ресейдің өзі осындай декларация қабылдады. Осылайша, мызғымайтындай көрінетін империяның іргесі сөгіліп, шаңырағы шайқала бастады. 1991 жылғы Мәскеудегі Тамыз бүлігі процесті тездетті. Бұл кешегі күндей күркіреген одақтың ыдырауына апарып соқты. Қазақстан билігі осы сәтті өте ұтымды пайдаланды. Тек егемендік туралы декларация қабылдап қана қоймай, нақты әрі байыпты қадамдарға барды. Президент билігі орнады, министрлер кабинеті жасақталды. Сол арқылы билік жүйесі де өзгере бастады.
Сол жылдары Алаш арыстары Әлихан, Міржақып, Мағжан, Ахаңдар ақталып, кітаптары жарық көре бастағаны белгілі. Жазықсыз атылып, жылдар бойы аттары аталмай келген арыстардың кітаптарының басылып шығуы елдің ертеңге, егемендікке деген сенімін еселеді. Сана оянды. Осы аралықта одақтың ыдырауымен бірге 16 желтоқсанда Тәуелсіздік туралы заң қабылданды. Артынша Алматыда ТМД құрылып, бірнеше күннен кейін одақ келмеске кетті. Бізде кейде «Тәуелсіздікті елдің соңынан алдық» деген әңгімелер айтылып қалып жатады. Бұл артықтау сөз деп ойлаймын. Өйткені біздің Тәуелсіздік оңай келген жоқ, ол кездегі ахуал да оңай болған жоқ. Сондықтан мемлекет құраушы қазақ халқының саны 40 пайызға жетпей тұрған күрделі кезеңде, 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Егемендік туралы декларация тәуелсіздікке жасалған нақты қадам болды.
– 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік егемендік туралы декларациясы қабылданып, «Республика күні» мерекесі белгіленді. Сол тұста бұл Декларацияның қоғамдағы рөлі, саяси-құқықтық маңызы қандай болды?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жеңісі. Біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан іргелі ел болуға бағыт ұстады» деп атап көрсетті ғой. Расында, тәуекелге ессіз қадаммен емес, ақылмен бару қажет болды. Экономикасы шикізатқа тәуелді, әскери қуаты әлсіз, демографиясы әлжуаз, этникалық құрамы ала-құла, шегарасы ашық-шашық жатқан еліміздің еңсе тіктеп кетеріне күмәнмен қарағандар аз болған жоқ. Әр жерде сепаратистік пиғыл танытқандар да шығып жатты. Қазақтың саны, жаңа айтып өттік, ел халқының жартысына да жетпейтін. Оның көбі ауылда тұратын. Ойына келгенін істеп үйреніп қалған орталық билікті оңай бере қояр ма деген сұрақ та тұрды. Оның себебі де жоқ емес. Тарихқа қарап отырсақ, 1917 жылы 20 қарашада В.Ленин мен ұлт істері жөніндегі Халық комиссары И.Сталиннің қол қойған декларациясы бар. Онда бұрынғыдай империялық қанау саясаты болмайды, Ресейдің қол астындағы ұлттар мен ұлыстар өзінің дербестігін қалаған уақытында жариялай алады, ұлттық құндылықтарын, діни және ұлттық мекемелерін сақтай алады делінген. Бірақ барлығы да сөз жүзінде қалды. Сол сөзге Алаш арыстары да сенген. Татар, башқұрт және өзге де автономиялардың басшылары осы декларацияға алданып қалған. Бұл туралы Зәки Уәлиди өз естелігінде жақсы жазады. Сондықтан 90-жылдары декларация қабылданар тұста саяси көңіл күй құбылмалы болды. «Соңы қалай болар екен?» деген әліптің артын баққандардың көңілінде күдік тұрды. Осыған байланысты классик жазушы Төлен ағаның бір сөзі есіме түсіп отыр. Өзбекәлі Жәнібековтің тапсырмасы бойынша Алаш арыстарын ақтау туралы талқылауға академиктердің басын қосқанда кейбірі тілінің астына валидол тастап отырыпты. Сонда бір академик: «Айналайын, мұның ақыры жақсылыққа апармайды. 30-жылдары да бізді алдарқатып, арқамыздан қағып артынан қаймағын сыпырып алған. Арандап қалмаңдар» деп қорыққан дейді.
