«Менің басты миссиям – адам құтқару» – Әділхан Балтабай
Ол құтқарушының ең басты міндеті – адамдардың өмірін сақтап қалу екенін айтты.
Жыл сайын 19 қазан күні жыл сайын елімізде Құтқарушылар күні атап өтіледі. Біле білген адамға, ең қауіпті деген мамандықтардың бірі – құтқарушы қызметі.
«Республикалық жедел-құтқару жасағының» бас құтқарушысы Әділхан Балтабай Turkystan.kz тілшісімен сұхбаттасты.
Ол құтқарушының ең басты міндеті – адамдардың өмірін сақтап қалу екенін айтты.
«Бұл жоғары және жауапты миссия», – деді Әділхан Балтабай.
Маркетолог мамандығын меңгерген жас жігіт 2016 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келеді. Бір жылдан соң «Республикалық жедел-құтқару жасағына» жұмысқа орналасады. Осы жерде еңбек етіп жүріп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 45 адамнан құралған іздестіру-құтқару тобымен бірге Ауғанстандағы жер сілкінісінен зардап шеккен жандарға көмек көрсетуге аттанады.
Осы турасында Әділхан Балтабай: «Президенттің тапсырмасымен 10 қазанда Ауғанстанға ұштық. Сол жерде 5 күн жұмыс істедік», – деді.
Ол Ауғанстан мен Түркиядағы жер сілкінісін салыстыруға келмейтінін айтты.
«Түріктер көпқабатты үйлердің құрылысына бетон қолданған. Ал Ауғанстандағы үйлер балшық, ағаш және полиэтиленнен салынған. Үйдің қабырғасы сазбен сыланып, төбесі ағашпен, полиэтиленмен жабылған. Жер сілкінісіне қатысты «үшбұрышты өмір» деген тіркес бар. Мысалы Түркияда ғимарат қирағанда, жоғары қабат төменгі қабаттағы үйдің ішіндегі жиһаздың үстіне құлаған. Нәтижесінде бос кеңістік қалыптасқан. Мұндай жағдайда адамдар 7-10 күнге дейін аман қалып, көмек күте алады. Сондықтан бұл елде зілзаладан кейін 198 сағат өткеннен кейін де адамдар аман табылып жатты», – деді Ә. Балтабай.
Оның сөзінше, Ауғанстанда жағдай басқаша болған.
«Жер сілкінісі кезінде саздан көтерілген үйлер бір сәтте үгіліп түседі. Үйінді астанда қалған адамдардың тірі қалуы екіталай. Өкініштісі, Ауғанстанда адамдар тірідей көмілді. Қазақстандық құтқарушылар Ауғанстанда 83 жергілікті тұрғынға медициналық көмек көрсетіп, Наиброфи елдімекенінде қираған 700 үйдің аумағын тексерді. Үйіндінің астынан қайтыс болған бір баланың денесін тауып, алып шықты», – деді бас құтқарушы.
Ә. Балтабайдың баяндауынша, Қазақстанның құтқарушылары Ауғанстанға жеткен күні, 11 қазанда 6 баллдық жер сілкінісі болған.
«Құтқарушылар құрамында 2 дәрігер болды. Олар зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетті. Ал құтқарушылар үйінділерді күрекпен қазды. Топырақтың астында қалып, қайтыс болған баланы туысқан ағасы көрсеткен жерді қазып, тауып алдық», – деп күрсінді құтқарушы.
Құтқарушылар өзгенің өмірін сақтау үшін өзінің жанын шүберекке түйеді. Алайда олар мұны ерлік санамайды. Мақтан да тұтпайды. Себебі мұны ең басты міндет деп біледі.
«Адам құтқару жаныма рахат сыйлайды. Өйткені бір адамның тағдырының соңында ата-анасы, әке-шешесі, ұл-қыздары тұрады», – деді Ә. Балтабай.
«Республикалық жедел-құтқару жасағының» бас құтқарушысы сұхбат барысында өмірлік ұстанымын жариялады.
«Менің басты миссиям – адам құтқару», – деді ол.