Жаңалықтар

Елордада өрт сөндіруші Асқар Забикулинге арналған ескерткіш ашылды

Бұл ескерткіш – Асқардың өжеттігінің, жанқиярлығы мен адалдығының белгісі.

Елордада № 6 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында ерлікпен қаза тапқан елордалық өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің құрметіне ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлады turkystan.kz.

Іс-шараға Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, елорда әкімі Жеңіс Қасымбек, гарнизон басшылығы мен жеке құрамы, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, Асқардың туыстары мен жақындары қатысты.

Ескерткіш тақтадан ақ жамылғыны алып тастағаннан кейін, жиналғандар мемориалға гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Биіктігі үш метр болатын ескерткіште Аскардың бюсті қоладан, ал төменгі бөлігі мәрмәрдан жасалған. Өрт сөндіру бөлімінің аумағында ағаштар отырғызылған, ескерткіштің айналасында орналасқан гүлдер мен бұталар бар.

Елордалық Өрт сөндіруші Асқар Забикулин 2022 жылғы 20 қарашада тұрғын үй кешеніндегі өртті сөндіру барысында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапты. Онда ержүрек, батыр әрекеттерімен өз өмірін қатерге тігіп, үш адамның өмірін сақтап қалды. Президенттің Жарлығымен Асқар қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасымен марапатталды.