Дегенмен қоғамда осы кезеңде ерекше бір леп болды. Егемендік туралы декларацияны жұрт ерекше қуанышпен қарсы алды. Қоғамда қызу талқылаулар жүріп жатты. Әсіресе, жастар жағы өте белсенді еді. Мысалы, сол тоқсаныншы жылы біз мектепте оқимыз. Оқушы болсақ та қазан айында алаңға бардық. Содан бізді мектептен шығаратын болып, сол кезеңде Фариза апай араша түсіп алып қалған. Ол туралы «Ақ желкен» журналында «Алаңда жүрген балалар» деген тақырыпта арнайы мақала да жаздырды. Басылым беттерінде мәселелер ашық талқылана бастады. Осылай іште бұғып жатқан аңсар сезімдер сыртқа лықсып шықты. Бәрі жаңарып жатты. Бір жағы экономикалық түрлі қиындықтар болғанымен, мәселен, дүкендер алдында кезектер көбейгенімен, ең бастысы, ұлттық рух оянды. Осындай кезеңде егемендік декларациясын қабылдау үміт отын еселей түсті. Өйткені декларация біздің жалпы әлемге халықаралық деңгейде дербес мемлекет екенімізді жария етті.
Осы жерде егемен деген сөздің біздің тілімізге қалай енгені ойға оралып отыр. Шындықтың шырақшысындай болған Шерхан ағамыз тоқсаныншы жылдың басында Түркияға барған сапарында «суверенитетті» егемен деп жазғанын көріп, осы терминді қолданысқа енгізіп жібереді. Осылайша, ертеден келе жатқан «еге», «ие» сөзінен тараған, мағынасы «өз билігін өзі иелену», «өз мемлекетіне өзі егелік ету», гегемония дегенді білдіретін «егемен» терминін әуелі декларация, кейін аға газет арқылы қазақ қауымы жылы қабылдады. Сөйтіп, қоғамға тез сіңіп кетті. Шер-ағаң 1991 жылы маусымда «Социалистік Қазақстан» атауын «Егеменді Қазақстан» деп өзгерткенін білеміз. Газет маңдайшасындағы «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген сөйлемді «Туыстық. Теңдік. Азаттыққа» алмастырды. Осылайша, егемен мен азаттық ұғымы синонимге айналды.
– «Республика күні» 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде атап өтілді. Алайда 2009 жылдан бастап «Республика күні» мемлекеттік тұрмақ, қатардағы атаулы күндер сапынан түсіп қалды. Қоғамға оның нақты себебі де айтылмады. Осы орайда мемлекет мерекеден неге бас тартты деген сауалға кеңінен жауап берсеңіз.
– Мұның нақты себебін білмеймін. Бәлкім, 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік күнінің бәсін биіктету үшін жасалған қадам болар. Өйткені біріншіден, 16 желтоқсан жаңа жылдың көлеңкесінде қалып келді. Желтоқсан басталысымен халық шыршасын орнатып, жаңа жылға дайындық басталады. Екіншіден, Желтоқсанда біздің жастарымыз қанға бөкті, ол жер тағзым алаңына айналды. «Бұл қуанатын күн емес. Аза тұтатын тағзым күні» деген әңгіме де сол кезде көбейіп бара жатты. Сондықтан бәлкім, 16 желтоқсан «Республика күнінің» тасасында қалу қаупі болғандықтан, екі мереке қосылған шығар.
– Ұлттық мереке 25 қазан күнін қайта қалпына келтірудің мемлекет үшін қандай қажеттілігі болды?
