Жаңалықтар

Ақтөбеде жас жігіттен есірткі салынған 100 түйіншек табылды

polisia.kz

Табылған заттың қара нарықтағы бағасы – 2,7 млн теңге

Ақтөбеде жас жігіттен мефедрон салынған 100 түйіншек табылды, деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

14 қазанда Ақтөбе облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мақсатты жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында Ақтөбе қаласы 312-атқыштар дивизиясы даңғылында 26 жастағы екі азаматты тоқтатты.

Санкцияланбаған жеке тінту барысында олардың бірінің қолсөмкесінің ішінен жасыл түсті ұнтақ зат салынған 100 дана көлеміндегі түйіншек табылып, тәркіленді.

«Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген зат аса ірі көлемдегі мефедрон синтетикалық психотроптық заты екені анықталды. Табылған заттың қара нарықтағы бағасы – 2,7 млн теңге», – делінген хабарламада.

 Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) қылмыстық іс қозғалды.