Жаңалықтар

«Ел жүрегі – Елорда» шығармалар байқауының жеңімпаздары марапатталды

7-11 сынып оқушылары арасында өткен қалалық байқау алдағы Республика күні мерекесі мен Астананың 25 жылдық мерейтойына орайластырылған.

Бүгін Астана төрінде бір айға созылған елордалық мектеп оқушылары арасындағы «Ел жүрегі – Елорда» шығармалар байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды turkystan.kz Elorda.info-ға сілтеме жасап.

Мектеп қабырғасындағы 7-11 сынып оқушылары арасында өткен қалалық байқау алдағы Республика күні мерекесі мен Астананың 25 жылдық мерейтойына орай Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы және қалалық Білім басқармасымен бірлесе жүзеге асты.    

Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов аталған байқаудың мазмұнына тоқтала келе, ертеңгі жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге негіздеуде осындай жобалардың орны ерекше екеніне тоқталды.

Бүгінгі шараның маңызы өте зор. Бір кезде менің де кішкентай армандарым болған. Адам бала кездегі армандарын арқау етіп, тынбай еткен еңбек пен таудай талаптың арқасында жетістіктерге жетуге болады. Бүгінгі байқауға қатысып, бақ сынаған барлық оқушылардың болашақта арман мақсаттарына жетуіне тілектеспін! Жеңген оқушыларға жеңіс құтты болсын дей келе, жүлдегер қатарына ілінбей қалған үміткерлерге жасымаңыздар, келесі жолы міндетті түрде жеңесіздер дегім келеді, - деді Н.Әлмұханов. 

Жалпы, жазуға жаны құштар балалардың еңбектерін бағалау мақсатында өткізілген қалалық байқауға бас-аяғы 200-ден астам шығарма түсті. Бұл туралы байқаудың мақсаты туралы жан-жақты баяндаған «Елорда Ақпарат» медиасеріктестігінің директоры Олжас Сыдықбек айтып өтті.

Шығармаларды сараптау үшін құрылған комиссия қоржынына 230-ға жуық шығарма келіп түсті. Ішінен шын мықтыны тану өте қиын болды. Біз барынша әділ шешім шығаруға тырыстық. Комииссия мүшелері үшін шығарма авторлары туралы деректер жасырын болды. Тек номерлер арқылы ғана дауыс беру әдісімен жеңімпаздар анықталды. Нәтижесінде бүгін өздеріңіз көріп отырғандай, 200-ден аса шығармалар ішінен 10 оқушының шығармасы жүлдегерлер қатарына енді. Айта кетейік, жеңімпаздарды анықтау кезінде бір мектептен 4 бірдей жүлдегер шығып отырған жағдай да кездесіп отыр. Біз барынша шынайы, мазмұнды шығармаларды жүлдегер деп таныдық, - деді Олжас Сыдықбек. 

Ұйымдастыру алқасы бекіткен қазылар шешімімен төмендегі 10 оқушының шығармалары жүлдегерлер қатарынан көрінді: 

Ынталандыру жүлдесіне лайық деп С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Ақерке Казимова мен Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Дінмұхаммед Айтжан, Қаныш Сәтпаев атындағы Binom school мектебінің 6-сынып оқушысы Мақсат Қуаныш танылды. Жүлде иегерлеріне заманауи құлаққап табыс етілді. 

Байқау шартына сәйкес, үшінші орынға төмендегі үш автордың шығармасы таңдалынып алынды. 

Жұмабек Тәшенев атындағы №10 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Аружан Жандосова, №30 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Хусейнмухаммедали Чалышкан, Ә.Бөкейханов атындағы BINOM мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Айкерім Ерланға смарт-қол сағаты берілді. 

Екінші орынға Қаныш Сәтбаев атындағы Binom School мектебінің 7-сынып оқушысы Кәусар Жазыбай мен Ақшан Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Жігер Берікқалиевтің еңбектері лайық болды. Жеңімпаздарға ұялы смартфон телефондары табысталды. 

Сонымен қатар, бірінші орынға М.Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Әмина Уәлиханның шығармасы лайық деп танылды. Оған планшет табысталды. 

Республика күні мерекесі қарсаңында, Астана қаласының 25 жылдық мерейтойына орай алғаш рет өткізіліп отырған «Ел жүрегі – Елорда» шығармалар байқауының Бас жүлдесі, Бурабайдағы «Балдәурен» демалыс лагеріне жолдама Қаныш Сәтбаев атындағы Binom School мектебінің 8-сынып оқушысы Кәусар Шалқарға табысталды. 

Айта кетейік, жас ұрпақтың бойындағы шығармашылық қабілетін ашып, бағыт-бағдар беруді мақсат тұтқан айтулы жобаға, белгілі меценат, кәсіпкер Исламбек Салжанов басқаратын Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры Бас демеушілік етті.