– Бұл тарихи әділеттіліктің қайта орнағанына биыл екінші жыл. Мемлекет басшысының Ұлытауда өткен алқалы жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару, оны елдің басты мерекесі ретінде атап өту туралы бастамасын жұрт қуана қабылдады. Ұлттық мерекенің статусы мемлекеттік мерекеден жоғары екенін білесіз. Екіншіден, қазан айы қамбаның асқа толып, көңілі жайланған ағайынның ел аралауға, қонаққа баруына ыңғайлы кезең. Желтоқсан айындай ызғарлы, суық та емес. Халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін мерекені жалпыұлттық деңгейде тойлауға қолайлы. Өзіңіз білесіз, Республикасы сөзі – «ортақ іс» дегенді білдіреді. Сондықтан бұл мерекенің азаматтық қоғамды, азаматтық сананы қалыптастыруда үлкен мәні бар. Қазір Мемлекет басшысы инклюзивті қоғам құру жөнінде үлкен бастамалар көтеріп жатыр. Олигархтардың мемлекетке активтерді қайтаруы, монополиямен күрес мәселелері өзекті болып отыр. Қазақстан баршаға тең мүмкіндік беретін мемлекетке айналып келеді. Республика ұғымы осы үрдісті жандандырады, мемлекетшілдік сананы сілкіндіреді, ортақ іске жұмылдырады деп ойлаймын.
Балабақшадан бастап, барлық оқу орындары, мекемелер осы күннің мән-маңызын айрықша насихаттайтын болса, бұл біздің жалпы мемлекетшілдікті, елдегі патриотизмді, отаншылдықты нығайтатын бірегей құндылыққа айналары анық. Менің ойымша, елімізде әрбір үй мемлекеттік туды іліп қою керек деп ойлаймын. 25 қазанда Президент Мемлекеттік ту көтереді. Содан кейін әр азамат өз үйінде ту көтерсе қандай керемет.
– Әлем елдерінің біразы республика күнін ерекше атап өтеді. Осы жолда біз ұлттық мерекені өз деңгейінде ұлықтау үшін не істеуіміз керек? Біздің ұлттық мерекені атап өтуде басқа елдерден қандай да бір айырмашылығымыз болуы керек пе?
– Қазақстандық қоғамдық даму институты былтыр бір зерттеу жариялады. Онда отбасылық дәстүрлер туралы сұраққа респонденттердің көбі отбасында жиі аталып өтілетін жақындарының туған күндерін тойлау деп жауап берген. Ұлттық және мемлекеттік мерекелер отбасы дәстүрін қалыптастыратын құндылық ретінде көп аталмайды. Мысалы, халық неге Жаңа жылды көбірек тойлайды? Өйткені отбасылық дәстүрге айналған. Жұртшылық оған алдын-ала дайындалады. Бір-бірін құттықтайды, сый-сияпат жасайды. Бірнеше күн демалады, жұмыстан сыйақы беріледі, халықтың көңіл күйі көтеріледі дегендей. Меніңше, біздің кәсіпкерлер де осы мәселе туралы ойлану керек сияқты. Республика күні қарсаңында әртүрлі дүкендерде, ірі сауда орталықтарында жәрмеңкелер ұйымдастырса, жеңілдіктер жасаса, онда азаматтардың бір-біріне сыйлық алуы да көбейер еді. Мұның барлығы адамдарды бір-бірімен жақындастырады, ерекше көңіл күй сыйлайды. Оның үстіне символдар, жаңа жылмен астасатын, түйсікке сіңген ұғымдар бар. Мысалға Жаңа жыл болса, «Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен!» фильмі бірден еске түседі. Сондықтан осы күнмен астасатын көркем фильмдердің болуы да маңызды.
Кавурдың: «Біз Италия деген мемлекетті құрдық. Біз енді Италия халқын қалыптастыруға тиіспіз» дегені бар. Тәуелсіздік алу бар, бірақ тәуелсіз сана қалыптастыру бөлек. Сана сауықпай, қоғам айықпай, ой отарсызданбай, тәуелсіздікті тұғырлы ету қиын. Қазір біз үлкен бір кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Сондықтан жалпы азаматтық қоғам нығаюы үшін осы Республика күніне үлкен мән беру керек. Әсіресе, деколонизация мәселесі, дербестік мәселесі, мемлекеттілік мәселесі маңызды. Біздің қоғам кеңестік мұрадан арылуы керек. Президент айтқандай, кеңестік кезеңнің шолақ белсенділерін ұлықтаудан, оларға ескерткіштер қоюдан бас тарту керек. Мәселен, өтірік тарих жазып, репрессияда қолы қанға малынған адамдардың аттарында көшелер бар. Біз бір жағынан Алаш арыстарын ұлықтасақ, екінші жағынан оларды қуғындағандарды да ұлықтап жатырмыз. Біреуі ауылдас, біреуі жерлес болғаны үшін. Бұл ретте тарихи әділеттілікті қалпына келтіру үшін музейлердің рөлі өте жоғары. Республика күнін тойлауды музейден бастауға болады. Бізге Республика музейі керек сияқты. Осындай музейді бірнеше елден, мәселен Будапешттен көрдім. Мұндай музей ашаршылық зардабы, репрессия, одан кейінгі тың игеру, совет адамын жасау кезеңдерін қамтып, осы процестердің қалай жүргенін, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қалай болғанын, Егемендік декларациясының қалай қабылданғанын қамтуы керек. Мысалы, Алматыдағы қазіргі Қазақ-Британ техникалық университетінің ғимаратында кезінде осы Егемендік декларациясы қабылданды. Ол ғимаратта Димаш Ахметұлы да отырды. Кеңестік кезеңде қаншама шешімдер осы жерде қабылданды. Сондықтан тарихтан тағылым алу үшін осы ғимаратқа біз көбірек барғанымыз абзал. Сонымен қатар осы тағылымды күні С.Зиманов, Ғ.Сапарғалиев, С.Сартаев сынды қайраткердің еңбектері бағаланып, егемендік декларациясының қабылдауға атсалысқан азаматтарды ұмытпау керек. Егемендік декларациясын қабылдаған Парламентте болған тұлғалар қазір арамызда бар. Солардың бәрімен кездесулер өткізсе, жастарға үлкен ғибратты әңгіме болар еді.
– Тәуелсіздік күні мен Республика күнін қарапайым халық әлі шатастырып жатады. Осы орайда екі атаулы мерекенің ерекшелігін сипаттап, жіктеп алсақ.
– Рас, осы екі мерекені шатастыратындар бар. 16 желтоқсан Тәуелсіздік алған, азат болған күн. Бұл – Кеңес Одағының құлауымен бірге 70 жылдық бодандықтан азат болу. Ал егемендік ұғымы кеңірек. Кейбіреулер оны суверенитет, аясы тар деп жатады. Олай емес. Екеуінің де орны айрықша. Мәселен, Республика күні – мемлекеттіліктің белгісі. Сондықтан Республика күні – жүздеген жыл бойы үзілмей жалғасып келе жатқан мемлекеттік дәстүрдің қайта салтанат құрған күні. Ғасырлардан бастау алатын мемлекетіміздің қайта жаңғырған күні. Тәуелсіздік күні – бодандық қамытын киген 70 жылда қолға тиген азаттықты білдірсе, Республика күнін атап өту арқылы сонау мыңжылдықтардан бастау алатын елдігімізді, мемлекеттігімізді, бостандық жолында бастарын бәйгеге тіккен бабалардың ақиқатқа айналған арманын ардақтаймыз. Ендеше, мұның мәні ерекше, тарихы айрықша. Республика күні мемлекеттік институттарды, биліктің тармақтарын айқындады, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізуді, сол арқылы жалпы дербестікті айқындап берген құжат. Оны Тәуелсіздіктің әкесі деп айтуға болатын шығар.
– Иммигранттар отанына айналған АҚШ – әртүрлі ұлттың басын қосқан мемлекет. Сондықтан америкалықтар Тәуелсіздік Декларациясы мен АҚШ Конституциясындағы ортақ құндылықтарға сүйеніп, мемлекеттілігін сонымен байланыстырады. Ал Қазақстан сияқты тарихи тамыры терең елдің негізгі құндылығы не болуы керек?
– Бізде ұлт құру мәселесі қайта-қайта көтеріліп жүр. Өзіңіз білесіз, Қазақстан 2010 жылы ұлттық доктрина қабылданғанда «Америкалық ұлт боламыз ба?» деп біраз шу болды. Шындап келгенде, ол доктринаның түбінде ұлт құрушы қазақ халқының жауапкершілігі туралы айтылған еді. Сіз айтқан Америкада заң үстемдігі, ортақ мәдениет, ортақ мүдде, ортақ отан – басты құндылықтар. Сол сияқты біздің еліміздің де құндылықтары бар. Біздің өзегіміз, құбылған заманда құбыладан жаңылдырмайтын – ұлттық құндылықтарымыз. Қазір дін төңірегінде, тіл төңірегінде талас көбейіп барады. Шын мәнінде біздің құндылықтарымыз ұлтты ұйыстырумен бірге, тұтас қоғамды да біріктіре түсуге тиіс. Ол – Мемлекет басшысы айтып өткендей, біздің азаматтарды біріктіре түсетін аспан түсті көк байрағымыз бен көк паспортымыз. Тарихы терең еліміздің азаматтарын сонымен қатар ортақ тарих біріктіреді, ортақ тағдыр біріктіреді. Сол сияқты бізді ортақ Отан, ортақ мүдде және ортақ мәдениет ұйыстырады. Әрине, мәдениеттің мәйегі тіл десек, біздің тарихымыз, әдебиетіміз, өнеріміз, салт-санамыз бен дәстүріміз тіліміз арқылы жасап келді. Сондықтан тағдырлы, қуатты, бай тіліміз де біздің басты құндылығымыздың бірегейі! Бұл орайда бір айта кетерлік жайт, ұлт ұпайын ұранмен түгендей алмаймыз. Көшелі мәселе көшеде шешілмейді. Өзіңіз білесіз, демографиялық өсіммен бірге қазақ тілін қолданушылар саны да артып келеді. Қазақ тілінің қолданыс аясы да кеңейіп келе жатыр, сұраныс та артты. Мәселен, «Оян, қазақ!» фильміне мектеп оқушыларының көптеп барып жатқаны нарықта қазақтілді фильмдерге деген ынта мен қызығушылықтың көбейгенін көрсетті. Ендеше тіл патрулі сияқты әсіре қадамға бару артық деп ойлаймын. Азаматтық қоғамда еліміздің барша азаматтарына, абайша айтқанда, бауырым деп қарау қажет.
Ұлттық құндылықтар туралы айтқанда әрине, Абайға тоқталмай өте алмаймыз. Абай айтқан еңбек, талап, терең ой, қанағат, рахым, мейірбандық сияқты ежелден келе жатқан ұлттық сипатымыз бен болмысымыз да бізді біріктіруші құндылықтар болуы тиіс. Ал ақын айтқан өсек, өтірік, мақтаншақ, бекер мал шашпақ сияқты ғадеттерден де аулақ болу қажеттігі әлі де күн тәртібінде. Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы үнемшілдік туралы айтқанын білесіз. Сол үнемшілдік, бекер мал шашпақтан ада болу, қанағат мәселесі қазір де өзекті. Мәселен, Абай өзінің әкесі, Алты Алашқа аты шыққан аға сұлтан Құнанбайдың асын өткізбеген, оған кететін шығынды есептеп, Семейде оқып жүрген балаларға стипендия есебінде берген екен. Сондықтан үнемшілдік деген – бір жағы прагматизм. Ғылым мен білімге ұмтылу да біздің ұлттың жаңа болмысы, ортақ құндылық ретінде орнығуға тиіс. Әсілі, мұның бәрі бұрыннан бар ұлттық қасиеттеріміз ғой. Әйтпесе, Фарабилер қайдан шығар еді. Тек тарихқа үңіліп, ұлттық кодымызды қайта жаңғырту қажет.
– Ұлтымыздың құндылығы дегенге тарихи санаға тоқталмай өте алмаймыз...
– Иә, ұлттық сана тарихи сана арқылы қалыптасады. Біздің қоғамды ортақ тағдыр да біріктіреді деп айттық. Қаншама ұлт, этностар Қазақстанға тағдырдың айдауымен келді. Қиын-қыстау заманда келіп, қамқорлық көрген олар бір-біріне бауыр басты, тамыр болды. Осы елдің қызығы мен қуанышын бірге бөлісті. Егемендік декларациясына бірге қуанды. Сондықтан тарихи санамен бірге жалпы азаматтық сана өте маңызды. Екіншіден, кез келген елді біріктіретін ол – мүдде, идея, арман. Мысалы, бізде Қазақ хандығының құрылуы туралы екі түрлі жорамал айтылып жүр. Біріншісі, Ақжол би мен Қобыланды ерегісіп қалып, содан араз болып кетіпті-мыс, екіншісі Керей мен Жәнібек Әбілхайыр ханға араз болып, содан бөлініп кетті деген пікірлерді білесіз. Бірақ тарихта біреуге біреу араз болғаннан мемлекет пайда болмайды. Көшкен ел ұзаққа бармайды, барса да іргелі мемлекетке айналмайды. Бұл жердегі үлкен мәселе Алтын Орда – Ұлық ұлыс ыдырап, халық дағдарып, ел айырылып, өткенді аңсап тұрған шақта Керей мен Жәнібектің жұртты барақат заманға бастайтын, дүркіреп өткен дәуренді қайта орнататын Жерұйықты, Жиделі-Байсынды іздеуінде жатқан сияқты. Олардың төңірегіне Асан Қайғы, Жиренше шешен, Қазтуған жырау сынды сол кезеңнің ақылмандары мен абыздары жиналып, көзден бұлбұл ұшып бара жатқан еңселі елдікті іздеді. Алып мемлекет ыдырап, әртүрлі хандықтарға бөлшектеніп, қалмаққа қарсы тойтарыс бере алмай, ел еңсесі түскен күрделі кезеңде бұл идея халықты топтастыра білді. Берекесі кетіп, қырық пышақ болған жұрт қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды аңсады. Міне, Керей мен Жәнібек хандар сол кезеңде қағандар алқабы Шуда дербес шаңырақ көтеріп, халық та оларға ерді. Сол арқылы бірнеше жылдың ішінде хандық миллион әскер шығаратын ірі мемлекетке айналды. Себебі жұрт сол идеяға сенді. Сол идеяның төңірегіне топтасты. Сол Жерұйықта мемлекет құруға тырысты. Ол Жерұйық, Жиделі-байсын – осы атамекеніміз. Аталарымыздың кіндік қаны тамған жер. Сондықтан біздің ортақ құндылығымыз – ол осы Отанымыз, қасиетті біртұтас жеріміз, тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыз, татулық пен тыныштық.
Өзіңді тану үшін – өзекті табу маңызды. Біз құндылықтарды өз тарихымыздан табамыз. Сондықтан қоғам да тарихқа көбірек бет бұратын сияқты. Алаш арыстарын зерттеу, тарихи тұлғалардың өмір жолын зерделеу, тамырды іздеу, ғасырлар салған белгіге үңілу, жоғалған құндылықтарды іздеу – соның белгісі. Ататүріктің «Тарыққан заманда, қысылған шақта, ел басына қиын жағдайға түскен кезде сен ештеңеден бас тартпа. Өйткені саған қажет құндылықтың бәрі ол сенің асыл қаныңда. Ол сенің тамырыңда бүлкілдеп жатыр» деген сөзі бар. Сондықтан ұлттық құндылықтарға үңілу, ұлттық кодқа үңілу, ұлттық тарихқа үңілу бұл біздің санамыздың сауығуына, жадымыздың жаңғыруына оң әсерін тигізетіні анық.
– Ата-бабамыз азаттық жолында барын беруге дайын болды. Қазір де Тәуелсіздікті сақтаудан артық міндет жоқ. Санымыз Токио, Мумбай сынды қалалардың ар жақ, бер жағында ғана. Осындай жағдайда қоғамның ішкі бірлігін сақтау қаншалықты маңызды?
– Бұйырса, халқымыздың саны 20 миллионға жетіп қалды. Бір кездері Ахаңдар: «Әлхәмдулиллә, 6 миллион халықпыз» деп жар салған екен. Бірақ одан халықтың жартысы қырылып қалды. Алағай да бұлағай заман өтті. Тәуба, егемендік арқылы елдікке қол жеткіздік. Дербестігімізді бекемдейтін демографиялық ахуалымыз да жақсы. Сондықтан ел бірлігі мен ынтымағы – біздің басты құндылығымыз. «Ырыс – ынтымағы жарасқан елге барады» дейді. Сондықтан ырысты елге айналу біздің осы ынтымағы жарасқан қалпымыздан өтері анық. Тағы да тарлан тарихқа үңілсек, бабаларымыз бар болу үшін бір болуға, бірігуге ұмтылды. Ұлытауда анттасып, тасқа таңбасын басып бір ел боламыз деп серт берді. Біздің тарихымыз осы бірігуден, кірігуден тұрады. Әр кезеңде, әр қилы заманда, осы Ұлы далаға келген әртүрлі тайпалардың бәрі бірігіп отырған. Сол арқылы үлкен мемлекеттер құрылды. Үлкен мемлекетке айналу әртүрлі этностардың, әртүрлі этникалық топтардың бірігу процестерінен тұратыны белгілі. Қазақстан қазір әртүрлі этностарға ортақ шаңырақ. Сондықтан елдің бірлігі – ең басты байлығымыз.
– Биыл тәуелсіздік құрдастары отыз екі жасқа толды. Еркін елде туып-өскен жастардың көзқарасы да, өмір салты да өзгеше. Оларға ата-бабамыздың талай нәубетті бастан кешкенін, азаттық жолында ғасырлар бойы арпалысқанын түсіндіре алдық па?
– Қаңтар оқиғасынан кейін «Буырқанған бұла буын» деген мақала жазған едім. Біздің жастар ерекше, басқаша ойлайды, басқаша сұрақ қояды, бағынбайды. Тіпті оғаш әрекеттер жасауы да мүмкін. Олардың ойлауы, түсінігі басқа. Ерекше болғаны үшін, біз секілді болмағаны үшін оларды айыптамау керек. Біз оларды бетінен қақпай, белін бууымыз керек. Айыптамай, арқадан қағуымыз қажет. Шынында өткенге көз салып қарасақ, ел басына күн туған, дәуір алмасқан әр кезеңде бір пассионар ұрпақ келеді екен. ХХ ғасырдың басында осындай пассионар ұрпақ келді. Олар – Алаштың қайраткерлері, жиырмадан жаңа асқан Сұлтанмахмұттар еді. «Мен жастарға сенемін!» деген Мағжан немесе Мұхтарлардың өзі сол кезде жалындаған жас жігіттер еді. Олар әлемдік классиктермен иық тіресті. Жас Мұстафалар, Тұрарлар халықтың ауыр жүгін мойнына алды. Иә, олардың барлығының қанаты қырқылды, айдалды, атылды. Бір буын тұтастай қыршын кетіп қалды. 50-жылдардан кейін жалпы әлемде музыка, ғылым, ғарыш салаларына үлкен серпіліс әкелген тұлғалар болды. Мұхтар Әуезов «жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деп батасын берген тұлғалар қазақ даласына үлкен серпіліс әкелді. Әрине, олардың бұлқынып шығуына Кеңес үкіметі мүмкіндік берген жоқ.
Қалыптасып келе жатқан жастарды 1986 жылғы Желтоқсан басып тастады. Тәуелсіздік алған жылдары нарық заңы да талай жастың белін бүкті. Тұрмыс тұрақты ғылыммен айналысуға, білім алуға мүмкіндік берген жоқ, мықты мамандар ала қап арқалап кетті. Уақыт өте келе егемен елмен бірге есейген, еңсесін тіктеген, ес жинап, етегін жапқан жастар оқып, жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Осылайша, барлық саладағы жастарға жол ашылып, өздерін көрсетуге мүмкіндік берілді. Жалпы, азаматтық қоғам біздің жастарымызға жаңа мүмкіндік ашады деп ойлаймын. Жастарға жасалып жатқан жағдай да көңіл қуантады. Жастар туралы жаңа заң шықты. Соған орай көптеген жаңа мүмкіндік туды. Мемлекетке қызмет етемін деген жастарға квоталар бөлініп, Мәжіліс пен Сенатта, жергілікті мәслихаттарда жастар көптеп келе жатыр. Бұл Мемлекет басшысының жастарға деген үлкен қамқорлығы деп білемін.
Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